Үкімет • 20 Сәуір, 2024

Күн тәртібі нақтыланды

86 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Күн тәртібі нақтыланды

Депутаттар бірінші оқы­лымда ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері жөніндегі заң жобасын қарайды. Бұл заң жобасы мен Әкімшілік құқық­-

бұзушылық туралы кодекске өзгеріс енгізу туралы ілеспе заң жобасын Парламент депутаттары Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін азаматтарды құмар ойындар мен бәс тігуге қатысу кезінде ойынға тәуелділікті (лудомания­ны) қалыптастырудан қорғау мақсатымен әзірледі.

Ұсынылған түзетулер 25 жасқа толмаған жеке тұлға­ларға, қатысуы шектелген және борыш­керлердің бір­ыңғай тізілі­міне енгізілген тұлғаларға ойын және бәс тігуге қатысуға тыйым салуды белгі­леуге бағытталған. Сонымен қатар лотерея билеттерін таратуға (сатуға) бөлек талап­тар енгізіліп, букмекерлік кеңсе­лер мен лотереяларды жарна­малауға тыйым салу көзд­елген. Электрондық казинолар мен онлайн казинолардың қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік, сон­д­ай-ақ 25 жасқа толмаған және құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуы шектелген тұлға­ларды қатысуға жібергені үшін әкім­шілік жауапкершілік енгізіледі.

Бірінші оқылымда депутат­тарға масс-медиа мәселелері бойынша Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы кодекске бұрын Мәжіліс қабылдаған «Масс-медиа туралы» заңның ережелерімен үйлестіру мақса­тымен әзірленген Үкімет енгізген түзетулерді қарау ұсынылады.

Жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасына екінші оқылымда жаңартылатын энергия көздерін, электр энергетикасын және табиғи монополияларды пайдалануды қол­дауға қатысты депутаттардың заңна­малық түзетулері талқы­ланады.