Саясат • 18 Сәуір, 2024

Қазақ-қырғыз зиялыларының алқалы жиыны

61 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысы Суйунбек Касмамбетов Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында Астана қаласында ұйымдастырылған Қазақ-қырғыз зиялылары мен шығармашылық өкілдерінің форумына қатысты.

Қазақ-қырғыз зиялыларының алқалы жиыны

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин аталған форум екі елдің зия­лы қауымы мен шығармашылық сала өкілдерінің бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасауына, сондай-ақ әдебиет, өнер және мәдениетаралық ықпалдастықтың басқа бағыттары бойынша заманауи әрі сұранысқа ие жобаларды қолдауға тамаша мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сонымен қатар іс-шарада Қырғыз­станның Мемлекеттік хатшысы Суйунбек Касмамбетов, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек ері Бақтықожа Ізмұхамбетов, Қырғыз Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік тіл және тіл саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Мелис Мура­талиев, Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Қырғыз Республи­касы Ұлттық ғылым академиясының академигі Абдылдажан Акматалиев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, «Мурас» Қырғызстан халқының тарихи және мәдени мұрасы қорының төрағасы Кыяс Молдокасымов сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды.

Форумда шығармашылықты шыңдау, ұрпақтар сабақтастығы және екі елдің рухани-мәдени мұрасын сақтауға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар әдебиет пен өнер саласындағы тың бастамалар, ынтымақтастықтың бүгінгі және келешектегі бағыттары талқыланды.