«Пәтерге көшкісі келетіндерге пәтер сатып алып береміз. Өз қонысында қалғысы келгендерге типтік үлгідегі үйлер саламыз. Мұндай үйлердің жобасы дайын. Бұл үйлер қысқа дейін толықтай салынып бітеді. Мен Үкіметке алдағы жаз мезгілінде, сондай-ақ күзде барлық құрылыс жұмыстарын бітіру және апат салдарын толық жою жөнінде міндет жүктедім», деген Президент сөзінен кейін енді ес жия бастаған елдің еңсесі көтеріліп қалғаны рас.
Президент тапсырмасы аясындағы жедел іс-шаралар өңірде жүйелі түрде қолға алынып, іске асырылып жатыр. Мысалы, Арқалық қаласында жұмыс істеп жатқан арнайы комиссия 73 үйді тұруға жарамсыз, қалпына келтіруге болмайды деп тапқан. Сонымен қатар су тасқыны кезінде баспанасыз қалғандарға арналып 27 пәтер сатып алуға республикалық трансферт арқылы 405 млн теңге қаржы бөлінді. Қазірдің өзінде Арқалық қаласына қоныс аударуға ниет білдірген Екідің, Қызылжұлдыз елді мекендерінің тұрғындары үшін 317 млн 183 мың теңгеге 24 пәтер сатып алуға келісімшарт жасалған.
Бұл пәтерлердің біріне бұрынғы Екідің ауылының тұрғыны, зейнеткер Сағира Ахметжанның отбасы қоныстанды. Сағира апайға екі бөлмелі пәтерінің кілтін қала әкімі Әмірхан Асанов табыс етіп, жедел штабқа келіп түскен гуманитарлық көмектен азық-түлік, төсек-орын, басқа да керекті жиһаздарды кіргізіп берді.
Қуаныштың көз жасын жасыра алмаған Сағира апа: «Мен отбасым далада қалғандай күй кешкен қиын сәтте көмек қолын созып, қамқорлығына алған Мемлекет басшысына, қала әкімдігіне өте ризамын. Пәтер күрделі жөндеуден өткен, тіпті жиһазға дейін әкеліп, орын-орнына орналастырып беріп жатыр», дейді.
Арқалық қаласына көшуге ниет білдірген Екідің және Қызылжұлдыз ауылдарынан барлығы 24 отбасы үшін пәтер сатып алуға 24 өтініш түсті. Құрылыс салушылармен 317 млн 183 мың теңге сомасына 24 шарт жасалды, олар бүгін шоттарға түседі.
Арқалық қаласынан өзге аудандарда да су тасқыны салдарын жою, оның ішінде бүлінген мүлік, зақым келген тұрғын үйлер техникалық тексеруден өтіп, шығын мөлшерін бағалау жұмыстары жүріп жатыр.
Зардап шеккендерге тұрғын үйлерін қалпына келтіру үшін ақшалай қаражат түрінде өтемақы төленеді. Тұрғын үйі апатты жағдайда тұрған және қалпына келтіруге болмайтын меншік иелеріне тұрғын үй сатып алуға немесе ауданы 80 шаршы метр болатын типтік жобадағы жаңа үй сатып алуға өтемақы беріледі.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, бүгінге дейін бірнеше ауданда жұмыс істеп жатқан арнайы комиссиялар ұзын-ырғасы 367 тұрғын үйді тексеріп шыққан. Комиссия 163 үйді қалпына келтіруге болады деген ұйғарым жасап отыр. Ал 204 үй мүлде қалпына келмейді.
«Мысалы, Амангелді ауданында 100 үй зерттелді. Оның 61-і қалпына келтіруге жарамайды, 39 үй жөндеуді қажет етеді. Жангелдин ауданында 84 үй зерттелді, оның 67-сі құлағалы тұр, 17 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады. Арқалық қаласында тексерілген 183 үйдің 107-сіне ғана жөндеу жүргізуге болады, қалған 76-сын сүріп тастағаннан басқа амал жоқ», дейді комиссия өкілдері.
Қостанай облысы