Экономика • 16 Сәуір, 2024

Криптовалютаны инвестициялау кезінде нені білу керек - сарапшы кеңесі

120 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Криптовалюта заманауи қаржы әлемінің ажырамас бөлігіне айналды, оның танымалдығы күн сайын артып келеді. Дегенмен, криптовалюталарға деген қызығушылықтың артуы жаңа бастаушы және тәжірибесіз инвесторларды алдауға тырысатын алаяқтарды да тартады, деп жазады Egemen.kz.

Криптовалютаны инвестициялау кезінде нені білу керек - сарапшы кеңесі

Фото: formining.ru

«ҚР цифрлық активтер туралы» Заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығының («АХҚО») аумағын қоспағанда, ел аумағында криптовалюталарды (қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді) шығаруға және олардың айналымына, сондай-ақ қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер бойынша цифрлық активтер биржаларының қызметіне тыйым салынады.

АХҚО – Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын дәл белгіленген шекарасы бар, қаржы саласындағы ерекше құқықтық режим қолданылатын Астана қаласының шегіндегі аумақ. Сондай-ақ АХҚО жанынан құрылған Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитет («AFSA»), коммерциялық және азаматтық дауларды қарастыратын тәуелсіз Сот пен Халықаралық арбитраж орталық жұмыс істейді.

Криптоалаяқтардың торына кіріп кетпеу үшін бірнеше негізгі ережені сақтау керек

1. Инвестиция салғыңыз келетін цифрлык актив туралы талдау жасаңыз.

Ең алдымен, криптовалюталар негіздерін түсініңіз. Блокчейн технологиясының қалай жұмыс істейтінін және криптовалюталардың қандай түрлері бар екенін түсіну сіздің мүдделеріңізді жақсырақ қорғауға көмектеседі. Криптовалюталар туралы неғұрлым көп білсеңіз, сізді алдау соғұрлым қиын болады. Жаңа криптовалюта жобаларына (ICO) инвестициялау қауіпті болуы мүмкін екенін есте сақтаңыз. Инвестиция жасамас бұрын жобаны және оның командасын мұқият талдаңыз.

2. Ақпарат дереккөздерін тексеріңіз.

Криптовалюта әлемінде қандай да бір қаржылық шешім қабылдамас бұрын, сіз пайдаланып жатқан ақпараттың сенімді және расталғанына көз жеткізіңіз. Алаяқтар сан түрлі әдістерді қолданады. Мысалы, deepfake технологиясын (суретті бейнеге ауыстыру әдісі) пайдалана отырып, шабуылдаушылар атақты адамдардың атынан алаяқтық жобалар жасайды. Осылайша, өткен жылдың мамыр айында алаяқтар Илон Масктың атынан BitVex криптовалюта платформасын құрды. Платформаны жарнамалау үшін алаяқтар YouTube желісін пайдаланған.

3, Сенімді криптобиржалар мен әмияндарды таңдаңыз.

Егер сіз криптовалюта сатып алуды және сақтауды жоспарласаңыз, сенімді криптобиржалар мен әмияндарды таңдауыңыз қажет. Криптобиржаға ақша салмас бұрын, зерттеу жүргізіп, оның беделін тексеріңіз. Мысалы, алаяқтар кейбір телеграм каналдар арқылы адамдарды жалған алмастырғыштарға тартады. Онда алаяқтар адамдарға криптовалютарды жоғары бағамен сатуға уәде береді. Бірақ сату барысында алаяқтар криптовалютаны ұрлайтыны белгілі болды. Бұл жағдайда жалған алмастырғыштар .live, .kripta .shop алу-ақша домендерінде орналасқан. Сондықтан тек лицензиясы бар криптобиржалары арқылы сауда жасау ұсынылады. АХҚО-да лицензиясы бар криптобиржалардың тізімі AFSA веб-сайтында қолжетімді: https://publicreg.myafsa.com/.

4. Фишингтен сақ болыңыз.

Кибералаяқтар сіздің жеке ақпаратыңызды немесе қаражатыңызды алуға әрекеттену үшін жалған электрондық хаттар жіберуі немесе жалған веб-сайттар жасауы мүмкін. Сілтемелерді ашқанда немесе желіде жеке ақпаратты енгізгенде абай болыңыз.

Мысалы, кейбір хабарламалар жақында сіздің есептік жазбаңызға қандай да бір мекенжайдан және браузерден кіруге әрекеттенгенін көрсететін қауіпсіздік ескертуі болуы мүмкін немесе бұл криптовалюта әлеміндегі белгілі оқиғаларға арналған сауалнамаға қатысуға шақыру болуы мүмкін. Осы сауалнамаға қатысқан үшін алаяқтар жомарт сыйақы беруге уәде етуі мүмкін.

Хабарламада сыйақы алудың егжей-тегжейлі шарттары (берілген платформадағы транзакциялардың белгілі бір саны), шамадан тыс жоғары емес, бірақ өте тартымды сома көрсетілуі мүмкін. Мұның бәрі хабарламаны шындыққа жанасатындай көрсету үшін жасалады.

5. «Тез байып кету» туралы уәделерге сенбеңіз.

Егер біреу сізге криптовалюталық инвестициядан тез және оңай пайда табуға уәде берсе, сақ болыңыз.

Ресми деректерге сәйкес, криптовалюталарға салынған инвестициялар туралы жарияланымдардың 40%-дан астамы жалған болып шықты. Пайдаланушыларды өз ресурстарына тарту үшін алаяқтар «Қаржылық табысқа апаратын жол», «Қаржылық еркіндік», «Интеллектуалдық инвестициялар», «Криптобайлық» және «Табыс кепілдігі» сияқты арандатушы тақырыптарды пайдаланады. Веб-сайттар мен әлеуметтік желілердегі мазмұнның негізгі түрлеріне криптовалютадан ақша табу, криптовалюта активтеріне инвестициялау ұсыныстары, инвесторлар топтары мен арналарының жарнамасы, әртүрлі платформалардың жасырын жарнамасы, сондай-ақ крипто-әмияндарды жарнамалау, жеңілдіктер бойынша оқыту курстары кіреді.

6. Жеке кілттеріңізді бөліспеңіз.

Жеке кілтке қол жеткізген кез-келген адам сіздің криптовалютаңызбен транзакциялар жасай алады және оны ұрлай алады. Мысалы, алаяқтар тегін криптовалюталарды (Bitcoin, Ethereum, Litecoin, Tron, Ripple) алуды ұсынатын хаттар жібереді. Тегін крипто және «жарнама» веб-сайтына сілтеме алғысы келетіндер үшін қарапайым үш нүктелік нұсқаулық болады және сілтеме арқылы өтуді сұрайды. Дегенмен ең күдіктісі, жіберушінің электрондық пошта мекенжайындағы домен ешбір криптоға қатысты емес. Фишинг сайты әмиянды таңдауды және «сыйлығыңызды» алу үшін құпия сөзді енгізуді сұрайды. Кездейсоқ деректерді енгізсеңіз де, сайт сәтті транзакция туралы хабарлайды, бірақ іс жүзінде алаяқтар пайдаланушының нақты құпия деректерін алуға және оны криптовалюталарынан айыруға тырысады. Мұндай алаяқтық схемалардан сақ болыңыз.

7. Әр есептік жазбада құпия сөз қолданыңыз.

Құпия сөздерді жасау кезінде адамдар мәдени тәжірибелерден, өмір салты үрдістерінен немесе спорт, сән болсын, соңғы оқиғалардан шабыт алады. Мысалы, кәсіпқой спорт командаларының атаулары, адамдардың аттары, туған күндері, тұратын мекенжайлары немесе олардың басқа да нұсқалары. Соңғы жылдары киберқауіпсіздік жайы жиі айтылып жүргенімен, кейбір әлсіз парольдер әлі қолданылып келеді. Мысалы, зерттеулер бойынша мына парольдер өте көп қолданылады: guest, 123456, password, 12345, a1b2c3, 123456789, qwerty, baseball, football, unknown, soccer, jordan23, iloveyou.

Сіздер үшін қарапайым кеңестер:

  • барлық қосымшаларда бір құпия сөзді пайдаланбаңыз;
  • күрделі автоматты түрде жасалған құпия сөздерді пайдаланыңыз;
  • құпия сөздерді үнемі жаңартып отырыңыз, әсіресе құпия тіркелгілер үшін;
  • қоғамдық Wi-Fi-ды, әсіресе қаржылық транзакциялар үшін пайдаланбаңыз.

8. Алаяқтық туралы жылдам хабарлаңыз.

Егер сіз криптоалаяқтықтың құрбаны болғанын түсінсеңіз немесе басқа да күдікті әрекетті байқасаңыз, бұл туралы құқық қорғау және реттеуші органдарға хабарлаңыз. Мысалы, егер сіз біреу AFSA берген лицензияның бар екендігі туралы мәлімдеп жатқанын, бірақ іс жүзінде АХҚО лицензияланбаған компания екенін анықтасаңыз, онда сіз бұл туралы онлайн және пошта арқылы хабарлай аласыз (https://afsa.aifc.kz/kz/submit-your-complaint). АХҚО-да лицензиясы бар криптобиржалардың тізімін мына сілтеме арқылы тексере аласыз: https://publicreg.myafsa.com/.

9. Криптовалютаға инвестиция салғанда абай болыңыз.

Криптовалютаға инвестиция салу пайдалы болуы мүмкін, бірақ оның тәуекелдері де көп. Алаяқтар жалған криптовалютаны белсенді түрде пайдаланады, жәбірленушілерді жіберілген соманы екі есе көбейту мүмкіндігі туралы жарнамалармен тартады. Олар мұндай алаяқтық ұсыныстарды әлеуметтік желілер мен форумдарға жариялайды. Мысалы, 2020 жылы алаяқтар YouTube желісіне жариялаған алдамшы бейнелерінің бірінде Apple компаниясының негізін қалаушы Стив Возняктың атын қолданып, пайдаланушыларды сан соқтырған.

Бұл ережелер криптовалюталық қорларыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Қаржылық әрекеттеріңізде сергек және саналы болыңыз, сонда сіз криптовалюталардың артықшылықтарын қауіпсіз және сенімді түрде пайдалана аласыз.

 

Алмас СЕРІКҰЛЫ,

АХҚО қаржылық қызметтерді реттеу комитеті

Заң консультациялары бөлімінің аға заңгері