Қазақстан • 15 Сәуір, 2024

Су тасқынымен күрес: арнайы техника ҚТЖ арқылы жеткізіледі

125 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚТЖ арнайы техниканы Қазақстанның басқа өңірлерінен су басу аймақтарына жедел жеткізу үшін вагондар бөлетінін хабарлады. Тиісті тапсырманы вице-премьер Қанат Бозымбаев берді, деп жазады Egemen.kz.

Су тасқынымен күрес: арнайы техника ҚТЖ арқылы жеткізіледі

Фото: rail-news.kz

«Теміржолшылар су тасқыны салдарын жою және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін өңірлерге тәулік бойы арнайы техниканы тасымалдауды ұйымдастырады.
Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда, Шымкент, Қостанай станцияларынан бульдозерлер, тракторлар, самосвалдар, камаздар, тиегіштер, манипуляторлар, су тасқынымен күресуге арналған крандар бағытталды», делінген ҚТЖ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Айта кетсек, ҚТЖ пойыздарымен авариялық-құтқару жұмыстарына қатысу үшін 4 мың құтқарушы, әскери қызметші тасымалданды. Су басу орындарына гуманитарлық көмек жеткізу үшін пойыздар құрамындағы вагондар бөлінді.

Атырау - Құлсары - Атырау және Құлсары - Маңғыстау бағыттары бойынша 12 мың адам өтеусіз негізде жолаушылар пойыздарымен тасымалданды. 2 мыңнан астам жолаушы Атырау - Маңғыстау, Атырау – Алматы және Атырау - Астана бағыттары бойынша қосымша вагондармен шығарылды. Қосымша пойыздар Орал — Қызылорда, Атырау - Қарағанды, Алматы — Атырау бағыттары бойынша жүреді, бұл 2 мыңнан астам жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік берді.

Одан бөлек, су тасқынынан зардап шеккен аудандардан 500 баланы емдеу-сауықтыру орталықтары мен балалар лагерьлеріне тасымалдау ұйымдастырылды.

«Су тасқыны кезінде елдің кейбір аймақтарында темір жол жалғыз көлік түрі болып қалып отыр. ҚТЖ барлық бөлімшелері күшейтілген режим жұмысына ауыстырылды. Су тасқынына қарсы іс-шараларды уақтылы жүргізудің арқасында теміржол инфрақұрылымы зардап шеккен жоқ, пойыздардың қозғалысы кесте бойынша жүзеге асырылады», дейді ҚТЖ өкілдері.