Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Әкімдер аккаунтындағы алаяқтық
Алаяқтар алдымен Премьер-министр мен Үкімет мүшелерінің атынан мессенджерлерде қаржы жинау туралы ақпарат таратқан. Үкіметтің баспасөз қызметі лезде мұны «жалған хабарлама» деп мәлімдеп, интернеттегі алаяқтардың ісі екенін айтты.
Бұдан соң Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың атынан тұрғындарға хабарламалар жіберілген. Аккаунттарға облыс басшыларының фотосуреттері қойылған.
«Бірнеше күннен бері WhatsApp мессенджерінен менің атымнан бірқатар азаматқа хабарламалар жіберілген. Менің Instagram мен Facebook желісінде ресми аккаунттарым бар екенін еске саламын. Жеке телефонымнан және ресми аккаунттарымнан хабарламаларды өз нөміріммен, оны жасырмай жіберемін. Сондықтан, егер сіз менің атымнан, менің фотосуретім бар нөмірден қоңырау немесе хабарлама алсаңыз, алайда нөмір жасырылған болса, онда бұл алаяқтар. Сіздерден сақ болуды сұраймын», деп жазды Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Instagram парақшасында.
Алматы және Қарағанды облыстарының баспасөз қызметі де бұл алаяқтардың іс-әрекеті екенін ресми мәлімдеді. «Мессенджерлерде алаяқтар өздерін облыс әкімімін деп таныстырып жатыр. Тұрғындардан мұндай хабарламаларға сенбеуді және күмәнді сілтемелерді баспауды сұраймыз. Аталған факті Қонаев қалалық полиция басқармасында тіркелді. Қазір тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында процессуалдық тексеру жүргізіліп жатыр», деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Жанна Арынбекова.
Заңды назарға алмай отыр
Жұрт селмен арпалысып жатқанда мұндай алаяқтықтың көбеюіне елімізде қайырымдылық жасау мәдениетінің қалыптаспағаны, азаматтардың заң аясында әрекет етпеуі себеп. Бұлай деуімізге негіз бар. Қазір мұқтаждарға көмек қолын созғысы келетіндердің көбі әлеуметтік желілердегі парақшаларында өздерінің жеке есеп-шот мәліметтерін жариялап халықтан жылу жинау арқылы әрекет етеді. Бұған әлеуметтік желіде күнде куә болып жүрміз. Әсіресе танымал әнші-биші, айтыскер ақын, блогерлер мұндай «жұмысты» еш қымсынбастан атқарып отыр. Әрине, қол ұшын созып, көмек берген дұрыс, бұл – әр адамға тән ізгі амал, қасиет. Алайда бет алды бұқара халыққа жүк артып қойып қайырымды іс жасау заңға қайшы келерін есте ұстаған жөн.
Кез келген дамыған қоғамда қайырымдылық көрсету заңмен реттеледі, мұндай істі ереже-талаптарға сүйене отырып атқару қажеттігі көрсетілген. Біздің мемлекетте де солай. Елімізде бұл ережені көбіне жеке тұлғалар бұзып отыр. Күні кеше елдің бірнеше облысында сел жүріп ауыл-аймақ суға кеткенде халыққа қайырымдылық ұйымдарымен қатар жеке тұлғалар да қол ұшын беруге ұмтылды. Бірақ өз қаржысынан емес. Мәселен, танымал өнер адамының бірі әлеуметтік желіде жеке есеп-шотын жазып, жиған-тергені, мал-мүлкі суға кетіп қалжырап отырған халыққа ақша жинауды ұсынды. Жиналған қаржыға зардап шеккен аймақтың біріне барып тұрғындармен кездесіп, көмек бермек. Әрине халық өзі қолпаштап өсірген, өнеріне тәнті болған әншінің қолдауына разы болар еді. Десе де оның бұл әрекеті заңға қайшы. Заңгерлердің мәлімдеуінше, әрбір қайырымдылық іс, әсіресе қаржылай көмек елде ресми тіркелген арнайы қорлары арқылы жасалуы қажет. Қанша аты елге белгілі өнер адамы, спортшы, блогер болса да, олар – жеке тұлға (ресми тіркелген қайырымдылық қорлары болмаса).
«Қазақстанда қайырымдылық қызметін жүзеге асыру «Қайырымдылық туралы» заңмен реттеледі. Жеке тұлғалар, соның ішінде қайырымдылық қызметпен айналысқысы келетін блогер, әншілер заңда көрсетілген талаптарды сақтап, мұқтаж жандарға көмектесуге бағытталған әртүрлі жобаларды, бастамаларды және ұйымдарды қолдай отырып, қоғамдық игілікке үлес қосуға мүмкіндігі бар. Егер қайырымдылықты ақша жинау арқылы жүзеге асыратын болса, олар белгілі бір ресми тіркелген қайырымдылық ұйымымен немесе қайырымдылық көмек алушымен шарт жасасуы қажет. Құжатта қайырымдылық көмек көрсетудің мақсатын, қайырымдылық көмектің барлық мүмкін болатын мөлшерін қоса алғанда, ақшалай түрде нақты белгілеуді ұсынатын салықтар, қайырымдылық көмек көрсету тәртібі, тараптардың жауапкершілігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау жөніндегі ережелер, дауларды шешу тәртібі, қайырымдылық көмегін алушының шартта алдын ала белгіленген мақсатты іске асыру үшін ақша қаражатының жұмсалғанын растайтын есепті және өзге де құжаттарды, оның ішінде бухгалтерлік құжаттарды ұсынуы қажет», дейді заңгер Нұрбақыт Қален.
Жеке тұлғаның қаржылай қайырымдылық жасау жолдарын түсіндірген заңгердің айтуынша, тиісті келісімшарт жасаспай қаражат жинайтын блогер немесе өзге де жеке тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Демек жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, жеке тұлғалардың, соның ішінде өнер адамдарының ақша жинауы шектеусіз және жауапкершіліксіз еркін әрекет емес. «Блогерлер мен жеке тұлғалар теріс салдарды болдырмау және олардың мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету үшін заңнамада белгіленген талаптарды қатаң сақтауы керек», деп қосты заң маманы.
Қазақ тілі мен салтын насихаттап жүретін танымал блогер Алексей Лодочников те қайырымдылықты желеу етіп, жеке шоттарына халықтан қаржы жинайтын әріптестерінің мұндай әрекетін сынға алды.
«Қазір еліміздің бірқатар аймағында су тасқыны болып жатыр. Барлығы жинақ ашып жатыр. Әсіресе блогерлер. Не үшін керек осы жинақтар? Үкімет қираған үйлерді тұрғызып береміз, көмек береміз деп отыр халыққа. Мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетіліп келеді. Еріктілер де жұмыс істеп жатыр. Ірі бизнестер миллиардтап ақша бөліп жатыр. Меніңше, жетеді. Блогерлер кедей халық емес. Instagram-ды ашып қарасақ, кейбірінде бес машинадан бар, оны өздері мақтаныш тұтады. Халық сіздер сияқты миллиондап ақша таппайды. Олар салықтарын төлеп жатыр. Халықты жинақпен әлекке саласыздар. Миллиондап жиналған ақшаның есебі берілмейді. Соның арқасында біреулер байып жатады. Сондықтан жинақ дегенді доғару керек», деді А.Лодочников.
Қайырымдылық ұйымдары – экономиканың үлкен секторы
Осы орайда өзге мемлекеттердің мысалын келтіруге тура келеді. Әсіресе АҚШ, Батыс елдерінің тұрғындары заңның құлы. Шетелде де адамдар қайырымдылық жасауды парыз, ізгі амал деп біледі. Бірақ бұл игі істі тек заң аясында жүзеге асырады. Әсіресе танымал тұлғалар, блогерлер ешкімнен ақша жинамай, өздерінің тапқан қаржысын қайырымдылыққа тұрақты түрде аударып отырады. Көбінің қайырымдылық қорлары бар. Кейбірі өзге қайырымдылық қорларына аударып отырады. Мәселен, канадалық актер, кинорежиссер, музыкант Киану Ривз жануарлар құқығын қорғайтын РЕТА сияқты қайырымдылық қорларына миллиондаған доллар аударады. Сондай-ақ ол онкологиялық ауруларды зерттеуге бағытталған «Stand Up To Cancer» педиатриялық клиникасына тұрақты түрде қаржылай көмек береді. Ал әлемге әйгілі актер Брэд Питт 2005 жылы түрлі апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсетуге арналған «Make it Right» қайырымдылық қорын құрды. Осы уақыт ішінде қор қаржысына баспаналар тұрғызылып, 100-ге жуық ғимарат салынды.
Ұлыбританияда жеке адамдар да, компаниялар да үнемі қайырымдылық жасайды. Қайырымдылық есебінен бизнес ұйымдары салық жеңілдіктеріне ие болады.
«Дамыған елдерде қайырымдылыққа қатысты жанжалдар сирек кездеседі. Ұйымдар бәрін заң аясында іске асыруға тырысады. Ұлыбританиядағы қайырымдылық ұйымдары – жұмыс орындарын қалыптастыратын экономиканың үлкен секторы. Мәселен, 2019 жылы 166 мыңға жуық түрлі коммерциялық емес ұйым тіркелді. Оларда 900 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Ал 2017-2018 жылдары Британия экономикасы қайырымдылық ұйымдарынан 18 миллиард фунттан астам пайда тапты. Көп жағдайда жоғары көрсеткіштерге жүйенің ашықтығы арқылы қол жеткізіледі. Кез келген қорды үкіметтің веб-сайтында әрбір коммерциялық емес ұйымның есебін «Charity Commission» бөлімінде тексеруге болады. Бұл сенімді қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз. Мұндай ұйымдар қоғам мен мемлекет арасындағы жолсерік», деді Ұлыбританиядағы «Gift of life» қорының директоры Анна Джиллингс-Можутина ВВС-ге берген сұхбатында.
Қоғамның қай саласында да заң аясында іс-әрекет етпесек, аңқау елге арамза молданың кейпінде алаяқтардың сан түрлі айласына алданып отыратынымыз хақ.