Ресейдің Орынбор өңірін жапқан топан су күн өткен сайын Қазақстанға жақындап келеді. Сәуірдің 13-і күні Орынбор қаласында Жайық суының деңгейі 1185 см болып, бұрын-соңды болмаған көлемге жетті. Тек 14 сәуірде ғана бұл жерде су деңгейі сәл қайта бастаған. Ал Жайық өзеніндегі Орал гидрологиялық бекетінде су деңгейі 14сәуір күні таңертең 755 см-ге дейін көтерілді, қауіпті деңгей 850 см.
Еліміздің вице-премьері, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штаб жетекшісінің орынбасары Қанат Бозымбаев 13 сәуір күні Орал мен Жайық өзені арнасының РФ шекарасына дейінгі аралығын тікұшақпен қарап шыққан болатын.
Ресей Федерациясынан келетін су 17 сәуірде Январцево ауылының су қоймасы арқылы өтеді дейді мамандар. Сол сәттен бастап Жайық өзенінде су тасқынының шарықтау шегі басталады деп күтіледі. 20-21 сәуірде Оралға су келеді деп болжануда. Осыған байланысты, Қанат Бозымбаев су тасқынына дайындалу үшін Батыс Қазақстан облысына қосымша 750 техника тартуды тапсырды. Оның 100-і Жайық өзенінің жоғары ағысы бойынша елді мекендер үшін, 500-і Орал үшін және 150-і өзеннің төмен ағысы үшін. Бұдан басқа, елді мекендердің айналасындағы бөгеттер мен бөгет құрылыстарын нығайтуды тапсырды.
Қазір құтқару жұмыстарына 6533 адам жұмылдырылған. 915 техника, 21 су айдау құралы, 32 жүзу құралы, 5 әуе кемесі осы қызметте жүр.
Қазір Орал қаласында жағалауды нығайту жұмысы үздіксіз жүріп жатыр. Бірқатар тұста бұл жұмыс аяқталып қалды. Қала бойынша жалпы ұзындығы 14,1 шақырым жерде суға қарсы тосқауыл дайындалған. Бөгеттерді биіктету, құм салынған қапшықтармен нығайту үшін күн сайын 200-ден астам техника және 1000-ға жуық адам жұмылады. Жергілікті атқарушы орган, төтенше жағдай қызметі, коммуналдық мекемелер мен әскери бөлімдердің қызметкерлері, өзге өңірлерден келген төтеншеліктер, қаладағы волонтерлар мен белсенді тұрғындар су тасқынына дайындық жұмысына күні-түні бір кісідей атсалысып жатыр.
Әрине, тасқыннан зардап шеккен халық болашағына алаңдап отыр. Осыған байланысты облыстық прокуратура жүйелі түрде ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізіп, халыққа көмек көрсетіп жатыр. Су тасқыны салдарынан мүлкі бүлінген адамдар мемлекет көмегін ала алады. Қазірдің өзінде 600-ден астам азаматқа 126 миллион теңгеден астам біржолғы материалдық көмек төленген.
Қазір өңірде үйлерін су басқан және қауіп төнген тұрғындар үшін 20 эвакуациялық бекет жұмыс істеп тұр. Әрине, мектепте, спорт залдарында және басқа да тұруға арналмаған үй-жайда адамдар үшін қолайлы жағдай жасау қиын. Сондықтан бұл тұрғындар біртіндеп әртүрлі жатақханаларға ауыстырылып жатыр.
Өңірде табиғат апатынан зардап шеккен халыққа қолдау білдіріп, көмектесу үшін лауазымды тұлғалар, танымал қоғам және өнер қайраткерлері, Парламент депутаттары келіп жатыр. Екі күн бұрын Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Орал қаласына арнайы келіп, халықпен жүздесті. Орталық мешітте жұма намазына қатысып, соңынан ірі мал сойып, садақа берді.
Сәуірдің 13-інде жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да Орал қаласында бірнеше нысанға барды. Соның ішінде «Батыс су арнасы» ЖШС-ның су тазалайтын зертханасы, жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бактериологиялық зертханасы бар. Қос зертхана мамандарының айтуынша, тасқын су басу кезеңінде өңірде ауыз судың сапасы талапқа сай. Министр құзырлы мекеме басшыларына ауыз су сапасын ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Өңірде «Қазсушар» мекемесіне қарасты су қоймаларына су жинау жұмысы да қарқынды жүріп жатыр. Соңғы мәлімет бойынша, қоймаларда 391,92 млн текше метр су жиналған, су қоймаларының орташа толуы - 77,3%.
Облыстық филиал Ресей Федерациясының Орынбор және Саратов облыстарының су шаруашылығы қызметтерімен күнделікті ақпарат алмасып отыр. Саратов облысындағы Приузен су қоймасынан Қараөзен мен Сарыөзенге бүгінге дейін 434,56 млн текше метрден астам тасқын су құйылған. Бұл көлтабандарға, табиғи шабындықтарға, сондай-ақ су қоймалары мен көлдерді толтыруға бағытталып жатыр.
Қазір Шаған су қоймасында су деңгейі толық, 29,70 метр болып тұр. Шаған және Деркөл өзендері бойындағы гидробекеттерде су деңгейі төмендегені байқалады.
Орынбор облысында орналасқан Иреклі су қоймасынан Жайық өзеніне су 13 сәуір күні секундына 447 текшеметр су жіберіліп жатыр. Бұл осыдан бірнеше күн бұрынғы мөлшерден әжептәуір төмен.
Жайық өзені деңгейі әзірге тәулігіне 10-12 см өсіпкеледі. Жалпы су тасқыны басталғалы өзен деңгейі Орал қаласы тұсында 6 метрге көтерілді.
Төтенше жағдай департаментінен келген соңғы мәліметке қарағанда, Батыс Қазақстан облысында әлі де 9 елдімекен орталықпен қатынаса алмай отыр. Олар Қаратөбе ауданындағы Қосбаз, Аққозы, Қоржын, Ақтайсай, Бесоба, Алакөл, Сәуле, Қарақамыс ауылдары, Шыңғырлау ауданындағы Ақтау ауылы.
Өңірде 1905 саяжайды су басты.
Осы кезге дейін 13 193 адам эвакуацияланды, оның ішінде 5 522 бала, 19 мүмкіндігі шектеулі адам бар. Эвакуациялық бекеттерде 1 733 адам орналасқан, оның – 780-і бала. 11 460 адам туыстарында тұрып жатыр.
Су басқан жерлерден 4886 үй жануары қауіпсіз жерге айдалған.
Қазір өңірде апаттан құтқару жұмысына 5 553 адам жүр. Олардың арасында Төтенше жағдайлар министрлігінен – 626, Ішкі істер министрлігінен – 45, Ұлттық ұланнан – 836, Қорғаныс министрлігінен – 568, жергілікті атқарушы органдардан – 2738 адам бар. Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынымен күреске еліміздің 6 өңірінен қосымша күш пен құрал келген.