06 Қаңтар, 2015

Зиялы

441 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Жексенбек Еркінбеков...Сонау 1976 жылдың жаз ортасында республика Мәдениет министрлігінде бір жаңалық болды. Сол кездегі Мәдениет министрі Мүслім Базарбаев Сыртқы істер министрі қызметіне ауысты да орнына Жексембек Еркімбеков тағайындалды. Мен Мүсекеңнің – минис­трдің көмекшісі қызметін атқара­тынмын. Ал, министрдің орынбасары Жексембек Еркімбекұлымен алғаш танысып, біліскенім де осы кезде еді. Бірақ, қарым-қаты­насымыз қызмет шеңберіндегі әңгіме-әрекеттермен ғана шек­теліп қоятын. Сондықтан, енді ол кісі министр болып келіп жат­қанда «Менің қызметім қалай болар екен?» деген ой мені толған­дырмай қоймады. Бірақ, ол толғанысым көпке созылмады. Кабинетіне кіріп, министрлік креслосына отырған бойда, алғашқылардың қатарында жеке сөйлесуге мені шақырды. – Орынбасар, мен сені сыр­тыңнан көріп-біліп жүрмін, – деп бастады сөзін жаңа министр аса жылы жүзбен, жұмсақ дауыспен, – Қызметіңді жақсы атқарасың, Ленинград мәдениет институтын бітіріп келген жас мамансың. Ал, енді саған ұсынысым: министрдің көмекшісі ретінде қызметіңді жалғастырып, менімен бірге тағы бірер жыл жұмыс істе. Мен бұрын министр болып көргем жоқ, ал, сен Мүсекеңнің қасында жүріп, бұл істің ньюанстарын біліп қал­дың ғой, ретін маған айтып тұрарсың!... Осы алғашқы әңгімеден кейін-ақ ол кісі ойланып-толғанып жат­пай маған жүктейтін қыз­мет ауқымын, функциялық міндет­терімді анықтап берді. – Мәдениет министрі, әрине, творчество адамдарына, мәдениет қызметкерлеріне етене жақын болуы керек. Сондықтан, оларды белгілі күндері қабылдап, шығармашылық мәселелері айналасында кездесіп тұруымды ұйымдастыруды өзіңе тапсырамын. Біз халқымыздың рухани байлығын арттыруға жауаптымыз. Ал, оны жасайтын өнер адамдарының көңіл-күйін аулап, жас-кәрі демей әрқайсысына жеке-дара қолдау көрсетіп, ықылас таныту ең маңызды мәселе. Олар – эмоцияның адамы. Эмоциялық сезімсіз шабыт келмейді, өнер туындамайды. Шығармашылық процесті қолдап, қолпаштап, алақанға салып аялап тұрмаса, шабыттың қанаты қырқылады. Сон­дай-ақ, өзің білесің, мәдениет саласы тұрмыстық-әлеуметтік мүмкіндіктерге әрқашанда зәру. Пәтермен, жатақханамен қам­тамасыз ету, материалдық көмек көрсету мәселелерін Үкімет алдына қойып, күнделікті назарда ұстап отырмасақ болмайды. Бұл мәселелерге де сен тікелей қаты­сып, атсалысатын боласың!... Осындай келелі проблемаларды көмекшісі ретінде маған тапсыру арқылы, олардың ауырт­палығын тікелей өз мойнына алған министрге қарап, «онысы несі екен!?» деп ойладым іштей. Әйтпесе бұған дейін ондай мәселелерді министрдің орынбасарлары, бөлім, басқарма бастықтары бөлісіп атқаратын. Жиырмасыншы ғасырдың 70-80 жылдары Қазақстанның экономикасы мен мәдениетінің дүркірей өсіп, гүлденген кезі еді. Ел жұртшылығының әл-ауқаты жақсарып, әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлінді. Қоғамдық ортада рухани байлықтарға сұраныс көбейді, шығармашылық орта кеңейді. Осындай өрлеу кезеңінде халық шаруашылығының әртүрлі салаларын басқарған білгір де білікті, мемлекет қайраткерлері шыңдалып өсті. Солардың бірі Жек­сембек Еркімбеков еді. Жал­пы, қоғамдағы серпіліс ол кісі­нің өз бойындағы табиғи ең­бекқорлығымен, талғау-таны­мы, азаматтық ұстанымы қасиет­тері­мен ұштасып, осындай тұлға­ның қалыптасуына себепкер болды. Осы айтылмыш жылдары мәдениет пен өнер саласы қыз­меткерлерінің материалдық, тұр­мыстық жағдайлары айрықша жақсарды десек артық емес. Үйсіз-күйсіз жүрген театр әртістері мен музыканттарға, кітапханашылар мен жазушы, суретші, кинематографистерге арнайы пәтерлер мен жатақханалар салынды. Айталық, тек Алматы қаласының өзінде театр, концерт, мәдениет-ағарту мекемелеріне жыл сайын 90-100 пәтер мемлекет тарапынан бөлініп тұрды. Оның үстіне, белгілі өнер қайраткерлері жеке меншігіне сатып алу үшін жеңіл автомобильдер бөлу, жас мамандарға, еңбек ардагерлеріне ақшалай көмек көрсету сияқты істер жүйелі жолға қойылды. Міне, осындай қыруар мате­риал­дық мүмкіндіктерді сала қызметкерлеріне тең кезегімен, еңбегіне, әлеуметтік жағдайына қарай бөлу, осы жағын қатаң қада­ғалау жұмыстарын министр Еркімбеков маған тапсырды. Негізінде жеке басы қамынан гөрі қарама­ғындағылардың жағдайын ойлайтын, тазалық, шындық принциптерін бетке ұстайтын Жекең өмірде қарапайым, қарым-қатынаста кішіпейіл, жайлы адам. Кейде тоқмейілсіген бәз-біреулер: «Әй, осы өз жағдай­ларыңды да азын-аулақ ойлап, аздап-аздап болса да неге пайдаланып қалмағансыңдар?!» деп таң қалғансып әзілдейді, әжуа­лайды. Мұндай әңгімелерге шамданған мен де: «Егер де осынша лауазымға жеткен адам, шынында да, аракідік өз қамын ойлап қойса да айып болмас еді-ау? Құдайға шүкір, әңгіме кейіпкері 85-ке келіп отырған ардақты ақса­қал ағамыз қазірде лифті жоқ көп қабатты үйдің 5-ші қабатында тұрар ма еді?!...» деп ойлаймын. Бірақ, ол заманда бұл тақы­рыпта Жекең екеуміздің арамызда әңгіме болмақ түгілі, ол туралы ойлауға арымыз бармайтын. Керісінше, қарамағымыздағы меке­мелердің тізімдерін алып, «кімнің жағдайы қалай екен?» деп өзіміз іздеп, сүзіп отыратынбыз. Жылт етіп жаңа шыққан жас таланттарға жеке көңіл бөліп, ерекше қамқорлыққа алатын Жекең­нің өзі. Осы бір мысалдарды ежіктей келтіріп отырғандағы мақсатым не? «Біз қандай ақжүрек патриот едік!» деп мақтану ма? Әл­де Жекең сияқты ардақты тұлғалардың халықшылдық болмысын мадақтау ма? Бүгінгі күн тұрғысынан өткенге көз салып, Ж.Еркімбеков сияқты ел азамат­тарының еңбек, өмір жолдарына сараптау жасау арқылы қандай тәлімдік қорытындылар жасауға болады? Қалай дегенімен де қай кезеңде болмасын басқару ісіндегі бар мәселе адам факторына, оның моральдық мазмұнына, кәсіби деңгейіне келіп тіреледі. Осыған байланысты Жекең­нің еңбек жолынан мынандай штрихты келтіре кетейін. Ол кісі мәдениет министрі болып тағайындалғанға дейін осы са­ланың көпшілік мекемелерінде, өнер ұжымдарында жетекшілік, басқару жұмыстарын атқар­ды. Мансап сатысының баспал­дақтарымен біртіндеп көтерілді. Сон­дықтан да оған бәрі таныс, бәрі белгілі еді. Мәдениет мәселелері бойынша оған арнайы, қосымша мағлұмат, баяндама дайындаудың қажеті бола бермейтін. Театр, концерт мекемелері ғимараттарының ішкі-сыртқы материалдық жағдайлары министрге әр уақытта белгілі-тін. Сала қызметкерлерінің Жекеңді, Жекеңнің оларды біліп-тануы да өнер проблемаларының ақылдасу арқылы тез шешімін табуына септігін тигізді. Мәдениет министрі дүниеге сирек келетін жеке-дара дарын иелерімен, жас өнерімен халықты аузына қарататын талант иелерімен жұмыс атқарады. Бірақ, өнерпаз қауымды басқару мәселесі аса ерекше тәсілде жүргізіледі. «Басқару» деген сөз ол өзінің тікелей мағынасында бұл салаға келіңкіремейді де. Жоғарыда айтып кеткендей, Ж.Еркімбековтің жұмыс тәсілін былай қорытындылауға болады: «Шығармашылық процесс табысты дамуы үшін жағдай жаса, қолыңнан келгенше, құзырың жеткенше көмек көрсет, қызмет ет. Әрбір өнер иесінің мінез-құлқы, мақсаты, тұрмыс жағдайы есепте болсын. Олардың азды-көпті жетістіктерін кезең-кезеңде жұртқа жариялап, мадақтап, марапаттап отырған абзал. Шығар­машылық еңбектері тартымды талдау, сындарлы сын көрсе екен дейді дарын иелері». Міне, бұл шағын мақала сайып келгенде мәдениет саласын басқарудағы Жекеңнің салған үлгісіне арналды. Басқару – өнер. Қай деңгейдегі, қай саладағы мекеме бастығы болмасын, бас­қару өнерін игеруі, оны шебер қолдануы заман талабы. Өнер­сіз, өрсіз бастықтан халық тез жалығады. Мәдениет дүниесі Жексембек Еркімбековтен жалыққан жоқ, керісінше өсіп-өнді, бірге болды, тамаша үлгісі жалғасын тапты. Зейнеткерлік демалысқа шыққанына талай жылдар өтіп кетсе де «Біздің нағыз мәдениет министріміз!» деп артынан еріп жүрген шығармашыл өнерпаз қауым қанша десеңші! Орынбасар ИСАХОВ, мәдениеттанушы. АЛМАТЫ.