Ән әуенінің авторы Кеңес Дүйсекеев көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Ұл балалардың ішінде жалғыз өскен Күлшат әпкесі он тоғыз жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болады. Артынан о дүниеге әкесі аттанады. Кейін Кеңес Дүйсекеев өнерге қанат қаққан тұста сол жауқазын ғұмыры орта жолда қиылған әпкесінің рухына тағзым жасау ниетімен ән шығаруға бел буады. «Егер әпкем өз босағасынан ұзатылып бара жатқанда, әкем ақ батасын беріп, қызына осы әнді айтар еді» деген ойдан «Қарағым-ай» әні дүниеге келеді. Алдымен әуені туған шығарманың сөзін ақын Шөмішбай Сариев жазған. Бұл жүректен шыққан туынды еш шекараға қарамай-ақ басқа жүректерге жетті. Оған дәлел – Талғат Мұсабаев ғарышта болғанда, жаңа Астанамыздан осы әннің жолдануы еді. Ал қазір Димаш Құдайбергеннің орындауында әлем тыңдармандарының назарында.
«Құстар қайтып барады»
«Құстар әні» – менің қатты сүйіп, еңіреп, боздап отырып шығарған әнім еді», дейді Нұрғиса Тілендиев. Сазгер көзі тірісінде өз концерттерінің барлығын осы әнмен аяқтайды екен. Демек «Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген...»
Сазгердің жүрек түкпірінен ерекше орын алған бұл әннің қысқаша тарихы былай. 1968 жылдың күз айы. Нұрғиса Тілендиев киностудиядан қайтып келе жатып Панфиловшылар саябағында біраз аялдайды. Сонда кешке жақын жалғыз тырнаның солтүстіктен ұшып келіп, үйдің төбесіне қонғанын көреді. Бірақ оған қарғалар тыныштық бермейді. Құстардың бұл әрекетін көрген сазгер: «Жалғыздықтың қандай қиын екенін осы сәтте тағы бір түсінгендей болдым», дейді. Осы бір оқиғаны ақын Тұманбай Молдағалиевқа баяндап, ол сөзін жазып, кейін Нұрғисаның сазымен керемет әнге ұласады. Ол қайтпас сапарға аттанар сәтінде: «Мені «Құстар қайтып барады» әнімен шығарып салыңдар» деп аманат еткен.
«Есіңе мені алғайсың»
Мұқағалидың сөзіне жазылған жалпы сексен алты ән бар. Солардың ішінде зау биікте әуелеп тұратын әндерінің бірі – «Есіңе мені алғайсың».
Ең қызығы, осы «Есіңе мені алғайсың» өлеңіне бірнеше ән жазылыпты. Соның классикалық нұсқасы – ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтікі. Жалпы, Мұқағали мен Нұрғиса шығармашылық одағынан отыз шақты ән туған. Ал «Есіңе мені алғайсың» ақын мен композитордың ең соңғы шығармасы екен.
Осы аңыз әннің халыққа кеңінен танымал нұсқасының авторы – Елена Әбдіxалықова. Бұл әнді ол небәрі жиырма жасында жазған.
«Есіңе мені алғайсың» өлеңіне жиырма шақты ән жазылған десем артық айтқаным емес. Бірақ соның ішінде менің әнім бүкіл халыққа танылып жатса, оған себеп: ақынның ішкі ырғағын дөп баса білгенімнен әрі оны кезінде Мәдина сияқты жарық жұлдыз орындағанынан деп түсінемін», дейді Е.Әбдіхалықова.