06 Қаңтар, 2015

Қос боксшының қуанышы

224 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жақында Қазақстан ұлттық құрама командасының капитаны Данияр Елеусіновке «Спорт» аталымы бойынша «Дарын» мем­ле­кеттік жастар сыйлығы тапсырыл­ды. Бұл Елеусіновке ғана емес, жал­пы барлық былғары қолғап шебер­леріміздің еңбегін ескеріп, соларға да берілген атақ деуге болады. «Дарын» сыйлығы халық арасында еңбегімен көзге түсіп, өз салаларында жақсы жұмыс істеп, елге қызмет көрсеткен жастарға тапсырылатыны белгілі. Былтырғы «Дарын» сыйлығы «Спорт» аталымында жарыстарда ел намысын қорғап, құрмет тұғырына көтеріліп жүрген басқа отандастарымызға емес, Данияр Елеусіновке ғана берілгені тегін емес. Өйткені, ол 69 кило салмақтағы Олимпиада чемпиондары Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиевтердің жолын жалғастырушы болып саналады. Данияр Елеусінов 2012 жылы 64 кило салмақта XXX Жазғы Олимпиада ойындарына қатысса, одан кейінгі жарыстарда 69 килода бағын сынай бастады. Осы салмақта ол 2013 жылы Алматыда өткен Әлем чемпионатын жеңіп алса, былтыр тұңғыш рет Қазақстан боксы тарихында екі дүркін Азиада чемпионы атанды. Бұдан басқа Азия чемпионы атағын да жеңіп алғаны бар. Естеріңізге сала кетсек, 1996 жылғы 7 тамызда Қазақстан Рес­публикасы Үкіметі бекіткен «Дарын» мемлекеттік жастар сый­­лығы алғаш рет 1998 жылы беріл­ді. Сыйлық 35 жасқа дейін­гі ел аза­маттарына ғылыми, шығар­ма­шылық және қоғамдық қыз­мет­тері үшін тапсырылады. Сый­лық талантты жастарды ынталандыру және олардың сіңірген еңбегін бағалау мақсатында екі жылда бір рет беріледі. Былтыр жыл соңында Спорт­тық жекпе-жектер және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы порталы www.confederation.kz отандық БАҚ және мамандар арасында 2014 жылғы үздік боксшыны анықтау мақсатында сауалдама жүргізген болатын. Соның нәтижесінде еліміздегі талантты жастарымыз­дың бірі Жәнібек Әлімханұлы «Жыл­дың үздік боксшысы» атанды. Жәнібек 2013 жылы әлем және Азия чемпионы болса, былтыр ХVІІ Жазғы Азия ойындарын жеңіп алды. Алматы облысының Жыланды ауылының тумасы 21 жастағы Жәнібек Әлімханұлы Кореяның Инчхон қаласында өткен сында өзін барлық қырынан көрсетіп, бокс мамандарынан жоғары баға алып қайтты. Сөйтіп, ол Азиада алдында Алматыда өткен Қазақ­стан чемпионатында бірінші орын­ды жеңіп алғаны кездейсоқ емес ­еке­нін дәлелдеді. Енді Ж.Әлімханұлы 2016 жылы Рио-де-Жанейрода жалауы желбірейтін Олимпиадаға қатысуды басты мақсат етіп отыр. «Бразилияға барсам, бұл менің алғашқы Олимпиадам болады. Сонда еліміздің намысын қорғап, елімізге мұхиттың ар жағынан үлкен қуанышымды арқалап әкелемін», дейді ол. Жалпы, 2014 жыл боксшы­­ларымыз үшін табысты өтті. Былтыр еліміздің нөмірі бірінші құ­рамының боксшылары Корея­ның Инчхон қаласында өткен Жазғы Азия ойындарында алты алтын медаль алып, тарихта бұрын-соңды болмаған жетіс­тікке жетті. Одан басқа да көпте­ген үлкен халықаралық турнирлер мен жарыстарға қатысып, аспан түсті туымызды желбіретті. Мұнда Қазақстанның ұлттық құрама­сымен бірге нөмірі екінші, үшінші боксшыларымыздың, соларды жаттықтыратын мамандардың еңбектері бар. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».