Фото: qamshy.kz
Қарызы көптің тынысы тар
Қоғамның дамуы ең әуелі қаржыға келіп тіреледі. Алайда халықтың қаражаты көбінесе қарызға байланып тұр. Мемлекет кейінгі жылдары бұған мониторинг жасап, «Қарызсыз қоғам» қалыптастыруға мықтап кірісіп жатыр. Дейтұрғанмен бүгінде көптеген адамның жеке шоттары көгендеулі, банк картасы бұғаттаулы, шекара асуы шектеулі болып тұр. «Шаш ал десе, бас алатын» сот орындаушылар борышкердің бойына қан жүрместей қылып, «күретамырын» буып тастағаны анық. Қарызын қайтара алмай, борышын өтей алмай жүргендердің мысалы өте көп. Кейінгі 10 жылдың мұғдарында тіпті көбейіп кетті.
Мамандардың пайымдауынша, қарызын қайтара алмай қалғандардың қатары пандемиядан кейін артқан. Өйткені көптеген адамның жұмысы тоқтап, шаруасы шатқаяқтап, жалақысы кешіктірілген. Соның салдарынан қарыз-несиелер (сол кезде шегерілгенімен) өсімі ұлғайып, төлеуге қауқары жетпегендер «қара тізімге» іліккен. Қарыз беруші (банк) жай ғана «қара тізімге» енгізіп қойып қарап тұрсын ба, одан кейінгі борышкердің тағдырын жеке сот орындаушылар мен коллекторлық агенттіктердің құзырына тапсырады. Бұдан кейінгі жағдай жұртқа етене таныс. Олар қарыз берген банктің атын айтады да, «қарызыңды бүгін қайтармасаң, бітті...», деп қара аспанды төндіреді.
Әділет министрлігінің дерегіне сүйенсек, қазір елімізде 294 мемлекеттік сот орындаушы болса, ал жеке сот орындаушының саны – 2 131. Сонымен бұл деректерге әрі қарай көз жүгіртсек, елімізде қалтасына қақпан қойылып, қаңтарылып тұрғандардың ұшы-қиыры жоқ. Мәселен, шектеу қойылған нотариалдық істері – 5 786 338, тыйым салынған тіркеу істері – 88 879, ел шекарасынан шығуға шектеу қойылғандар саны – 1 032 144, дүние-мүлкіне шектеу қойылғандар – 919 744, жылжымалы мүлікке тыйым салынғандардың саны – 545 148, шектеу қойылған жеке шоттар бойынша – 46 717 680. Бұл сандарды айтқанда, тіл сүрінбеуі мүмкін емес. Қарап тұрсақ, шектеу мен тыйымның шырмауына іліккендер шашетектен.
Бұл жайды былтырғы көрсеткішпен салыстырып көрсек, жағдай тіпті күрделенгені байқалады. 2023 жылғы дерекке сәйкес шектеу қойылған нотариалдық істері – 4 371 212, тыйым салынған тіркеу істері – 73 307, ел шекарасынан шығуға шектеу қойылғандар саны – 901 779, дүние-мүлкіне шектеу қойылғандар – 646 107, шектеу қойылған жеке шоттар бойынша – 33 148 220.
Кейінгі дерекке сүйенсек, халықтың екіншідеңгейлі банктерден алған несиесі 17,2 трлн теңге болыпты. Осыған орай халықтың қарызға белшесінен батып, несие алуын азайту жұмыстары қолға алына бастады. Осы мақсатта «Қазақстан кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Бұл заң жобасын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен депутаттар бірлесіп дайындады. 20 наурызда Мәжілісте заң жобасын екінші оқылымда қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді.
Коллекторға – мораторий
Коллекторлардың кім екенін қарызданып-қауғаланып жүргендер жақсы біледі. Тіпті тіршіліктің ағысымен айлап ат ізін салмай кететін ағайыннан «жақын» болып кететіндері осы – коллектор компаниялардың операторлары. «Асыра сілтеу болмасыныңа» қарамайтын, заң талаптарына онша пысқырмайтын пысықтар. Қарыз өндіреміз деп, бермегенді көндіреміз деп талайдың көңілін қалдырған оқиға көп. Енді олар бұрынғыдай бұлғақтап, ережеге бағынбай, еркінси алмайды. Мәселен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заң жобасындағы өзгерістерге сәйкес төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен тұтынушыға банктер мен микроқаржы ұйымдары несие беруді шектеуге тиіс. Яғни батпаққа бір батқанды тұңғиыққа тұншықтыруға жол берілмейді. Ал өтелмеген қарыз үшін 90 күн өткеннен кейін өсімпұл қосуға тыйым салынады. Сонымен қатар енді банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтардың берешегін коллекторларға беруге екі жылдық мораторий (2026 жылғы 1 мамырға дейін) енгізу ұсынылып отыр.
Заң жобасын әзірлеушілер несие берудің шарттарына біршама өзгеріс енгізіп отыр. Яғни халыққа банктер – 5 млн, микроқаржы ұйымдары 3 млн теңгеден артық қарыз бермеуге тиіс.
Онлайн несие оңдырмай тұр
Енді онлайн кредит беруге талап күшейеді. Бұған дейін онлайн несие ресімдеу тым қолжетімді болып келді. Сондықтан 45 күн мерзімге берілетін 50 АЕК-ке дейінгі микрокредиттің күшін жою, сондай-ақ барлық микрокредит бойынша жылдық үстеме мөлшерін белгілеу ұсынылды. Қарыз алушыны төлем мерзімінің өтіп кетуі туралы хабардар ету мерзімі күнтізбелік 20 күннен 10 күнге дейін қысқартылады. Тағы бір гуманистік шешімді айтпай кетуге болмас. Ол – кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларды және мүгедектігі бар адамдарды жылыту маусымында берешегі үшін баспанасын тартып алуға тыйым салу қарастырылып отыр.
Заң жобасында азаматтардың банкроттық ресіміне қол жеткізуін жеңілдету үшін борышкердің мерзімі өткен берешекті реттеуді, сондай-ақ өндіріп алу ресімін өткізу мерзімін 18 айдан 12 айға дейін қысқартуды растайтын құжатты беруі жөніндегі талап жойылады. Қазіргі уақытта алаяқтық жолмен несие ресімдеу белең алып кетті. Соған байланысты биометриялық сәйкестендіру жүргізілмей, онлайн шағын несие мен банк қарызын беруге тыйым салынбақ.
Азаматтардың банкроттығы
Былтыр наурыз айынан бастап «Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заңы күшіне енгені белгілі. Заңды іске асырудың мақсаты азаматтардың борыштық жүктемесін азайту, әлеуметтік шиеленісті жеңілдету, қарыздар бойынша төлемді ынталандыру деп түсіндірген еді. Алайда мұның қоғамда қаншалықты септігі тиді деген мәселе бар. Банкке банкрот болдым деп борышынан құтылғандардың шекесі шылқып жүргені шамалы. Тегін дүние қайдан болсын? Мәселен, банкрот деп танылғаннан кейін ол адам 5 жыл ішінде банктерден және микроқаржы ұйымдарынан несие ала алмайды. Және олардың қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін үш жыл бойы тексеруде болады. Ғайыптан тайып, бір күні қолыңызға ақша түссе, оныңызды банкрот деп таныған бұрынғы алашағы бар жер қақшып алады.
Қосымша ақпарат үшін айта кетсек, алимент бойынша, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша залалды өтеу жөніндегі борыштар есептен шығаруға жатпайды, жеңілдік жоқ. Алайда сарапшылар бұл заңды екіншідеңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдар үшін тиімсіз дейді. Тек өзінің пайдасын ойлайтын банктер мен микроқаржы ұйымдары халықты тақырға отырғызып жатқаны белгілі. Өйткені олар өз шығындарын халықтың есебінен жабуды көздейді. Мысалы, мұны жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қолдану тәжірибесі айқын көрсетіп отыр. Себебі экономист Арман Бейсембаевтың айтуына қарағанда, бұл ереже несие берушілер үшін үлкен қаржылық ыңғайсыздық пен салықтық міндеттемелерді орындауға мәжбүрлейтін көрінеді.
«Егер несиені есептен шығарсаңыз, біздің салық заңына сәйкес банк есептен шығарылған несие бойынша салық төлеуге міндетті болып шығады. Өйткені заң бойынша бұл табыс болып саналады. Осы мәселе де бір жағынан банктердің жұмысын тұралатып тұр», дейді сарапшы.
Бұл тірлікте түйткіл көп. Әйткенмен бұл мақаламызды көңілді нотамен аяқтауға негіз бар. Өйткені биылдан бастап елімізде талай жыл тайраңдап келген кейбір микроқаржы ұйымдары лицензиясынан айырылып жатыр. Сөйтіп, оған берешегі барлар өсімпұлсыз қарыздарын қайтаруға мүмкіндік алды. Тіпті кейбір қарыздар заңсыз ресімделгені расталса, қарыздар қайтарылмайды. Бұл жайт бүгінде біраз борышкердің тынысын ашып жатқаны рас.