Пікір • 20 Сәуір, 2024

Мақсат – қылмыстың алдын алу

32 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент қол қойған жаңа заң арқылы 15 заңнамаға, оның ішінде 7 кодекс пен 8 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Ілеспе заң Әкімшілік құқық бұзушы­лық туралы кодекске түзетулер енгізуді қарастырады.

Мақсат – қылмыстың алдын алу

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Отбасылық-тұрмыстық зор­­лық-­зом­былық туралы заң шын мәнінде мем­лекеттің тең­­дік пен заң үстемдігі қағи­даттарына басымдық бере­тінін, құқық бұзушылыққа мүл­дем төзбеушілікті қалыптас­тыратынын көрсетеді. Заң әйел­дерге қатысты зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жазалау шара­­ларын күшейтеді. Атап айтқан­да, қазір денсау­лыққа қасақа­на орташа және ауыр зиян кел­тір­гені үшін тек 8 жылға дейін бас бос­тан­дығынан айыру қарас­тырылған. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру туралы бап та қа­таң­датылды: 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделеді.

Оған қоса қазір бұл қылмыс үшін әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қылмысты ауырлататын мән-жайлар болған кезде 1 000 АЕК-ке дейін айыппұл салуды не 2 жыл­ға дейін бас бостандығынан айыруды немесе шектеуді көз­дейді. Сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қайта біліктілігі бар ұрып-соғу үшін 80 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 25 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза көзделген. Ауырлататын жағдайларда ұрып-соғу 200 АЕК-ке дейін айыппұл салуға не 50 тәулікке дейін қамау­ға алуға әкеп соғады.

Сонымен қатар азаптау үшін жауап­кершілік күшейтілді. Енді 2 жыл­дан 3 жыл­ға дейін, ауырлататын жағдайларда 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделіп отыр. Осылайша, тіпті ең аз соққылар да салмақ­ты айыппұлдарды немесе ұзақ мерзімге қамауға алуды қам­тиды. Бұл отбасында жұды­ры­ғын ала жүгіруді әдетке айнал­дырғандардың әйелдері мен жақындарына қатысты агрессиясын айтарлықтай тежейді.

Балаларға қарсы зорлық-зом­былықтың кез келген түрін көрсету жауапкершілігі едәуір күшейтілді. Қылмыстық кодекс­те кәмелетке толмағандарға қар­сы ден­саулыққа зиян келті­ру­ден бастап ұрлау мен өлтіру­ге дейінгі қылмыстардың тізбе­сі жүйеленген және нақты анық­талған. Мұндай әрекеттерді жа­са­ған адамдар татуласуға байланысты қылмыстық жауап­ты­лықтан босатыла алмайды. Кә­мелетке толмағандарды өлтір­гені, зорлағаны, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныс­тық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі ең ауыр жаза қарастырылған.

Балаларды ұрлағаны үшін бұ­дан былай 10 жылдан 15 жыл­ға дейін (бұрын 7 жыл­дан 12 жылға дейін), ал заң­сыз бас бостандығынан айыру үшін 5 жылдан 10 жылға дейін (бұрын 5 жылға дейін) бас бос­тандығынан айыру көздел­ген. Алғаш рет 16 жасқа толма­ған адам­дарға жыныстық сипат­тағы зорлық-зомбылық жаса­ға­ны үшін қылмыстық жауап­кершілік енгізілді. Осы нормалар қабылданғанға дейін мұн­дай жауапкершілік 14 жасқа толмағандарға тиіскені үшін ғана қарастырылған. Ол үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл, түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар не 50 тәулікке дейін қамауға алу тетігі бар. Сонымен қатар айыпталушы белгілі бір лауазымдарды атқару және 3 жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылуы мүмкін.

Жаңа заң суицид жағдайларын да азайтуға бағытталған. Егер бұрын тек өз-өзіне қол жұмсауға итермелегені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген болса, енді өзін-өзі өлтіруге итермелеу және жәрдемдесу үшін жауапкершілік қарастырылады. Кәмелетке толмағандарға қатыс­ты мұндай әрекеттер 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады. Осылайша, бұл шаралар суицидтің алдын алуды да, кінәлілердің жауап­кершілігін де күшейтеді.

Жаңа заң педофилдер мен балаларды өлтіру фактісі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі ең ауыр жазаны қарастырады. Бұл жағдайда кез келген балама алынып тасталады. Осылайша, қоғамда мұндай адамдарға мүлдем төзбеушілік қалыптасады.

 

Үнзила ШАПАҚ,

Мәжіліс депутаты