06 Қаңтар, 2015

Индустрияландыру іс үстінде

1837 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

ИндустриализацияЕңсерілген жетістіктер екінші бесжылдықта еселене түсуі тиіс

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының алғашқы бесжылдығы аяқталды. Енді екінші бесжылдықты бастадық.   Жалпы, бұл бағдарлама қазіргі таңда ел экономикасының өзегі болып отырғанын айрықша атап өткен жөн. Дамудың дара даңғылына айналған бұл стратегия аясында біздің ел қаншама жетістікке қол жеткізіп, ол бүгінгідей беймаза кезеңде әлемдік экономикалық қауіптердің әсерін соншалықты сезін­беуге септігін тигізіп отыр. Айталық, ҮИИДБ шеңберінде 2010-2014 жылдар аралығында 75 мың тұрақты жұмыс орындарын құра отырып, 770 жоба іске қосылды. Пайдалануға берілген жобалардың 80 пайызы жоспарлы қуаттылыққа шықты. Оның 56 пайызы 100 пайыздық жүктемемен жұмыс істей­ді екен. Сондай-ақ, жаңа кәсіп­орындар 4 трлн. теңгеге өнім шығарып, оның 628 млрд. теңге­дегі өнімін экспорттады. Бұдан өзге өңдеуші өнеркәсіптің жалпы көле­мінен картаға енгізіл­ген жоба­лар есебінен 12,4 пайыз өнді­рілген, яғни, 594,3 млрд. теңге­ден 4,8 трлн. теңгеге дейін болып отыр. Бас­тысы, индустрия­ландыру карта­сының жаңа өнді­рістерінде Қазақстанда бұрын-соңды өндірілмеген жаңа өнімдер шығарылған. Өткен жылдың соңында осы бағ­дарламаны қорытындылаған теле­көпірде Елбасы: «Іздеген сайын табылып, игерген сайын көбейе беретін бір ғана қазына – бұл индустрия мен инновация» деген еді. Мемлекет басшысы бұл ретте ғылымды өндіріспен ұш­тастырып, инновацияға ие болудың маңыздылығына тоқталған. Шын­дығында, бұл бағдарлама аты айтып тұрғандай, ел экономикасын индустриялық-инновациялық же­тістіктерге жетеледі. Индус­т­рия­лық-инновациялық сектор зор көрсеткіштерге қол жеткізді. Иә, бес жыл ішінде Қазақстанда бұрын өндірілмеген тауарлар шығарыла бастады. Тау-кен өн­діру саласының ІЖӨ-дегі үлесі 16,5 пайызға азайды. 5 жылда бұған дейін Қазақстанда өнді­ріл­меген, мүлде жаңа 400 өнім түрі игерілді. Өңдеуші сектор Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бергі уақытта экономикаға салын­ған барлық шетелдік инвести­ция­ның 70 пайызын дерлік бірін­ші бесжылдықта алды. Жұмыс­шылары жоғары білікті, еңбек­ақы­сы лайықты, мүлде жаңа дең­гейдегі тұрақты жұмыс орындары құрылды. Бүгінде өнеркәсіптік секторда жұмыс істейтін қазақ­стандықтардың жалпы саны 1 миллионнан асады. Өңдеуші өнеркәсіптегі ең­бек өнім­ділігі 60 пайызға артты, әрбір жұмысшы жыл сайын орташа алғанда 20 мың доллардан артық өнім шығаратын болды. Экономиканың энергия қамтымдылығы осы жылдар ішінде 19 пайызға жуық төмендеді. Экономиканың машина жасау, мұнай өңдеу, электр энергетикасы секілді жаңа ірі салалары пайда болды. Қазақстанға әлемнің ірі индустриялық алпауыттары – Airbus, General Electric, Alstom, Eurocopter, Toyota, Ssang Yong, LG және басқа­ла­ры келді. Қазақстанның тита­ны қазір­дің өзінде еуропалық Airbus авиа­құрастырушы концерні сұраны­сының 15 пайызын өтеп отыр. Индустрияландыру аясында ин­фрақұрылым базасы кеңейді, 4 мың шақырымнан астам автожолдар, 1700 шақырым теміржолдар салынып, жаңғыртылған. Соңғы бірнеше жыл ішінде әлемнің ешбір елінде тура осындай ұзын көлік күрежолдары салынбаған екен. Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында машина жасау саласында теміржол вагондарын шығару 10 есеге, дизельдік локомотивтер 2,5 есеге артқан. Осы бес жыл ішінде отандық автоөндірісте жеңіл автокөлік шығару 12 есеге, тракторлар 6 есеге көбейген. Ал мұнай қондырғыларын шығару бұған дейінгі көрсеткіштен 3 есеге өскен. Сонымен қатар, химиялық өнер­кәсіпте шығарылатын өнім­дер аталымы кеңейді. Индус­трияландырудың бесжылдығында отандық құрылыс материалдары 2 есеге артты. Қазір құрылыс материалдарының 80 пайызын өз еліміз шығарады. Цемент өндірісі екі есеге артып, 4 млн. тоннаға жетті. Фармацевтика саласы да қарқынды дамып отыр. Осы уақыт ішінде медициналық, фармацевтикалық өнімдер түрі 500 бірлікке артты. Ал шығарылатын өнімдер үш есеге көбейді. Ауыл шаруашылығы саласы да жоспарлы түрде дамып келе жатыр. Мәселен, агроқұрылымда 2010 жылмен салыстырғанда ірі қара мал басының саны 50 пайыз­ға артқан. Ал өнеркәсіп жылы­жайларының алаңы осы жылдар ішінде 3 есеге өскен. Бүгін­гі күні қаражат салып, ауыл шаруа­шы­лығының өнімін өндіруді қолдау арқасында біздің ішкі нарығымыз өзіміздің өніммен 80 пайызға дейін қамтамасыз етіліп отыр. Еліміз жаһандық экономика кезігіп отырған қиындықтарға қарамастан, 2015 жылға өсім­мен қадам басты. Енді, міне, индустриялық-инновациялық да­мудың екінші бесжылдығын жү­зеге асыру бас­талды. Осы бағ­дарлама негізінде 2020 жылға қарай жоғары технологиялық өнім үлесі ІЖӨ-нің 1,5 пайызынан 5 пайызына дейін өсуі тиіс. Кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтер секторы бүгінгі 8-ден 20 пайызға дейінгі өсімді қам­тамасыз етуі қажет, ең бастысы – ол жекеменшік сектордағы инновация­ны дамыту есебінен жасалғаны жөн. Өткен жылғы қорытынды телекөпірде Мемлекет басшысы Үкімет алдына осындай тапсырмалар жүктеген болатын. Нұрсұлтан Назарбаев республикада жаңа өңдеуші кәсіпорындар құру қажеттігіне, оған шетелдік капиталдың қатыстырылу жайына тоқтала келе: «Сірә, бізге жаңа мұнай өңдеу зауытын және мұнай-газ саласының бірнеше ірі кәсіпорнын салу қажет болар. Қымбатқа түсетіндігіне қарамастан, олар химия өнімінің барлық бағытын қамтып, газдан дәрі-дәрмекке, киімнен полиэтиленге дейінгінің бәрін шығарады. Сондай-ақ, Қазақстанда бүкіл әлемге қажет кабель өнімінің толық циклін қамтитын жаңа мыс қорыту комбинатын салуға тырысу керек. Жалпы алғанда, шаруа көп, ­индустрия осы жолмен жүруге тиіс. Үкімет алдына қоятын міндетім – жаңа 5 өңдеу зауытын салу үшін Қазақстанға ең кемі 5 ірі трансұлттық корпорацияны тар­ту», деді. Қазақстан Президенті сондай-ақ, бүгінде жалпыұлттық және жергілікті деңгейде нақты инфра­құрылымдық даму нысандары айқындалып, тиісті қаражат бөлін­генін айтқан. «Әрбір жауапты министр мен вице-премьердің, аумақ әкімінің, мердігер компания басшысының жұмыс күні құрылыс жұмыстарының және қаражатты тиімді пайдаланудың инспекциясын жасаудан басталуы тиіс. Инфрақұрылымдық жобалар жөніндегі барлық кеңестерді шенеуніктердің жылы кабинетінде емес, құрылыс алаңдарында өткізу қажет. Тек сонда ғана нәтиже болады және қазақстандықтардың билікке сенімі артады», – деген Елбасы Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжыл­дығында да ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын қадап айтқан. Ендеше, бірінші бесжылдықта жемісін берген бағдарлама келесі бесжылдықта да еселене түсеріне сенім зор. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».

Жаңа кәсіпорын

Экономика дамуының негізі – мұнай саласы мен теңіз портына қатысты Маңғыстауда жаңа кәсіпорын іске қосылды. DSC_5134 Ақтау халықаралық теңіз-сауда портына жақын маңайдағы қажетті инфрақұрылымдармен толық­­тай қамтамасыз етілген 8 мың га-ға жуық аумаққа орналасқан кәсіпорын «Алтын Қыран» компаниялар тобына кіреді. Сақтау қуаты 50 мың м³ сыйымдылықты құрайтын оның бір жылда шамамен 2 млн. тонна көлеміндегі қара және ашық түсті мұнай өнімдерін ауыстырып тиеу мүмкіндігі бар. Құны 7,5 млрд. теңгені құрайтын терминал қазақстандық үш мұнай өңдеу зауыттарының өнімдерін экспортқа шығарумен және су жолымен келетін мұнай өнімдерін Қазақстан аумағы арқылы импорттаумен, сол арқылы еліміздегі мұнай тасымалын жүзеге асырумен айналысады. Индустрияландыру карта­сына­ енгі­зілген бұл жоба еліміздің ­мұ­най-газ жо­басындағы қазақ­стан­дық құрам­­ның үлесі мен бюд­жетке түсетін салықты өсіретіндік­тен экономикалық тиімді деп есеп­телсе, мұнда қосымша 140 жаңа жұмыс орнының ашылуы тұрғындардың әлеуметтік ахуалын арттыратын болады. Айтуға тұрарлық тағы бір ерекшелік – экологиялық қауіпсіздік мәселесі. Бұл тұрғыда жаңа, яғни буды рекуперациялайтын инновациялық құрылғылар пайда­ланылатындықтан, резервуардағы мұнайды құю-алу барысында атмосфераға шығатын зиянды заттар көлемі 95 пайызға азаяды екен. Сондай-ақ, еліміздегі алғашқы мазутты жылы май арқылы жылытатын жаңа технология да осы терминалда қолданылады. Мазут сынды жабысқақ өнімдерді қыс мезгілінде тасымалдау қосымша күш, шығындарды қажет етеді. Мысалы, мазутты ескі тәмсіл бойынша құйып алу бір жарым тәуліктен үш тәулікке дейін созылса, енді заманауи УРСН жүйесі, яғни мұнай өнімдерін қыздырып құйып-алу қондырғысы бойынша жұмыс біраз жеңілдей түспек. Германиялық «Геккаконус Термомат ТН2-2РЭОН» қазаны негізінде жұмыс істейтін жылыту жүйесі құбыр желілерінің қызмет көрсету мерзімін ұзартып, мазутты қыз­дыру уақытын азайтумен бірге су дайындау немесе өнімді суландыру қыз­метін қоса атқаратындықтан еңбек өнім­­ділігін арттыра түседі деп күтіледі. Көлік-логистикалық, транзит­тік көкжиекті кеңейтуді мақсат еткен елімізде жаңа терминалдың ашылуы аталмыш саладағы әлеуеттің артуына себін тигізеді, терминал мұнай өнімдерін Қазақ­стан арқылы Бакуге, Батумиге немесе Иранға, сондай-ақ, Түрік­менстан, Әзербайжан зауыттарынан Орталық Азия және Ауғанстан елдеріне тасымалдауға мүмкіндік береді. Теміржол тасымалының, сервистік қызметтің дамуына әсер ететін жоба Каспий теңізі аумағында Ақтау портының әлемдік сапа және қызмет көрсету стандарттарына сай дамып келе жатқандығын танытатын нысан ретінде де маңызды. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.

Екібастұз ГРЭС-1 стансасының қуаты 3500 МВт-қа жетті

1-40Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1 стансасында «Стансаның қуаттарын жаңар­ту және көбейту» жобасы мен ҮИИД мемле­кеттік бағдарламасы бойынша №2 энергоблокты қал­пына келтіру жұмыстары аяқта­лып келеді. №2 энергоблок іске қосылған соң, Екібастұз ГРЭС-1 стансасының қуаты 3500 МВт-қа жетті. Енді еліміздің біртұтас энергия жүйесінде энергия­мен жабдықтаудың үлесі артады. Өйткені, қуаты 500 МВт бола­тын №2 энергоблок жалпы желіге қо­сылды. Станса баспасөз қызме­ті­нің хабарына қарағанда, стан­са­дағы №2 энергоблогын жаңғыр­ту бағдарламасы алдағы уақыт­тарда қазандық және турбина жабдық­тарын қалпына келтіруді, электр жабдықтарын және заманауи автоматты бақы­лау құрылғыларын орнату­ды, сондай-ақ, «Альстом Пауэр Ставан» ЖАҚ өндірісінің электр сүзгіштерін қосуға жол ашады. Жобаның құны – 61,5 млрд. теңге. Бұл жұмыстар 2011 жылы 10 мердігерлік ұйымның қатысуы­мен басталды. Жыл сайын 500-ден астам уақытша жұмыс орны ашылды. Сөйтіп, станса ұжы­мы Мемлекет басшысының электр-энергетикалық инфра­құ­рылымды дамыту және экономи­каның орнық­ты дамуы мақ­са­тында жаңа өнеркәсіп нысан­да­р­ын электр энергиясымен қам­та­ма­­сыз ету жөніндегі тапсырмала­­­рын ойдағыдай орындауда. – №2 энергоблокты жұмысқа қосу стансада өндірілетін электр энер­­гиясы өндірісін ұлғайтуға мүм­кін­дік береді, – дейді Болат Нұр­жа­нов атындағы Екібастұз ГРЭС-1 ЖШС бас директоры Рыс­қ­ан Сы­­банбаев. Сонымен бірге, «Екібас­­тұз ГРЭС-1 қуаттарын жаңар­­ту және кеңейту» жобасы аясын­да №1 энерго­блокты да жаңғыр­туды 2017 жылы аяқтау жоспар­лануда. Ал, бұл жоба стан­саның жобалық қуатта­рын 4000 МВт-қа ұлғайтуға мүмкін­дік береді. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ЕКІБАСТҰЗ.