Театр • 18 Сәуір, 2024

«Ревизордың» күлкісі

69 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Күлкінің де түр-түрі болады. Ұлы Мұхтар Әуе­зовше айтсақ, жақынды қуантатын күлкі, жатты суалтатын, сорақыны мұқатып, келеңсізді келе­междейтін, сол арқылы кемшілікті жоюға меңзей­тін күрескер күлкі бар. Сонымен қатар жеңілтек, сұйық, көңілсіздер санатына арналған көңіл ашар, зілсіз күлкі де өмір сүреді.

«Ревизордың» күлкісі

Айналамызда әлі де жиі ұшы­райтын сөзінің салмағы жоқ кейбір тоғышар топқа лайық мыс­қыл, мазақ күлкімен аталған тізім­ді және толықтырып қоюға  болады. Сыны мен сырына, сипаты мен қалыбына қарай езуіңізге үйірілер көңіл күй көрінісі алуан-алуан болып осылайша кете бе­реді. Ішінен оқиға ауанына сай, сәйкесін көңілге қондырасыз.

Ал Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, режиссер Нұрқанат Жақыпбай Жастар театры сахнасында тудырған орыстың ұлы жазушысы Николай Гогольдің әйгілі «Ревизорында» аталған күлкілердің барлығына да орын бар. Мұнда күлкіге кеңістік кең қамтылған. Қалай күлемін десеңіз де себепсіз емес. Тек барлығы өзіңізге, түсінік-таным, өмірді қа­был­дауыңызға байланысты.

Жанрын комедия деп белгі­леген спектакльдің табиға­тына сай түрлі-түсті киіммен жасанған, баттастыра боянған кейіпкерлер образы да бірден баурап, ә дегеннен күлкі әлеміне ертіп әкетеді. Әйтсе де асығыстық таныта көрмеңіз, Сіз тамашалайтын бұл «Ревизордың» діттегені тіпті де ол емес. Әре­кет дами, оқиға өрби келе қойы­лым мазмұны қатпарлана түседі. Езуіңіздегі күлкі сап тыйылып, енді спектакль ішінен әрқайсысыңыз өзіңіз бен айналаңыздағы адам­дардың мінезін іздей бас­тайсыз. Әуелгі күлкіңіз де іштей өз-өзіңізбен арбасуға, ойлануға жетелейді. Түйсігіңізбен сезіп, бірақ мойындағыңыз келмеген шындықты көресіз сахнадан. Сөйтіп өз өміріңізге бір сәт сырттай бақылау жүргізіп, бар­лау жасауға таптырмайтын мүм­кін­дікке ие боласыз. Өйткені сахнада жүріп жатқан өмір тіпті де Гогольдің сонау XIХ ғасырдағы сынаған жағымпаздық пен жалтақтық, ашкөздік пен аярлық, парақорлық пен парықсыздық жайлаған көзбояғыш қоғамы емес, сіз бен біз тыныстап жүрген бүгінгі тірліктің боямасыз бет-бейнесі. Сонысымен де қойылым қатыгез, шектен тыс қатал.

Жазылғанына екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, жүйе жаңала­нып, қоғам қайта құрылса да, сол Дуанбасы, сол Земляника, сол Бобчинский мен Добчинский «ара­мыздан алшақтады, қарасын мүлдем үзді» деп айта аламыз ба? Керісінше, ол кейіпкерлер географиясын кеңейтіп, енді тек орыстың емес, әлдеқашан жаһандық сипат алған. Міне, осы кілтті режиссер адаспай тапқан. Мәселенің мәйегіне дөп түскен. Сондықтан да Нұрқанат Жақыпбайдың кейіпкерлері Гоголь суреттеген болмыстан бірнеше есе қатыгезденіп, олардың сайқымазақ әрекеті барынша баттасып, бадырая көрінеді. Сахна декорациясы мен актерлер киіміндегі шектен тыс алабажақ бояу, клоунадалық кейіп комедия жанрына тән дегенмен де, жалқы бір сәтте ішкі түйсігіңіз «сахнадағы сол сайқымазақ бүгінгі жер басып жүрген сіз бен біз емес пе екен» деген ойдың ұшығын санаңызға және ұялатады. Анау актерлердің иығына ілген целлофан тігісті жылтырақ киімдері ше? Оның да сыртқы сұлулыққа, сыртқы мінсіздікке мастанып, адами тереңдік пен рухани байлықтан ажырап бара жатқан жылтырақ мінездердің жиынтық бейнесі еместігіне кім кепіл? Қалай дегенмен сахна – образды ойдың омартасы емес пе? Бәрі де мүмкін. Режиссердің гротеск тәсілімен ойнағаны сон­шалық, өнер арқылы өмірдің надандыққа белшесінен батқан, ақша, билік деп ар-иманның белінен басып жүре беру таңсық болудан қалған, ниет-пиғылы тұ­нықтығын әлдеқашан жой­ған адамдық қасиеттердің күй­реуін залым күлкімен аяусыз әжуа­лайды. Енді мүлдем күл­мей­сіз. Керісінше зұлмат бір қор­қыныш жүрегіңіздің түкпіріне тұнған не­бір аяулы сезімдері аямай жаныштайды. Сондықтан да күл­кіңіз бір-ақ сәтте күңіреніске ауысып жүре береді. Енді бір сәтте биік адамгершілік пен жү­рек­тің тазалығын аңсап өксіп-өксіп жылағыңыз келеді. Иә, сахнада комедиялық көңіл күй, бірақ сіздің жан дүниеңіз үнсіз егіледі. Неге? Себебі Сіз өзіңіз мойындағыңыз келмеген, дұрысы мойындауға батылыңыз бармаған кер заманның келбетін көресіз. Гогольдік кейіпкерлердің мінезін жеке-жеке бөліп алып, баттастыра реңк берген режиссер шешімі шымбайға батса да, шырқыраған шындықты үлкейткіш әйнектің әсеріндей айқындықпен көз ал­дыңызға ақтарып-ақ тастайды. Оқиға дамыған сайын қоюлана, мінез бедері күрделене түскен қойылым, бетпердесі сыпырылған пенделердің қорғансыз күйін келеке қылады. Сөйтіп, комедиялық сарынмен басталған спектакль бір­ден трагифарстық сипатқа түседі.

Бұл көріністен не түйеміз? Өмірдегі өз ар-ожданымызды өзі­міз таптайтын жағымпаздық, пара­қорлық секілді трагико­мизм­нің сілемдері бүгінгі тіршілігімізде де әлі жалғасып жатыр екен. Тір­ші­л­ік бар жерде жағымпаздық та, то­ғышарлық та жойылмайтын көрінеді, яғни адам­дық қалыптан ажырап, көз­бояу ғұмыр кешер қоғам жойыл­май, ревизор да, оған жағы­ну­шылар да қай заман­да да ара­мыздан табылады деген­ге мең­зейді. Демек «Ревизор» – мәң­гі­лік! Гогольдің ұлылығы да, ре­жиссердің көрегендігі де осында!