Үкімет • 19 Сәуір, 2024

Өрттің алдын алуға әзірлік пысықталды

158 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі басшылығының қатысуымен өрт қаупі жоғары кезеңіне дайындықты күшейту іс-шараларын пысықтады.

Өрттің алдын алуға әзірлік пысықталды

Бүгінгі таңда ТЖМ-де 441 өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді. Өңірлерде 230 ерікті құрылым, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың 709 бекеті бар. Вице-премьер мемлекеттік өртке қарсы қызмет жоқ жерлерде тағы 49 өрт сөндіру бекетін құруды жеделдетуді тапсырды.

Өрт қаупі жоғары кезеңге да­йындық шеңберінде 272,5 млн га алаң­да ғарыштық мониторинг жүргізі­леді. Алайда жер серіктерінен алынған деректер, тек ел аумағы толық барланған соң, бірнеше сағаттан кейін ТЖМ стансасына жіберіледі. Бүгінде ЦДИАӨМ виртуалды станса құру бойын­ша жұмыс істеуде. Бұл өрт ошағын анықтау және жер серіктен түсірілімді жүктеу арасындағы уақытты 20-40 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді. 

Орман қорының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық барысы Президент пен Үкіметтің ерекше бақылауында. Экология және табиғи ресурстар министрлігі 158 мемлекеттік орман иеленушіні тексерді. Тексеру қорытындысы бойынша сала басшысы Ерлан Нысанбаев «Семей орманы» резерваты, сондай-ақ Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстары өрт қаупі жоғары кезеңге толық дайын емес деп мәлімдеді.

Сонымен қатар ЖЖМ резервінің жоқтығы, орман өрт сөндіру стансалары ғимараттарының апатты күйде не тіптен болмауы, өрт сөндіру мұнараларының жетіспеушілігі, арнайы техниканың тозуы сынды кемшіліктер анықталған. Рациялардың болмауы және арнайы киімдердің жетіспеушілігі мәселелері де өзекті.

Қанат Бозымбаев былтырғы «Семей Орманы» резерватының трагедиясы қайталанбауға тиіс екенін атап өтіп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

«Абай және Қостанай облыстарында болған ірі табиғи өрттер­дің салдары әлі де есімізде. Әрбір қызметкерді өртке қарсы арнайы киіммен, рациялармен және қажетті құрал-жабдықтармен міндетті түрде қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді», деді Қ.Бозымбаев.

Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер өңірлердің әкімдіктеріне бір аптада табиғи өрттер қаупін төмендету бойынша өңірлік іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және бекітуді тапсырды.

«Облыс әкімдері өңірлік іс-шаралар жоспарларын іске асыруға тікелей жауапты», деді вице-премьер.

Сондай-ақ ТЖМ-ге бір апталық мерзімде аэровизуалды бақылау және өртті сөндіру үшін көрсетілетін тікұшақ қызметінің көлемін ұлғайту бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Экология министрлігіне орман қоры аумағында өрттерді ерте анықтау жүйелерін орнату, орман және та­биғатты қорғау мекемелерін мате­риал­дық-техникалық жарақтау жұмыс­тарын жандандыру тапсырылды.

Бұдан бөлек, ІІМ мен әкімдіктер өрт қаупі жоғары кезеңде жеке тұлғалардың орман қоры аумағында болуына жол бермеу, оның ішінде ықтимал қасақана өртеуден сақтау шараларын қабылдайды. Мұндай фактілер анықталған жағдайда азаматтар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады.