Президент • 13 Сәуір, 2024

Президент: Қазақстан БҰҰ-да өзінің принципті адалдығын үнемі сақтайды

90 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Арменпресс» ақпарат агенттігіне сұхбат берді. Әңгіме барысында Мемлекет басшысына «Әлемнің әр бөлігінде жоғары, кейде қайғылы, турбуленттік байқалатын қазіргі жағдайда халықаралық қатынастарда аумақтық тұтастық, шекаралар мен егемендіктің мызғымастығы қағидаттарын ұстану, сондай-ақ алынған міндеттемелер мен қол жеткізілген уағдаластықтардың сақталуын қамтамасыз ету қаншалықты маңызды?» деген сұрақ қойылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент: Қазақстан БҰҰ-да өзінің принципті адалдығын үнемі сақтайды

Президент қазіргі заманғы халықаралық құқық бетпе-бет келетін проблемалар туралы өз ұстанымын бірнеше рет айтқанын тілге тиек ете келе, Қазақстан БҰҰ Жарғысында көрініс тапқан халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарына өзінің принципті адалдығын үнемі сақтайтынын, бұл тұрғыда БҰҰ-ның халықаралық істердегі және бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы орталық рөлі Қазақстан үшін баламасыз күйінде қалып отырғанын атап өтті.

«Жаһандық қауіпсіздіктің қазіргі заманғы архитектурасы теңдессіз сын-қатерлерге тап болып отыр. Өсіп келе жатқан бұғаттылық, геосаяси фрагменттеу және халықаралық құқық қағидаттарының бұзылуы халықаралық институттардың рөлі мен беделіне нұқсан келтіре отырып, сенімсіздік дағдарысын күшейтеді. Негізгі көпжақты келісімдерді сақтамау, тоқтата тұру және одан шығу практикасы аса алаңдаушылық туғызады, өйткені ол қайтымсыз салдарларға әкеп соғуы мүмкін. Әр адам бейбітшілікке қол жеткізу жолын өз бетінше қабылдағанда және басқалардың мүддесіне қарамай, өз бейбітшілік үлгісін алға жылжытқанда, бұл шиеленіс көзіне айналады», деді Қ.Тоқаев. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, осыған байланысты кез келген қайшылықтарды, оның ішінде мемлекеттердің аумақтық тұтастығына қатысты қайшылықтарды  БҰҰ Жарғысының нормалары мен қағидаттарына сәйкес саяси-дипломатиялық диалог арқылы ғана шешу қажет. БҰҰ шеңберінде бекітілген құндылықтар жүйесі әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бағдар болып қалуға тиіс.

«Қазақстан халықаралық істерде әділеттілікке, бейбітшілікке, ынтымақтастыққа және мемлекеттердің тең құқықтылығына негізделген шешімдерге деген ортақ ұмтылысын бөліседі. Осы тұрғыда біз «Әділ бейбітшілік пен келісім үшін әлемдік бірлік туралы» бастаманы ілгерілетіп келеміз және барлық серіктестеріміздің қолдауына сенеміз.Қазіргі кезеңде тек қана мемлекеттердің ұжымдық күш-жігері, дана, жоғары кәсіби дипломатия әлемдегі ұзақ мерзімді тұрақтылыққа және жалпыға ортақ прогреске, БҰҰ Жарғысы негізінде халықаралық қатынастардың әділ жүйесін құруға алып келетініне сенімдімін», деді ҚР Президенті.