Фото: tolqyn.kz
Төтенше жағдай жарияланған өңірлерде дәрігерлер тыным таппай, тәулік бойы жұмыс істейді. Медицина қызметкерлері ауыл-аймақтағы жүкті әйелдерді эвакуациялап, босану мерзімі таяғандарды ауруханаға жедел жеткізуге тырысады. Нақ қазір су астында қалған аймақтарда 3 мың дәрігер мен 300 жедел жәрдем бригадасы тұрғындарға медициналық көмек көрсетеді. Санитарлық-гигиеналық және эпидемияға қарсы іс-шараларға 900-ге жуық арнайы маман тартылған. Төтенше жағдай жарияланған өңірде тұрғындардың денсаулығын қадағалап, дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету жайы – назарда. Әсіресе ақ желеңділер жүкті әйелдердің, балалар мен қарттардың жағдайына жіті назар аударады.
Денсаулық сақтау министрлігі төтенше жағдай режімі жарияланған өңірлерде ауызсумен жабдықтау сапасын да бақылайды. Эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар аясында Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері сумен жабдықтау көздерінің нысандарын ұдайы тексеріп отырады. Қазірдің өзінде судың санитарлық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштеріне қатысты 4 мыңнан аса сынама алынып, зерттеліп, оның ішінде гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтін 133 сынама анықталыпты. Денсаулық сақтау министрлігі осындай іс-шаралардың көмегімен су тасқыны кезінде эпидемиялық жағдайды мейлінше бақылауға тырысады. Мысалы, қазір елде су тасқынына тән инфекциялар бойынша жағдай тұрақты. Жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары ауызсумен қамтуға көп көңіл бөле бастаған. Судың сапасы мен қауіпсіздігін сынайтын зертханалық бақылау нәтижелеріне зер салсақ, жұқпалы аурулардың су арқылы таралу қаупі байқалмайды екен. Су тасқыны кезінде профилактикалық, эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізіп, су басқан учаскелерде аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу бойынша көмек көрсету үшін өңірлерге Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары жіберілген.
Кейінгі апталарда әлеуметтік желіде су басқан аумақтарда инфекциялық аурулардың өршу қаупі туралы хабарламалар тарай бастады. Денсаулық сақтау министрлігі осы сипаттағы шындыққа жанаспайтын, жалған ақпаратқа сенбеуге шақырады.
«Су тасқынына байланысты санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің (СЭС) жұмысы күшейтілген режімге ауыстырылды. Инфекциялық сырқаттанушылық бойынша эпидемиялық жағдай тұрақты, су тасқыны кезеңіне тән нозологиялар бойынша инфекциялық сырқаттанушылықты тіркеу көрсеткіші өткен жылдардың орташа республикалық көрсеткішінен (2022-2023 жылдар) аспайды. Барлық объектіде инфекциялық аурулардың профилактикасы мақсатында СЭС органдары ауызсумен жабдықтауды бақылауды күшейтті. Эпидемиялық жағдай туралы сенімді ақпарат алу үшін ресми дереккөздерге, Денсаулық сақтау министрлігіне, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне, жергілікті жерлердегі Денсаулық сақтау басқармасына хабарласуды сұраймыз», делінген министрліктің ресми хабарламасында.
«Кемедегінің жаны – бір» деген. Төтенше жағдай кезінде құтқарушылармен қатар медицина қызметкерлері де қайыққа мінгесіп, су басқан аудандардың тұрғындарын эвакуациялауға жәрдемдесіп жатыр. Мысалы, Ақтөбе облысы Әйке ауылының дәрігерлік амбулаториясының медицина қызметкерлері Жүргенев ауылының 530 тұрғынын аудан орталығына қайықпен эвакуациялауға көмектесіпті. Олардың арасында қарттар мен балалар, жүкті әйелдер көп екен. Елдегі ахуалды түсініп, құтқарушылармен бірге иық тіресе тұрғындарға жәрдемдесіп жүрген медицина мамандарының еңбегі зор.