Аймақтар • 18 Сәуір, 2024

БҚО-да тасқыннан зардап шеккендер жәрдемақы алып жатыр

164 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы көктемгі су тасқынына байланысты күрделі де қиын кезеңді бастан кешіріп жатыр. Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласы тұсында қауіпті деңгейге жақындады, деп хабарлайды Egemen.kz.

БҚО-да тасқыннан зардап шеккендер жәрдемақы алып жатыр

Жергілікті төтенше жағдайлар департаменті таратқан хабар бойынша, өңірде осы күнге дейін 1226 тұрғын үй, 2994 саяжай үйін су алды. Тасқын кезінде 13 754 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Олардың 2323-і эвакуациялық бекеттерді паналаған, олардың жартысына жуығы – балалар. Бір тәуірі, адам шығыны жоқ. Бірақ 2406 бас үй жануары өлгені тіркелді. Бұл сәуірдің 18-і күнгі мәлімет.

П

Апаттан құтқару жұмыстарына барлығы 8241 адам тартылған. Олардың ішінде төтеншеліктер, ішкі істер қызметкерлері, ҰҚК, Ұлттық ұлан жауынгерлері, Қорғаныс күштері, жергілікті басқару органдарының өкілдері бар. Қазір облыс аумағында 1609 техника, 158 қайық, 202 мотосорғы, 2 тікұшақ құтқару қызметінде жүр.

Бүгінде облыс аумағындағы автожолдардың 22 бөлігі тасқын судың әсерінен бүлінген, полицияның бақылауында. Қаратөбе мен Шыңғырлау ауданының 9 елді мекені қазір орталықпен қарым-қатынас жасай алмай отыр.

Соңғы күндері Ресей Федерациясы аумағынан келген судың әсерінен Жайық өзені деңгейі көтеріліп жатыр. 18-сәуірде өзен арнасымен секундына 3 мың текше метр су өткен. Өзен деңгейі көтеріліп, жайылмада орналасқан саяжай аумағы су астында қалды.

Төтеншеліктер су тасқыны басталғалы облыста барлығы 1 020 мың текше метр еріген қар суы сорылғанын, 911 мың қапшық және 9 622 мың тонна инертті материал төселгенін хабарлады. Өзен бойлап салынған бөгеттердің ұзындығы 102 км-ге жетті.

Су тасқынының алғашқы кезеңінде зардап шеккен аудандарда қалпына келтіру жұмыстары басталып та кетті.

Мысалы, Қаратөбе ауданында табиғат апатынан келген шығынды бағалау үшін арнайы комиссия құрылған. Аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің айтуынша, мұнда 101 тұрғын үй мен 7 инфрақұрылым нысанына техникалық зерттеулер мен бағалау жасалып жатыр. Тасқын кезінде автожолдардың 8 бөлігі қираған еді. Қазір Сулыкөл және Жусандой ауылдарымен уақытша жол қатынасы қалпына келтірілген. Аққозы, Саралжын және Қаракөл ауылдық округтерінің тұрғындарын жол қатынасымен қамтамасыз ету үшін су өткізу бөгетін қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Тасқында баспанасын су алған 102 отбасына 369 200 теңге мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленген.

«Наурыздың 27-сі күні Қоржын ауылындағы 99 тұрғын үйге, 6 әлеуметтік нысанға су кірді. 28-29 наурыз күндері 288 тұрғын аудан орталығындағы Қажым Жұмалиев атындағы мектеп-гимназияның жатақханасына орналасты. Қазір мұнда 86 адам қалды, оның 58-і  -бала. Эвакуациялық бекеттегі Қоржын аулының тұрғындары алдағы аптада Аққозы мектебіне көшуді жоспарлап отыр. Қажетті төсек-орын жабдығы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің есебінен алынды. Келтірілген залалды есептеу үшін құрылған комиссия Қоржын ауылындағы 99 үй мен 6 нысанға, Қаратөбе ауылындағы 2 тұрғын үйге, Үшана ауылындағы балабақша ғимаратына техникалық зерттеу және бағалау жұмысын жасап жатыр. Қалдығайты мен Жақсыбай өзендеріне көпір салу туралы ұсыныс айтылып, талқыланды», дейді Қадыржан Сүйеуғалиев.

Биылғы су тасқынынан зардап шеккен ауданның бірі – Сырым ауданы. Мұнда да төтенше жағдай салдарынан келген шығынды анықтау комиссиясы жұмыс істеген. Аудандық комиссия 238 үйді су басқанын анықтап, оның 114-ін тұруға жарамсыз деп таныды. Зардап шеккендерге жаңа тұрғын үй салуға арналған орындар белгіленді. Сондай-ақ 222 отбасына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы жәрдемақы төленді.

«Өлеңті ауылына 22 жаңа үй салынады. Жымпиты ауылында да жаңа жер анықталды. Біз үйі суға кеткен тұрғындарды басқа жерге, қауіпсіз орынға салынған жаңа үйлерге көшіреміз. Қазір жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр», дейді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов.

Жайық өзенінің тасқыны Ресей шекарасынан ең алдымен Бөрлі ауданы аумағына кіреді. Аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов өзен бойында 9 елді мекен, 2300 үй, 8374 тұрғын тұратынын хабарлады. Бұл жерлерде жергілікті құтқарушылар, Маңғыстау мен Қызылорда облыстарынан келген қызметкерлер, әскерилер жұмылып, қауіпті тұстарға 10 шақырымнан асатын бөгет салып үлгерген.

Ал Бәйтерек ауданында 20 елді мекен өзен бойында орналасқан. Аудан басшысы Марат Тоғжановтың айтуынша, мұнда ұзындығы 26,5 шақырым, орташа биіктігі 3 метр бөгет тұрғызылды. Ауданда су тасқынына қарсы жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеп тұр.

Жайық жағасындағы Теректі ауданында да тасқынға қарсы жұмыс қызу жүріп жатыр. Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова аудан аумағындағы 19 елді мекенде 12 шақырымға жуық бөгет салынып, 80 мыңдай қапшық төселгенін хабарлады. Ауданда 2 эвакобекет әзірленген.

Жайық өзенін көршілес Атырау облысына шығарып салатын Ақжайық ауданы аумағында 32 елді мекен өзен жағалауында орналасқан. Аудан әкімі Мұрат Сердалин су тасқынына қарсы жұмыс барынша атқарылып жатқанын айтты. Округтерде 46 эвакуациялық бекет 13 572 адамды қабылдауға дайын.

Қазір бүкіл Қазақстанның назары Жайық өзеніндегі су тасқынына, Батыс Қазақстан облысына ауып тұр. Жер-жерден жеткізіліп жатқан гуманитарлық көмек те аз емес. Сәуірдің 5-18 аралығында өңірге 569 527 кг гуманитарлық жәрдем жеткізілген. Оның 75 000 келісі – әуе жолымен, 494 527 келісі – теміржол және автокөліктермен жіберілген. Бұл көмекті қабылдап, таратумен Азаматтық альянстың өңірдегі басшысы Аслан Тапишев бастаған 500-ге жуық ерікті, студенттік ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері және қала тұрғындары тәулік бойы үздіксіз айналысып жүр.