Аймақтар • 15 Сәуір, 2024

Кен орнындағы онлайн сабақ

121 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысының Жылыой ауданынан эвакуацияланған 7 445 адам «Теңіз» кен орнындағы жатақханаларда тұрып жатыр. Оның ішінде 3 мыңнан аса бала бар. Балалардың көпшілігі – мектеп оқушылары.

Кен орнындағы онлайн сабақ

«Теңізшевройл» және мердігер компаниялар жылыойлық тұрғындарға қолайлы жағдай жасады. Ал оқушыларды қашықтан оқытуды жалғастыру үшін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіп отыр.

Құлсары қаласының тұрғыны Назым Қалдыбекова 6 сәуірде балаларымен бірге «Теңізге» эвакуацияланған. Сол кезде балаларының сабағына алаңдағанын жасырмайды.

«Қазір бұл мәселе реттелді. Енді балаларым таңғы астан кейін сабақ оқуға кіріседі. Жылдамдығы жоғары интернет бар. Балалар оқу бағдарламасын толық меңгеру үшін кез келген сайтты пайдалана алады», дейді Н.Қалдыбекова.

Көпбалалы ананың бірі Қырмызы Жұмағали кен орнындағы жатақханаға 7 сәуірде келген. Бес баласының үшеуі онлайн білім алуға кірісті.

«Балалардың онлайн дәріс алуына барлық жағдай жасалып отыр. Сабаққа қажетті кеңсе тауарларымен қамтамасыз етілді. Үстелдер балалардың сабақ оқуына ыңғайлы етіп жабдықталған. Бұл – балаларға қиын жағдайларға қарамастан оқуын жалғастыруына мүмкіндік беретін маңызды қадам», дейді Қ.Жұмағали.

Ал 6-сынып оқушысы Кәусар Қыдырғали Құлсары қаласындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектепте оқыған. Қазір кен орнына келгендіктен, сыныптастарын сағынып жүр екен.

«Сабақты онлайн оқысақ та өзімді мектептегідей сезінемін. Кен орны ұнады. Асханадағы тағамдар да дәмді екен. Достарымыздың кейбірімен кездесіп, серуендеуге уақыт тауып жүрміз», дейді Кәусар.

Кен орнында мердігер кәсіпорындар аз емес. Соның бірі – «Аspar Kashagan» ЖШС. Бұл серіктестіктің жатақханаларына үлкендермен бірге 200-ден аса бала орналасқан. Олардың арасында мектеп жасындағы оқушылар көп.

«Біз оқушылардың кедергісіз білім алуына қажетті жағдайды жасап, барлық қолдауды көрсете береміз. Мектеп жасына жетпеген балалар үшін еріктілердің көмегімен ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыруды қолға алдық. Балалар қауіпсіздік пен жайлылықты сезініп, алаңсыз ойнайды. Олардың серуендеуіне де мүмкіндік бар», деді серіктестіктің өндірістік мәселелер жөніндегі менеджері Салтанат Сүлейменова.

 

Атырау облысы