Фото: Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штаб
Қазіргі уақытта Атырау қаласының маңында орналасқан, Жайық өзені мен Каспий теңізі арасындағы маңызды артерия – Соколок каналын тереңдету және кеңейту жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр, оның ұзындығы – 24 шақырым. Арна кеңейтіліп, қалған топырақ бөгеттерді нығайтуға қолданылады. Сондай-ақ, аталған канал жанынан қосымша канал салынып жатыр. Соколок каналынан су тасып кеткен болса, екінші канал резервтік гидротехникалық құрылыс қызметін атқарады. Қазір 12 шақырымы аяқталды.
Атырау қаласы бойынша ғана жағалауды нығайту бөгеттерін салуға 1 мыңға жуық арнайы техника, 3,2 мың түрлі мекемелердің қызметкері және 3,5 мыңнан астам ерікті жұмылдырылды.
Жергілікті төрт компанияның күшімен Қараөзек каналының жағалауын бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ұзындығы 35 шақырымнан астам – Атырау-Орал тас жолынан Еркінқала ауылдық округіне дейін. Бұл канал Жайықтың бір саласы болғандықтан өзен үшін ерекше маңызды. Мұнда бөгеттерді нығайту (қосымша 1,5-2 метрге көтеріледі), арнаны, көпір өткелдері мен шлюздерді тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, соңғы жылдары шаруа қожалықтарының қожайындары канал арқылы құбырлар мен топырақтан өткелдер жүргізген, олар қазір судың өтуін жақсарту мақсатында ашылып жатыр.
Қараөзек каналының жағалауын бекіту жұмыстарына төрт компаниядан 350 адам, 50-80 жергілікті тұрғын мен еріктілер, сондай-ақ 70-тен астам арнайы техника жұмылдырылған. Осы тұста айта кетсек, жоспарланған жұмыстар аяқталғаннан кейін аталған компаниялар мол судың келуі кезінде бақылауды жалғастырады. Ал қажет болған жағдайда қиын аймақтарға тартылады.
Жалпы, қала іргелес ауылдық округтерімен бірге 107 учаскеге бөлініп, әрқайсысына жауапты тұлға бекітіліп, атқарылған жұмыстар туралы ақпарат күн сайын жаңартылып отыр. Су тасқынына дайындық жұмыстарына Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің Ұлттық Ұлан бөлімшелері жұмылдырылды, басқа өңірлерден техникалар келіп жатыр, өңірдегі ірі мұнай компанияларының күштері мен құралдары да жұмылдырылды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жергілікті кәсіпкерлік субъектілері белсенді атсалысып жатыр.