Күрес • 16 Сәуір, 2024

Қоржында – төрт қола

127 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қырғызстанда әйелдер күресінен Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы жарысты төрт жүлдемен қорытындылады. Әрине, бұл көңіл көншітерлік көрсеткіш емес. Ең өкініштісі, бозкілемге шыққан бұрымдыларымыздың бірде-бірі ақтық сынға жете алмады.

Қоржында – төрт қола

Алғашқы жарыс күні бес балуанымыз бозкілемге шықты. Өкінішке қарай, Ирина Жә­нібекова (50 кг), Зүлфия Яхьярова (55 кг),

Әлбина Қайыргелдинова (68 кг) жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Ал Диана Каю­мова (59 кг) мен Елмира Сыздықова (76 кг) қола медальды мойнына ілді. Шешуші тұста Диана үндістандық Пушпа Вадавты ұтса, Елмира Үндістанның жас жұлдызы, жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем чемпионы Прия Приядан басым түсті. Негізі біз Рио Олимпиадасында қола медальды кеудесінде жарқыратқан Сыздықовадан бұдан да жақсы нәтиже күткен едік. Кемінде финалға шығады деп үміттендік. Бірақ жартылай финалда оның жолы әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, құрлық чемпионы, қырғызстандық Айпері Медетқызымен қиысты. Өте шиеленісті өткен сыралғы қарсыластар сайысында Айперінің асығы алшысынан түсті.

Келесі күні Аяжан Марқашева (53 кг) мен Тыныс Дубек (62 кг) тұсаукесер кез­десулерінде дәрменсіздік танытып, бірден кө­рермендер қатарына қосылды. Қалған үш қызымыз жартылай финалға шыққанымен, барлығы сол межеде сүрінді. Атап айтсақ, Лаура Алмағамбетова (57 кг) әлемнің үш дүркін чемпионы жапониялық Цугуми Сакурайдан жеңілді. Ирина Казюлина (65 кг) моңғолиялық Енхжин Тувшинжаргалға жол берсе, Анастасия Панасович үндістандық Хуршита Хур­шитаға есе жіберді.

Қола жүлде үшін бәсекеде Лаура Ал­мағамбетованың асқан шеберлігіне тәнті болдық. Бәсекені өте қарқынды бастаған ол жергілікті спортшы Сезім Жұманазарованы екі минутқа жеткізбей қос жаурынымен жерге қадады. Анастасия өзбекстандық Озода Зарипбоевадан айласын асырды. Ал Ирина қытайлық Яри Вуға еш қарсылық көрсете алмады.

Сөйтіп, төрт қоланы қоржынға салған жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте 7-ші орынға табан тіреді. Алдымызда – Жапония (4+2+2), Қытай (3+2+3), Қыр­ғызстан (2+0+2), Солтүстік Корея (1+1+2), Үндіс­тан (0+3+3) және Моңғолия (0+2+4) құрамалары.