Еңбек • 15 Сәуір, 2024

Жер астындағы жылыжай

176 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым саласын дамыту мәселесі бойынша «Бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ халық­аралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет», деген болатын. Президенттің бұл пәрменін, әсіресе еліміздегі жоғары оқу орындары сәтті жүзеге асырып отыр. Мәселен, күні кеше зерттеу мәртебесін алған Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің жерасты термос-жылыжайы жемісті жұмыс істеп келеді.

Жер астындағы жылыжай

Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Бұл жылыжай өңірде алғаш рет ашыл­ғандықтан, айтарлықтай жаңалық болды. Биология-география факультеті мұ­рындық болған жобаны өңір ғалым­дары 15 жыл бойы ойластырып келген. Еліміз­дегі үшінші жылыжайдың ең бір ерек­­шелігі – Арқаның саршұнақ аязында ауа райы – 28 градус болса да, жер астын­дағы жылыжайдың температурасы +25 гра­­дусты көрсетеді.

Былтыр сəуір айында басталған құры­лыс нысанын бас мердігер «Ck new city» ЖШС қыркүйек айында сапалы етіп салып берген. Жалпы аумағы 270 шаршы метрді құрайды. Ұзындығы – 45 метр, ені – 5 метр, тереңдігі – 6 метр. Жы­лыжай жер бетінен 80 см-ге шығып тұрады. Қалған бөлігі жылуды жыл бо­йына бір қалыпты сақтап тұру үшін жер астына орналастырылған. Еден мен қабыр­ғалары қыс айларында температураны +5-10 градустан төмендетпей, жылы ауаны бір­қалыпты ұстайды. Мұнда тұрақты температура – +20-25 градус. Өсімдіктерді қыста суықтан, жаз­да ыстықтан сақтайды. Ауда­ны – 270 шар­шы метр. Енді қарбыз, орхидея, ағаш көшеттерін егеміз деп отыр.

Биология-география факультетінің деканы Серікболат Талжанов ашылға­ны­на бес ай болған жылыжай алғашқы қысын ойдағыдай өткергенін айтады. Осы уақыт ішінде гүлдер мен көкөніс­тер отыр­ғызылып, олар өнімін беріп үл­геріпті.

– Басында жер бетінен жылыжай салуды жоспарлағанбыз. Бірақ ол – эрго­номика тұрғысынан тиімсіз екенін түсін­дік. Солтүстік Еуропа елдерінің тә­жі­рибесін зерттеу арқылы осындай жо­баны дұрыс деп ұйғардық. Олардың климаты біздікіне ұқсас. Мұндай жылы­жайдың Ұлытау облысында да бар екенін біліп, сонда барып, есептеулер жасадық. Жылыжай аяздың алғашқы сынағынан өтті. Көкөністер мен жас өскіндерді өсіріп қана қоймай, агротехнологияны дамыту үшін білім беру, зерттеу және өндіріс базасын құруға ниеттіміз, – дейді Серікболат Талжанов.

Мұнда өсірілген қияр, қызанақ секілді көкөніс түрлері университет асханасының кәдесіне жарап тұр. Ал гүлдер мен ағаш көшет­тері университет аумақтарын көгал­дандыру үшін, қаланың көркін ашу мақ­сатында өсіріліп жатыр. Жас өскіндерді өсіру жобасын осы универ­ситеттің түлегі, PhD Арайлым Серікбай табысты жүзеге асыруда. Ол өзінің бұл идеясын Қарағанды қаласы әкімінің грантымен жүзеге асырып жатыр. Екі жылға жу­ықтады, өнімдерін қаладағы сауда орындарына, екі асханаға жеткізіп жүр.

«Қарбыз тұқымын отырғыздық, өс­кіндер шықты. Болашақта басқа да бақша дақылдарын, күтімді талап ететін орхи­деяларды өсіруге тырысамыз. Жас өс­­кіндер мен көкөністерден студент­терге смузи дайындаймыз», дейді био­тех­но­логия және экомониторинг зерт­теу пар­кінің жетекшісі Маргарита Иш­муратова.

Университет ғалымдарының алдағы уа­қытта кампус пен қаланы көгалдан­дыруда пайдаланатын өсімдіктерді кө­бейт­пек ниеті бар. Сол мақсатта термос-жылыжайда Орталық Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген жеміс-жидек дақылдарының топтамасын қалыптастырмақ. Қазіргі уақытта жылы­жай маңында 700-ден аса қылқанжа­пырақты және жалпақжапырақты өсім­діктер бар. 200 пирамидалық терек, 60 тал, сондай-ақ шырша, қайың, үйеңкі, алма ағаш­тары, долана, жабайы алма ағаштары өсіп тұр.

Озық технологиямен салынған мұн­дай жылыжай университеттегі биолог, биотехнолог мамандары, магис­трант, док­торанттарға оқу-өндірістік тәжі­рибе жинақтауға, ғылыми зерттеу жұмыс­тарымен айналысу үшін кәдеге кәдімгідей жарайды.

 

Қарағанды облысы