Күннен күн озып, ол апта-айды, ай жылды құрайды. Осылайша жыл он екі ай айналып, уақыт алға жылжи береді. Міне, зырғыған уақытпен ілесіп, әп дегенше тағы бір жылды артқа тастап отырмыз. Халықаралық қалыптасқан Жаңа жыл тағы да есік ашып енді. Осы түсінікпен айтсақ, қой жылы да табалдырықтан аттады. Қой қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан төрт түлігінің бірі ғой. Аталарымыздың ішсе – асы, кисе – киімі болған жануар. «Қой баласын сүйеді қоңырым деп, ешнәрсені білмейтін момыным деп», «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деген секілді халқымыздың ауыз әдебиетінде кездесетін тіркестердің өзі сайын далада шаруасын баққан қазақтың жаугершіліксіз, тыныш, бейбіт өмірді қалайтынын айтып тұрғандай сезіледі маған.
Қой жылы халқымыз Алладан бақ-дәулет, тыныш өмір тілейді. Жаңа жылдан менің де тілегім осы – алдымен бейбітшілік болсын. Қазіргі компьютер заманында жақсы хабар да, жаман хабар да сүт пісірім уақыттың ішінде әлемнің бар түкпіріне тарап жатыр. Өркениеттің барлық кереметін көріп отырмыз, дегенмен, адамзат ойлап-тапқан жаңалығының барлығы да өзінің жақсылығына қызмет етсе екен деп тілеймін. Жер бетіндегі адамдар үшін бейбіт күннен артық қандай жақсылық болушы еді? Әкелеріміз соғысты көрді, сол соғыста шейіт болғандар қаншама, ауылға мүгедек болып оралғандар, жарақатынан азап шегіп қаза болғандар қаншама еді?
Мен де соғыс жарақаты жанына батқан майдангердің қызы едім. Ал қазір өркениетті заманда Украинадағы берекесіз жағдайды қалай түсінуге болады? Дәстүрі, салты, өнері әдемі халықтың тоз-тозы шығып жатыр. Алладан халқыма тыныштық тілеймін, сондай қиыншылықты біздің халқымыз көрмесін. Онсыз да «мың өліп, мың тірілген» қазақтың көрген құқайы аз емес қой. «Алдымен – экономика, сосын – саясат» ұстанымын ұстаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының бірлігін сөзінің басы етіп айтып отырады. Соған ризамын.
Әдетте, жылдың барлығы бірдей шаруаға қолайлы бола бермейді. Күз жауынды болып, астық кеш орылатын жылдарды бастан талай өткердік. Былтырғы жыл диқанға жеңіл болмады. Жаздың қуаңшылық, күздің жауынды болуы себепті қостанайлық диқандар егінді қар түскенде де орды. Бұл ауылдағылар үшін мехнаты көп, шығынды бейнет болды. Ылғалы мол астықты осы күнге дейін кептіру жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ, шүкір, аш отырған ешкім жоқ, барлығының да тілейтіні тыныш өмір. Осы көктемнен барлығымыздың да үмітіміз мол.
Өткен жыл да жалпы елімізге жаман болған жоқ. Жақында қорытындыланған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының алғашқы бесжылдығы аясында өндіріс адымдап дамыды. Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан халқына жолдаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы бүгінгі күннің жоспарындай сезіледі. Биыл ауыл шаруашылығы дамып, ауылға басым көңіл бөлінсе деген тілек бар. Ауыл – тамырымыз, ауыл – тірегіміз. Қалалар дамысын, бірақ ауылдан қол үзуге болмайды. Маңдайын күн қақтаған, қолы күстенген ауылдастарымды ойлап отырамын.
Елді мекендердегі тасжол жөнделсе, газ, су құбырлары тартылса, үйлер көбірек салынса екен. Жағдай жасалса, оқу бітірген жастар ауылға барғысы-ақ келеді. Өзім бүкіл саналы ғұмырымды ауылда өткізіп, ауыл шаруашылығында еңбек еткен соң, ауылға алаңдап отырамын. Ауыл шаруашылығы көтерілсе, ондағы өзекті мәселелер шешімін тапса деген тілегім бар. Халқымның ырыс-несібесі құтая берсін.
Жаңа жыл еліміз үшін жақсы, мерекелі, берекелі жыл болады деп білемін. Бейбіт өмірдің негізі қаланған елімізді көзге басқаша елестету де мүмкін емес. Алдымен Қазақстандағы ұлт пен ұлыстардың тату-тәтті өміріне, жұмылған жұдырықтай бірлігінге көз тимесін деңіз. Оны өзім күнделікті тіршілікте көріп-біліп отырмын. Еліміз Конституциясының, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Мұндай мазмұнды, маңызды мерекелер жас ұрпақты патриотизмге, елін сүюге тәрбиелейді, рухани байытады, халық арасындағы бірлікті, достықты нығайтады. Бірлік болса, тірлік болады. Бар адамның, бар ананың тілегі осы.
Кәмшат ДӨНЕНБАЕВА,
Социалистік Еңбек Ері,
КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
ҚОСТАНАЙ.