Пікір • 16 Сәуір, 2024

Зорлыққа – зор жаза

36 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отбасы, ошақ қасындағы оқиғалар көбіне-көп «жабулы қазан жабулы күйінде» қалатынын қоғам қалыпты жағдай ретінде қабылдап келді. Алайда жыл сайын «қорғаушым, тірегім, серігім» деген ең жақын адамдардың зорлығы мен қорлығынан елімізде жүзге жуық қыз-келіншек мерт болып, қаншамасы өз-өзіне қол жұмсауға дейін барды.

Зорлыққа – зор жаза

Астана қаласынан кейінгі 5 айда 2 мыңнан аса қоңырау келіп түсіп, хабар иелері зорлықтан құтқаруды өтінген. Өкініштісі, білегінің күшін әйеліне батырып, таяқтап, бассыздыққа салынып, баласын сабайтындар елімізде күн санап көбейіп барады.

Президент Қ.Тоқаев қол қой­ған «Әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заңды Мәжіліс депутаттары 2023 жыл­дың қыркүйегінде Мемлекет басшысының тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жауапкершілікті күшейтуді тапсырған Жолдауы­нан кейін әзірлеген болатын.

Құжатты дайындауға Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, сон­дай-ақ Ұлттық құрылтай­дың мүшелері белсене атсалыс­ты. Пар­ламент Мәжілісіндегі тал­қы­лаулармен қатар Сенатта ғана жиырмаға жуық жұмыс отырысы өтіп, жан-жақты талқыланды. Сон­дықтан иіні қанған заңдардың бірі деуге толық негіз бар.

Негізгі заңнамалық жаңа­шылдықтарға тоқталсақ, тұрмыс­тық зорлық-зомбылықты криминализациялау, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жазаны күшейту және онымен күресуде алдын алу шара­ларының тұтас кешені бар.

Әйелдер мен балалардың құ­қықтарын қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы бұл мәселеге баса назар аударып келеді. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент тұрмыстық зорлық-зомбылықпен кешенді күрес ізгілік жолындағы қоғам келешегінің кепілі екенін атап өтті.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен булингтен зардап шеккендерге көмек көрсететін 111 сенім телефонының іске қосылғанына жарты жыл өтті. Орталыққа осы күнге дейін 10 мыңнан аса адам жүгінген екен. Жаңа заң мұндай өкінішті көрсеткіштің кемуіне көмектеседі деген сенім мол.

 

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Сенат депутаты 

Соңғы жаңалықтар

Болмысы биік тұлға

Тағзым • Кеше

БАҚ пен тіл

Сұхбат • Кеше

Тасқын су толастамай тұр

Аймақтар • Кеше