Спорт • 19 Сәуір, 2024

Маңғыстау гимнастикасы – жеңіс тұғырында

231 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстауда көркем гимнастикаға қызығу­шылар саны артып келе­ді. Бұған кейінгі айларда аталған спорт тү­ріне жан бітіп, түрлі деңгейдегі сайыстардан жер­лес­тердің жүлделі оралуы себеп болса керек. Жақында Маңғыстау көркем гимнастшылары жүлде қорын тағы бір ай­тулы жетістікпен толықтырды. Олар сәуір айында Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен халықаралық турнирде жеңіске жетті.

Маңғыстау гимнастикасы – жеңіс тұғырында

– «Келешек-2024» халық­аралық турниріне Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжаннан 600-ден аса гимнастшылар қатысты. А тобында Әзербайжан және Қырғызстан ұлттық құрама мүшелері бақ сынасты. Маңғыстаудан барған 22 гимнастшы үлкен аренада өнер көрсетті. Жарыс нәтижесі бойынша спортшылардың 12-сі қола, 13-і күміс жүлдені еншілеп, 11-і алтын медальмен марапатталды. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Да­йындықты жалғастыра бере­міз. Маңғыстау гимнастшылары алда зор жетістіктерге жететініне сенім мол, – дейді облыс­­тық аталған спорт түрі феде­ра­циясының басшысы Аида Садатқызы.

Федерация басшысының айтуынша, Қазақстан құрамасы спорт шеберлері және спорт шеберіне үміткер бағдарламасында өнер көрсеткен топтар бойынша жалпы есепте 2-орынға ие болған және бірқатар маңғыстаулық гимнастшылардың үздік нәти­желері үшін Қырғызстан көр­кем гимнастика федерациясы кубо­гімен марапатталуы да өңір гим­настикасының бүгінгі деңгейін, қарқынын таныта түседі.

Әрі өнер, әрі спорт саналатын көркем гимнастика адам тұлғасының қалыптасу, жетілу сымбатына ерекше күш береді. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін жаттығуға қатысушылар қатарының сиремеуі де сол себепті болса керек.

 

Маңғыстау облысы