Төтенше жағдай • 14 Сәуір, 2024

Су тасқыны: елімізде 4870 үй су астында қалды

165 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Су тасқыны басталғалы 107 465 адам, оның ішінде 38 627 бала қауіпсіз жерлерге жеткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Су тасқыны: елімізде 4870 үй су астында қалды

ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаштың айтуынша, 11 786 адам үйлеріне оралды. Уақытша орналасу пунктеріне 7 598 адам, оның ішінде 3 288 бала орналасқан.

«Бүгінгі таңда авариялық-құтқару жұмыстарында 32 484 адам, 3 709 техника, 14 әуе кемесі жұмылдырылды. 9,4 млн текше метрден астам еріген қар суы сорып шығарылды, 2 млн қапшық пен 1,2 млн тоннадан астам инертті материал төселді», - деді спикер Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингіде.

Қазіргі уақытта Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 4 870 жеке тұрғын үй, 1517 аула аумағы және 2 035 саяжай үйлері су астында қалған.

«Жедел желі» телефондарына 1 667 қоңырау келіп түсті, 123 шұғыл психологиялық көмек көрсетілді.

Еліміздің 8 өңірінде: Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы 36 ТЖ режимі күшінде.