Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің негізгі тірегі – Конституцияның тарихи маңызы болып табылады. Өйткені, Ата Заң – оның негізінде жаңа қоғам, жаңа мемлекет, жаңа экономика құрылып жатқан берік іргетас екендігі баршаға белгілі. Осыған орай Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы барысында 2015 жылы Ата Заңымыздың 20 жылдық мерейтойы атап өтілетіндігін айтты. «Сондықтан Үкіметке Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе отырып, Ассамблеяның және Конституцияның 20 жылдығы мерейтойын өткізу бойынша ұлттық іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырамын», – деді. Бұл орайда аталған жауапты міндетті, негізгі шараларды жүзеге асыруда Конституциялық Кеңестің атқарар жүгі зор болмақ. Соған байланысты біз Конституциялық Кеңес мүшесі Аманжол НҰРМАҒАМБЕТОВКЕ жолығып, әңгімелескен едік. – Аманжол Мағзомұлы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен әзірленген еліміздің басты заңды құжатының мерейтойы – Қазақстан халқының өміріндегі елеулі оқиға дейміз. Енді осы мерейтой қалай жоспарлануда, ол үшін жыл бойына не атқарылмақ, әуелі осы жайттарға тоқталып өтсеңіз. – Ата Заңымыздың 20 жылдығын лайықты атап өту мақсатында тарих қойнауына кеткен жылдың аяғын ала мемлекеттік деңгейде қызу жұмыстар қолға алынды. Әрине, ең алдымен атап өтерлік маңызды жайт, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланғандығы белгілі. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығын ұйымдастыру және өткізуге байланысты Елбасының Жарлығымен Мемлекеттік комиссия құрылды, Ұлттық іс-шаралар жоспары дайындалды. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Ұлттық іс-шаралар жоспарын арнайы қаулымен бекітті. Дегенмен, аталған мәселелерді жоспарлау бір бөлек те, оны орындау мүлде бөлек екені белгілі. Бірнеше мәрте барлық жоспарланған мәселелерді қарастырып, оның орындалу барысы бойынша пікір алмасылды. Аталған шаралардың жоғары деңгейде өткізілуі Мемлекеттік комиссияның тиімді жұмыс істеуіне байланысты екендігі сөзсіз. Сондықтан Мемлекеттік комиссияның төрайымы болып Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, орынбасарлары болып Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Ассамблея Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, Конституциялық Кеңестің төрағасы Игорь Рогов, хатшысы болып Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов бекітілді. Сондай-ақ, комиссияға мүше ретінде Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, Үкімет мүшелері, депутаттар, мемлекеттік және басқа да ұйымдар басшылары енгізілді. Сөйтіп, бүкілхалықтық референдумда қабылданған Ата Заңымыздың 20 жыл толу мерейтойын лайықты өткізу үшін жыл бойына мәдени және спорттық жарыстар мен конкурстар ұйымдастырылып, елімізде және шетелдерде бірнеше дөңгелек үстелдер, ғылыми-практикалық конференциялар өткізілетін болды. Оған қоса, Конституцияның 20 жылдығына арнайы мерейтойлық эмблеманың (логотипінің) үздік нобайына конкурс жарияланады. Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл» мерейтойлық медалін тағайындау мен дайындауды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, ескерткіш төсбелгілер мен мерейтойлық маркалар да шығарылады. Конституциялық құқықтың дамуы мен 20 жылдығы сот жүйесінің жетілдірілу жолдарын көрсетуді мақсат еткен деректі фильмдер сериясы да әзірленбек. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жастар ұйымдарының Конституцияның 20 жылдығын өткізу жөніндегі бастамаларын қолдау міндеті облыстар мен Астана және Алматы қалалық әкімдіктеріне жүктелмек. Ал ақпараттық жағынан қолдау, сондай-ақ, Конституцияның бақылау тәжірибесіне арналған арнайы монография шығару сияқты жұмыстар тиісті министрліктерге тапсырылды. Конституцияның 20 жылдығын өткізуге арналған ауқымды шараларды ұйымдастыру үшін жалпыреспубликалық Ұлттық жоспар жасалды. Ұлттық жоспар бес блоктан тұрады. Бірінші блок – жоспарды тиімді орындауға қажетті ұйымдастырушылық-әдістемелік шаралар – қаржылық қамтамасыз ету, қосымша құжаттарды әзірлеу сияқты шаралар кешенінен тұрса, екінші блок мәдениет, ғылым, әлеуметтік және бизнес сияқты түрлі салаларды қамтитын қоғамдық-бұқаралық кең ауқымды шаралардан тұрады. Ал үшінші блокта ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қамтылған. Осылайша аталған Ұлттық жоспар негізгі және бұқаралық ақпараттың этностық құралдарымен жұмыс істеуді, деректі фильмдерді, имидждік материалдарды шығаруды және интернет желісімен жұмыс істеуді де қамтымақ. Төртінші блок Конституцияның 20 жылдығын ғылыми-сараптамалық сүйемелдеуге бағытталып, Конституциямыздың мемлекет пен қоғамды үйлесімді әрі тұрақты дамытуды қамтамасыз етудегі рөлін саралаудан тұрады. Бесінші блок халықаралық деңгейде өтетін шараларды біріктіреді. – Конституция мерейтойының негізгі мән-маңызына тоқталып өтсеңіз. – Конституция еліміздің ұлттық саяси-құқықтық жүйесінің мәйегі, мемлекеттілігі мен егемендігінің заңдық негізі, республиканың сөзсіз жетістіктері мен Елбасы көрсетіп берген өршіл мақсат – Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жолында одан әрі үдемелі даму үдерісі арқа тірейтін іргетас болып табылады. Конституциялық Кеңес Төрағасы И.Рогов: «2015 жылы аталып өтетін Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығы өзара тарихи тығыз байланыста жатыр. Өйткені, еліміздің Ата Заңы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді Қазақ елінің алғашқы құқықтық актілерінің әлеуетін сақтап, негізін жалғастыруда. Қолданыстағы Ата Заңымыздың жобасы 1995 жылдың наурыз айында Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Мемлекет басшысына ұсынылған еді. Енді қазір қарасаңыз, жоғарыда аталған маңызды оқиғалардың тығыз байланысы Конституциямыздың кіріспесінен де айқын білініп тұрғандай, яғни Елбасының «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясымен ұштаса түсуде», деп атап өткендей, Президенттің сара саясатын көрсетеді. Қазақстандықтар үшін Конституцияның қабылдануы тәуелсіздік тарихындағы жаңа дәуірдің басталуымен бейнеленеді. Конституция – Қазақстанның тұрақты дамуы мен гүлденуінің берік негізі болып табылады. Сондықтан қолданыстағы Конституцияның әлеуетін барынша пайдалану қажеттігіне ерекше назар аударылып отыр. Осы арқылы Елбасының дұрыс демократиялық мемлекет құрудағы рөлі айқындала түсуде. Өйткені, Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері күшті президенттік билікпен байланыстырылады. Биліктің заңнамалық негізін құрудағы қазақстандық үлгі – бүгінде Орталық Азияның басқа мемлекеттерінде белсенді қолданылып отырған қос палаталы парламент, сондай-ақ, жалпы қабылданған демократиялық стандарттарға сәйкес келетін тәуелсіз сот жүйесінің жетістіктері десек артық айтқандық емес. – Конституция – Қазақстан халқының түпкілікті таңдауы дейміз. Ендеше, осы мәселеге де тереңірек тоқталып, оқырмандарымызға жан-жақты баяндап берсеңіз. Сонау 1995 жылы қабылданған Ата Заң арқасында Қазақстан халқы болашаққа бет түзеген тың тарихи бет-бейнеге, өр мінезге ие болды. Қазақстанның этникалық сан алуандығын ескере келе, біз қазақстандықтар туралы айтқанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған азаматтардың қалыптасқан және дамып келе жатқан мемлекеттік-құқықтық қауымдастығын тілге тиек етеміз. Бүгінгі Қазақстан – «демократия», «нарық», «құқықтық мемлекет» деген ұғымдар дәстүріне айналған мемлекет болып табылады. Әдетте мемлекеттің қарапайым эволюциялық жолмен дамуына кететін ондаған жылдарды Қазақстан тарих өлшемімен алғанда аз ғана уақыт ішінде басып өтті. Соның нәтижесінде жаңа саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық құрылым, мемлекеттік саясат және егемен мемлекеттің қызметі мен дамуының стратегиялық бағыттары қалыптасты. Еліміз күрделі экономикалық, саяси және идеологиялық кедергілерді кезең-кезеңімен басып өтіп, жаһанданудың қазіргі жағдайына және халықтың дәстүрлі өмір салтына бейімделген жаңа мемлекеттік жүйені құрды. Өздері үшін, өз мемлекеті үшін орнатқан Конституцияның қанаты астында, ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрлерін және мәдениетін либерализм принциптерімен ұштастыра отырып, Қазақстан халқы әлеуметтік бағытталған нарықтық қайта өзгертулер жолында дамудың ортақ тағдырын таңдады. Конституцияда баянды етілген іргелі құндылықтарды жүзеге асыру жолында Қазақстан Республикасы атқарған жұмыстар өте көп. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, заңдылық, турашылдық пен ашықтық қағидаттарына қызметі негізделген конституциялық бақылау институтын, тиімді сот жүйесін, құқық қорғау органдарын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді құру арқылы адам құқықтарын қорғаудың мемлекеттік тетіктері жасалды. Адам өмірінің құндылығын, әркімнің өмір сүру құқығы абсолютті екенін және одан ешкім айыра алмайтынын тани отырып, өлім жазасын қолдану аясына конституциялық шектеу қойып және оған мораторий енгізе отырып, бұл құқықтан ешкім айыра алмайтыны және адам өмірін қасақана қиюға жол берілмейтіні бекітілді. Адам құқықтары мен бостандықтарын, халық пен мемлекеттік биліктің бірлігін қамтамасыз етудің басты үйлестіруші буыны, оның тармақтарының өзара келісіп қызмет атқаруының кепілі – әрине, Қазақстан Республикасының Президенті. 1995 жылғы Конституцияға сәйкес Президенттің заңнаманы қалыптастыру саласындағы өкілеттіктері оның құқықтық өкілеттіктерінің маңызды бөлігі болып табылады. Нақ осы салада оның құқықтары Парламенттің заңдарды қабылдау жөніндегі құқығымен, Үкіметтің – заңдарды әзірлеу жөніндегі, ал Конституциялық Кеңестің қабылданған заңдардың конституциялығын тексеру жөніндегі құқығымен үйлесіп отырады. – Конституция құқық тәртібін қамтамасыз етудің саяси-құқықтық негізі дегенге қалай сипаттама бересіз? – Конституция мемлекеттің бүкіл құқықтық жүйесінің іргетасы, оның ең басты нормативтік қайнар көзі екені шүбәсіз. Ол қоғамдық қатынастарға мақсатты түрде ықпал етудің құралы, саяси жүйенің барлық буындары келісіп жұмыс істеуін қамтамасыз етудің маңызды шарты, заңдылық және құқық тәртібі режімінің кепілі ретінде қызмет атқарады. Еліміздің 1995 жылғы Конституциясы бүгінгі күні Қазақстандағы осындай жалпы құқықтық іргелі құжат болып табылады. Оның 1-бабына сай мемлекетіміз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік ретінде орнықтырады, адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары оның ең қымбат қазынасы болып табылады. Республика қызметінің түбегейлі қағидалары деп: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешу белгіленді. – Қазақстан Республикасының конституциялық саясаты дегеніміз не? – Әрбір егемен мемлекеттің өз дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын конституциялық саясаты болады. Қазақстан Республикасының конституциялық саясатының негіздері 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда айқындалған болатын. Соның нәтижесінде республиканың қолданыстағы Конституциясы қабылданып, өмір талаптарына орай 1998 және 2007 жылдардағы конституциялық реформалар барысында оларға түзетулер енгізілді. Еліміз тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен-ақ Мемлекет басшысы – Елбасы Н.Ә.Назарбаев жүргізіп отырған сарабдал конституциялық саясат арқасында Қазақстан бүгінгідей жетістіктерге жеткені баршаға аян. Ата Заңымыз қабылдануын кезекті рет мерекелеу қарсаңында мынаны атап өтпеуге болмайды – осы жылдар ішінде Қазақстанда жасалған игі істердің бәрі де Конституция қағидалары сақтала отырып жасалды. Мемлекеттік саясаттың бір түрі ретінде конституциялық саясат мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның елдің конституциялық дамуын конституциялық-құқықтық реттеудің, оңтайландырудың тиімді тетігін құру жөніндегі ғылыми негізделген, дәйекті және жүйелі түрдегі қызметі болып табылады. Ол стратегиялық жоспардың заңдық идеялары мен принциптерін әзірлеу мен іске асырудан, Конституция мен конституциялық заңнаманы қабылдаудан, жетілдіруден және жүзеге асырудан тұрады. Мемлекеттің Ата Заңы мемлекеттің конституциялық саясатын жүзеге асыру құралы болып табылады. Өз кезегінде, конституциялық реттеу мен оның әдістерінің ерекшелігіне қарай Конституция нормалары тікелей және жанамалай қолданылады. Егер конституциялық реттеудің жоғары деңгейінде, әдетте, конституциялық нормалар жеткілікті болып жатса, мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы конституциялық құқықтық қатынастарда олардың құқықтары мен міндеттері көбірек айқындалып, белгіленуі қажет. Бұл әкімшілік, азаматтық, еңбек, қылмыстық, жер, қаржы құқығының және оның өзге де салаларының нормаларымен қамтамасыз етіледі. Соңғы жағдайда конституциялық нормалар, құқықтың тиісті салаларында нақтылана келе, жанамалай қолданылады. Сонымен бірге, бұл Конституция нормаларының тікелей қолданылуы тоқтайды дегенді білдірмейді. Конституциялық нормалар Конституцияда көзделген заңнамалық актілерді шығару түрінде де қолданылуы мүмкін. Мәселен, Ата Заңның тиісті нормаларын орындау мақсатында президент туралы, парламент және оның депутаттарының мәртебесі, үкімет, сайлау, республикалық референдум, сот жүйесі және судьялардың мәртебесі, Конституциялық Кеңес туралы және т.б. конституциялық заңдар қабылданды. Кей жағдайларда Ата Заң құндылықтар жүйесін бекітіп, оларды құқықтық реттеуді, іске асыру және қорғау кепілдіктерін белгілеуді заң шығарушының айрықша құзыретіне жатқызады. Мысалы, Конституцияда белгіленген құндылықтар иерархиясына сәйкес адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғау Қылмыстық кодекстің бірінші кезектегі міндеті деп айқындалған. Қылмысқа қарсы күрес проблемасына деген мұндай жан-жақты ұстаным бірнеше міндеттің атқарылуын: қылмыстың алдын алуды, оған қарсы күресті, адам құқықтарын қорғауды, қылмыс жасаған адамдарды уақтылы түзеуді қамтамасыз етеді. Конституциялық құндылықтардың мазмұнын заңнамалық толтыру кезінде қайшылықтар болуы мүмкін. Осы игіліктер мен оларға қол сұғылуына мемлекет тарапынан шара қолдану деңгейінің ара-қатынасы халықтың құқықтық мәдениетіне, әлеуметтік-экономикалық жағдайларға, тарихи кезеңнің ерекшеліктеріне және т.б. қарай әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, сөз бостандығы құқығын және тұлғаның абыройы мен қадір-қасиетінің қорғалуына құқығын заңнамалық реттеу мәселелері жала жапқаны және қорлағаны үшін қылмыстық жауаптылық шараларын белгілеуге қатысты пікірталас туындауына негіз болды. Осылайша, конституциялық және жай заңдар, заңға тәуелді актілер қабылданғанда, сондай-ақ, бүкіл құқық қолдану практикасы қалыптастырылғанда негіз етіп алынатын Конституция еліміздің конституциялық саясатын білдірудің негізгі нысаны болып табылады деп айтуға болады. – Салиқалы әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше
«Кәсібінің үздігі» конкурсының жеңімпаздары марапатталды
Медицина • Кеше
Елорданың «Байқоңыр» ауданында ауқымды мұз айдыны ашылды
Елорда • Кеше