«Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөз босқа айтылмаған. Отбасындағы ынтымақ-бірлік пен жарасымды тіршілік әйелге тікелей байланысты. Қай үйде әйел өзін жайлы, бақытты сезінсе, үнемі күліп-ойнап, көтеріңкі көңіл-күймен жүрсе, өміріне риза болса, сол үйде жарасымдылық та, молшылық та, бақ-береке де тұрақтайды. Ондай үйдің ер-азаматы әрқашан табысты болып, тәрбиелеп өсірген ұл-қыздары да жақсы адам болып өседі. Сол сияқты қай елде әйелдің құқығы толық қорғалып, гендерлік теңдік салтанат құрса, сол елдің мәдениеті кемелденіп, ғылым-білім, технология мен өнеркәсібі алға басып, экономикасы қуатты, қоғамы тұрақты болып жатыр.
Сол себепті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданып отырған заң елімізде гендерлік теңдіктің нығаюына және отбасылық зорлық-зомбылықтың тыйылуына әсер етеді деп сенемін. Түптеп келгенде бұл құжаттың қабылдануы Қазақстанды адам құқығы толық қорғалатын, қауіпсіз, өркениетті елге айналдыру жолындағы маңызды қадам болмақ.
Гүлжаһан САЙЛАУҚЫЗЫ,
педагог