Күрес • 14 Сәуір, 2024

Азамат – 3 дүркін Азия чемпионы

66 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Париж Олимпиадасы лицензиясының иегері Азамат Дәулет­беков (86 кг) Қырғызстан астанасы Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатында топ жарды. Байрақты бәсекеде еркін күрестен Қазақстан құрамасы Азия чемпионатын 1 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлдемен аяқтады.

Азамат – 3 дүркін Азия чемпионы

Туризм және спорт министр­лігі Спортты дамыту дирек­ция­сының баспасөз қызметі ха­бар­­лағандай, Ұлттық құра­ма көш­басшысы финалда Олим­пиа­да жолдамасының тағы бір иегері, өзбекстандық Джабраил Ша­пиев­тен басым түсті. Есеп – 5:2.

Бұл Азаматтың сары құрлық чемпионатындағы қатарынан үшінші алтыны. Сонымен қатар ол күміс (2017 жыл, Дели) және қола (2018 жыл, Бішкек) медаль жеңіп алған.

Күндізгі сессияда Азамат ирандық спортшы Хади Вайаей­пураны ұпай санымен, сосын жартылай финалда қытайлық Пейлонг Лиді (11-0) таза жеңді.

Асыл Айтақын мен Ризабек Айтмұхан дүбірлі додада күміс жүлдені қанағат тұт­ты.

Азия чемпионатында 61 кг дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Асыл Айтақын финалда жарыс қожайыны Тайырбек Жумашбекуулына 1:3 есебімен жол берді. Күндізгі сессияда Асыл Палестинадан келген Әли Әбурумайланы (6-0), Моң­ғолия балуаны Энеболду Энг­батуды (11-0), ал жартылай фи­налда үндістандық Акаш Да­хияны (11-0) жықты.

Аталған сайыста Ризабек Айтмұхан да күміс жүлдеге ие бол­ды. 97 кг дейінгі салмақтың финалында екі әлем чемпионы күш сынасты. Аса тартыс­ты өткен Ризабек Айтмұхан мен Ахмед Тажудинов арасын­дағы айқас кейінгісінің жеңісі­мен аяқталды. Есеп – 4:2. Ре­сей­лік А.Тажудинов бүгінде Бахрейннің атынан сынға түсіп жүр. Бұл – Ризабек пен Ахмед арасындағы екінші белдесу. Бірнеше ай бұрын Антальядағы халықаралық турнирдің жартылай финалында Бахрейн спортшысы басым түскен.

Ұлттық құраманың 19 жас­тағы балуаны Ризабек күн­­дізгі сессияда қырғыз Андрей Ароновты (6-0), сосын өзбек­стандық Махсұд Вейсалов (11-0) пен үндістандық Викиге (13-0) ұпай бермей ұтты.

Айта кетейік, балуанымыз былтыр Астанада өткен сары құрлық чемпионатында 92 кг дейінгі салмақта күміс медаль алған.

Азия чемпионатының алғаш­қы күнінде еркін күрестен 57 кг дейінгі салмақта Мейрамбек Қартбай қола жүлдегер атанды. Ұлттық құрама спортшысы 3-орын үшін белдесуде Қытай өкілі Ли Вейюді 7:2 есебімен жең­ді. Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында Мейрамбек 5-орынды місе тұтқан еді.