Атап айтсақ, жартылай ауыр салмақтағы саңлақтардың рейтингінде Нұрбек Оралбай екінші орынды иеленген. 23 жастағы астаналық былғары қолғап шебері 2018 жылы Будапештте өткен жастар арасындағы әлем біріншілігінде бас жүлдені олжалап, көпшіліктің назарына ілікті. Ересектер дуына қосылғаннан кейін де Нұрбек биік белестерді бағындырды. 2022 жылы ол Амманда ұйымдастырылған Азия біріншілігінде күміспен күптелсе, былтыр Ташкентте әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар биыл Оралбай Париж Олимпиадасында өнер көрсетеді.
Осыдан бес жыл бұрын Екатеринбургтегі дүниежүзілік додада дараланып, алтын тұғырға көтерілген Бекзат Нұрдәулетов сегізінші сатыға жайғасты. Ұлттық құрама сапындағы өз орнын Нұрбек Оралбайға босатқан 25 жастағы Жаңаөзеннің тумасы бұл күндері кәсіпқой рингте бақ сынап жүр. Әзірге аяқ алысы жаман емес. Күні бүгінгі дейін алты жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіс тұғырынан көрінді.
Үздіктер тізімінде Тоқтарбек Таңатқан алтыншы орынға табан тіреді. Қытай елінің атынан өнер көрсетіп жүрген 27 жастағы қандасымыздың да бағындырған белесі бір төбе. Ол – Азия ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Тоқтарбек 2021 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпиадаға да қатысты. Бірақ бұл жарыста қандасымыздың жолы болмады.
80 кг салмақ дәрежесінде Александр Хижняк көш бастап тұр. Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем және Еуропа чемпионы, Еуропа ойындарының екі дүркін жеңімпазы 28 жастағы Украинаның мақтанышы қазіргі кезде Париждегі дүбірлі додаға қызу дайындалып жатыр. Сондай-ақ топ-10 боксшының қатарына Имам Хатаев (Ресей), Каллум Питерс (Аустралия), Арлен Лопес (Куба), Тұрабек Хабибуллаев (Өзбекстан), Келин Кэссиди (Ирландия), Сальваторе Кавалларо (Италия) сынды боксшылар еніп отыр.
АЛМАТЫ