Қоғам • 16 Сәуір, 2024

Жаңа норма жасырын қылмысқа жол бермейді

228 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы құжат қоғам тарапынан қызу пікірталас туғызып, заң шығарушы органның алдынан да бірнеше рет өтті. Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде ең көп талқыланған заңға қол қойды. Өйткені әйел құқығы аяққа тапталып, бала қауіпсіздігі бас қайғыға ай­налған қоғамда қылмысты бұдан әрі қылмыссыздандыруға бол­майтыны анық байқалып отыр. Заңға сәйкес әйелдер мен бала­ларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылыққа жауап­кершілік қатаңдатылып, отбасы институтын, кәмелетке тол­мағандардың қауіпсіздігін нығай­татын жаңа нормалар енгізілді.

Жаңа норма жасырын қылмысқа жол бермейді

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Былтыр 69 әйел мен 7 бала қайтты...

«Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп санайтын қоғамда отбасындағы жайттардың көбі жалпақ жұртқа жайылмай, жабулы қазан жабу­­лы күйінде қалады. Алайда кейінгі жылдары отбасы, ошақ қасындағы жаға ұстатарлық оқиғалардың соңы әйел­дер­дің аяусыз соққыға жығылып, ажал құшуына әкеліп отыр. Сондықтан қоғам мүшелері де зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсылық білдіріп, қол­даныстағы ескірген заң нормаларын қайта қарауды талап етіп келді. Тіпті кейінгі бірер жылдың өзінде елдегі әрбір резонанстық оқиғадан кейін азаматтық үн қосып, қылмыстық жауапкершілікті қатайтуды талап ететін петицияларды қолдайтындардың артқанын көруге болады. Демек бұл індеттің тамырын терең жіберуіне отбасындағы тәрбиеден бөлек, лайықты жазаның болмауы да ана мен баланың басын қатерге тігіп отырғанын көрсетсе керек.

«Уақтылы шаралар қабылданса, отба­­сылық және тұрмыстық ұрыс-керіс ке­зінде жасалған қылмыстардың көп­ші­лігінің алдын алуға болар еді. Яғни біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті. Қоғам сіздерден отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тиімді әрі жүйелі іс-әрекет күтеді», деген Мемлекет басшысы халыққа арнаған жолдауларында да үнемі әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырып келеді.

Президенттің бастамасымен 2019 жылдан бастап әйелдер мен балалардың жыныстық қол сұғылмаушылығына, адам саудасына қарсы қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. ІІМ құрылымында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша арнайы бөлімшелер құрылып, Президент тапсырмасымен 2021 жылы олардың штат саны 256-ға дейін ұлғайтылды. Мұндай лауазымдар қазір әрбір қалалық және аудандық полиция органында бар. Сондай-ақ әйелдер мен кәмелетке тол­ма­ғандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық қылмыстарын тергеуде әйел тергеушілердің мамандануы енгізілді. Президент Үкіметке тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық заңнаманы қатаңдату бойынша заң жобасын дайындауды тапсырған. Оның өзіндік себебі де көп еді.

Бас прокуратураның мәліметінше, елімізде жыл сайын отбасылық абьюзер­лер­дің қолынан кемінде 80 әйел қаза тапса, күнделікті полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 300-ге жуық арыз келіп түседі екен. Мәселен, былтыр 69 әйел мен 7 бала қайтыс болған. Күн са­йын 342 адам отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды.

Былтыр қараша айында «Otinish.kz» сайтында Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды талап еткен ашықхат жолданды. Мұнда петиция авторлары отбасындағы кішігірім қылмыстар үшін жазаның болмауы ауыр қылмыстарға апаратынын айтқан. Ал сәуір айында бір топ белсенді мен құқық қорғаушылар «Парламентке хат жаз» акциясын іске қосты. Бастаманы 5 мыңнан аса адам қолдап, жоғары заң шығарушы органға елдегі зорлық-зом­былықты криминализациялау ту­ра­­лы заң қабылдауға шақырған хаттар жіберген. Сенаттағы заң жобасын тал­­­қылау кезінде 154 мыңнан астам адам отбасылық-тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық үшін жазаны қатаңдататын онлайн петицияға қол қойды. Сәуір айы­ның басында Берлин мен Италияда Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зом­былықты криминализациялауды қол­дайтын митингілер өткен. Осының барлығы отбасындағы қылмысқа қоғам бұрынғыдай бейжай қарамайтынын көрсетті.

Өкінішке қарай, біздегі заң нормалары көбіне болары болып, бояуы сіңгеннен кейін қылмыстың салдарын анықтауға бағытталады. Одан басқа тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің статис­ти­калық есебі де бір жүйеге қойыл­маған. Бұл өз кезегінде отбасындағы кикілжіңдердің нағыз зардабын түсінуге мүмкіндік бермейді. Айталық, елдегі тұрмыстық зорлық-зом­былық туралы заңға 2009 жылдан бері түрлі өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне қарамастан тирандардың тепкісіне түскен әйелдердің санын азайту мүмкін болған жоқ. Жығылған үстіне жұдырық болғандай, 2017 жылдан бастап «ұрып-соғу» және «адам денсаулығына қасақана жеңіл зақым келтіру» баптары Қылмыстық кодекс­тен Әкімшілік кодекске ауыстырылған. Сөйтіп, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық та қылмыссыздандырылды.

 

Жәбірленушілерді қорғау тиімсіз болды

Сенат депутаты Жанна Асанованың айтуынша, 1997 жылдан 2011 жылға дейін бұл әрекеттер қылмыстық құрамға жатқызылды. Алайда 2011-2014 жылдар аралығында бұл құрам қылмыс­­сыз­дандырылып, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтірумен қатар әкім­шілік жауапкершілікке ауыстырылды. 2015 жылы жаңа Қылмыстық және Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстерінің қолданысқа енгізілуімен бұл әрекеттер денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу ретінде сараланатын қылмыстық теріс қылықтар санатына өтті. Бұл өзгерістер 2017 жылғы шілдеге дейін созылды. Бірақ жазаны қатаңдату отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты төмендетуге қосымша ықпал етеді деген үміт орындалмады. Осылай деген депутат: «Біріншіден, сотқа дейінгі және сот ісін жүргізу үдерісі әкімшілік іс жүргізуден түбегейлі ерекшеленеді және бюрократияға ұшырайды. Осындай құқық бұзушылықтар жеке айыптау істеріне қатысты болды. Полиция дәлелдемелер жинау және сотқа құқық бұзушының іс-әрекетін заңсыз беру мүмкіндігінен айырылды. Бұл ғана емес, жәбірленуші сотқа дәлелдемелерді өз бетінше ұсынуға, сондай-ақ қылмыскерлер мен куәгерлерді сот үдерісіне жеткізуге мәжбүр болған парадоксалды жағдай болды. Шын мәнінде, бұл шарттарды орындау мүмкін болмады. Өйткені отбасылық-тұрмыстық қатынастардың ерекшеліктері оның агрессорға тәуелділігінің әртүрлі формаларын қарастырады. Екіншіден, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбы­лыққа алкогольді асыра пайдалану, жұ­мыссыздық, тұрмыстық тұрақ­сыз­дық және отбасының әлеуметтік-эко­но­микалық деңгейінің төмендігі секілді бірқатар әлеуметтік мәселе ықпал етеді. Осыған байланысты құқық бұзушыға салынатын айыппұл айналып келгенде отбасылық бюджетке әсер етеді. Бұл ретте қылмыстық қамауға алу туралы санкцияны да құқық бұзушыларға қолдану қиындық тудырды. Үшіншіден, қорғаныс нұсқамасы мен құқық бұзушы­лардың мінез-құлқына ерекше талаптар қою тетіктері жұмысын тоқтатты. Бұл шаралар арнайы салалық заңдармен рет­теледі. Бірақ Қылмыстық кодекс бүгін­гі күнге дейін Әкімшілік кодекс­ке ұқсас шектеу шараларын белгілеуге мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты учаскелік инспекторлар тиісті алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін отбасылық дебоширлерді кәсіптік есепке алу мен бақылауға қою мүмкіндігінен айырылды. Күнделікті өмірдегі зорлық-зомбылық жасырын сипатқа ие болды, ал жүйелі қақтығыстар отбасылық қатынастардың қатаң түріне айнала бастады. Көбінесе мұндай шиеленіс ауыр қылмыстарға айналды. Құрбандарды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау тиімсіз болды», дейді.

 

Әділеттілікке бастайтын тағы бір қадам

Қазір тұрмыстық қылмыстың түр­леніп бара жатқан тұсында қылмыс­сыз­дандыруға ұшыраған «ұрып-соғу» және «денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» баптарын әкімшілік заңнамадан Қыл­мыстық кодекске көшіру – қоғамның сұрауы. Депутаттың айтуынша, жаңа заң кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қыл­мыс­тар үшін неғұрлым жеңіл жаза тағайындауға тыйым салып, тараптардың татуласуына тоқтам салуды көздейді. Денсаулыққа қасақана ауыр және орташа ауырлықтағы зиян келтіргендер бас бостандығынан айырылса, балаларды өлтіргені және зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ал 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипаттағы қорлау үшін жауапкершілік енгізіліп, өзін-өзі өлтіруге көндіргені немесе өз-өзіне қол жұмсауға жәрдемдескені үшін жаза белгіленеді. Сондай-ақ агрессорға жәбір­ленушімен бір үйде тұруға тыйым салынбақ. Бұдан бөлек, заңда барлық өңірлерде отбасын қолдау орталықтарын ашу және азаматтарға отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ақпараттық-анық­тамалық және психологиялық көмек көрсетілетін Бірыңғай байланыс орта­лығын іске қосу жөніндегі нормаларды қамтиды. Ең маңыздысы, алдын ала ескертусіз жоспардан тыс тексерулер енгізу арқылы стационар, жартылай стационар жағдайында мүгедектігі бар адамдар үшін интернаттық ұйымдардың, білім беру ұйымдарының және арнау­лы әлеуметтік қызметтер көрсететін қызметтердің қызметіне бақылау күшей­ті­леді. Ендігі жерде балаларға білім беру және сауықтыру қызметтерін көр­се­тетін ұйымдар тек лицензиямен жұмыс істейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына жұмыс беруші 30 күнтізбелік күнге дейін жала­қысы сақталмайтын демалыс беруге мін­дет­те­лініп отыр.

«Құжат Парламенттің екі палатасында да қызу пікірталас туғызды. Әдеттегідей жеке топтар желіде шындыққа ешқандай қатысы жоқ хабарларды тарату арқылы қоғамдық пікірді басқаруға тырысты. Бұл ретте Сенатқа заңды қолдауға 6,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Заң түскен сәттен бастап сенаторлардың қарауына қоғамдық маңыздылығын ескере отырып, Палата басшылығы Парламент регламенті мен Конституция ережелерін сақтай отырып, қысқа мерзімде қарау туралы шешім қабылдады. Сондықтан жаңа нормалар – қоғамның әділеттілік, заң және тәртіп қағидаттарын нығайту жолына басқан тағы бір қадам», дейді Ж.Асанова. Себебі  балалар мен әйелдерді зорлық-зомбылық пен қатыгездіктен қорғау – өзекті міндеттердің бірі.

 

Қатаң жаза – қорғаудың тиімді әдісі

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп: «Мемлекет басшысы ұсынған «Заң және тәртіп» қағидаты барлық мәселелер құқықтық салада шешілуі керек дегенді аңғартады. Бұл қағидаттың екі қыры бар. Біріншісі – «заң бар жерде тәртіп бар». Екіншісі – «заң бұзылмаған жерде тәртіп бар». Демек қылмыстың алдын алу аса маңызды. Өйткені қатаң жаза – қылмыстың алдын алудың және қоғамды қауіпті қылмыскерлерден қорғаудың тиімді әдісі», дейді.

Депутаттың пікірінше, қоғам көптен күткен құжаттардың қолданысқа берілуі, ең алдымен, қылмыстың алдын алуға және азаматтардың құқықтарының әділдігі мен қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін көздейді. Заңның негізгі мақсаты жазалаушы емес, алдын алу сипатына ие. Сондай-ақ енгізілген түзетулер балалардың құқықтық санасын қалыптастыруға арналған. Жалпы алғанда мұндай жауапкершіліктің пайда болуы балаларға да, ата-аналарға да, қоғамға бұл мәселеге байыпты қарауға мүмкіндік береді. Елде жаппай тәртіп орнығу үшін заң жұмыс істеуі керек.

Айта кету керек, негізгі заң 15 заң­на­малық актіге, оның ішінде жеті кодекс пен сегіз заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Сондай-ақ ілеспе заң әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізуді қарастырады. Кәмелетке толмағандарды қорлау және 16 жасқа толмаған баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіру және басқа да түзетулер үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленіп отыр. Құжаттағы жаңашылдық сол, тұрмыстық зорлық-зомбылық криминализацияланып, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған. Алайда абзалы жаңа құжат адамның қадір-қасиетін тануға, азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жалпыға бірдей құрметтеуге және сақтауға арналса, тәрбиенің тал бесігін тербетіп, ұрпақ ал­дындағы міндетті ұмытпау – жазадан да ауыр жауапкершілік екенін есте шы­ғармау болса керек.