Экономика • 20 Сәуір, 2024

Несиеге тәуелділік заңмен реттеледі

163 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халықтың екінші деңгейлі банктерден алған несиесі – 17,2 триллион теңгеден, қызыл сызықтан асып кетті. Мұның деңгейін төмендетуге бағытталған шаралар туралы осыған дейін жазғанбыз. Енді бұл мәселе заң шеңберінде реттеледі.  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі, деп жазады Egemen.kz

Несиеге тәуелділік заңмен реттеледі

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заң жобасындағы өзгерістер туралы ақпарат жариялады. Ондағы басты шарттар туралы тарқатып жаза кетейік.

Коллекторларға – мораторий 

Төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен тұтынушыға банктер мен миркоқаржы ұйымдары несие беруді шектеуі тиіс. Өтелмеген тұтынушылық кредит үшін 90 күн өткеннен кейін сыйақы есептеуге тыйым салынады. Жеке тұлғалар үшін берешек туындаған сәттен бастап 24 ай өткенге дейін, айыппұлдар, өсімпұлдар мен комиссиялардың күшін толық жоюды қоса алғанда, тараптар реттеу рәсімдерін жүргізіп жатқан кезде қарыз алушы берешекті коллекторлық агенттіктерге сата алмайды.

Банктер мен МҚҰ-ларға азаматтардың берешегін реттеу бойынша сапалы жұмыс жүргізуі үшін қарыздарды коллекторларға беруге екі жылдық мораторий (2026 жылғы 1 мамырға дейін) енгізу ұсынылады. Коллекторлар жеке тұлғалардың сатып алынған кредиттері бойынша берешекті реттеу рәсімдерін жүргізуге міндетті. Азаматтардың жаңадан басқаға берілген кредиттері бойынша мораторий аяқталғаннан кейін коллекторлар азаматтардың борыш жүктемесін азайту үшін есептелген және төленбеген сыйақыны есептен шығаруға тиіс.

Заң жобасын әзірлеушілер заңнамалық тұрғыда тұтынушылық кредит ұғымын енгізуді ойластырған. Яки халыққа банктер 5 миллион, МҚҰ 3 миллион теңгеден артық қарыз бермеуі тиіс.

«Барлық кредиттер бойынша жиынтық берешекті шектеу үшін жаңа макропруденциялық норматив, яғни кредиттер бойынша жиынтық берешектің қарыз алушының кірісіне қатынасы енгізіледі. Нормативтің мәні және оны есептеу тәртібі Агенттіктің актісімен айқындалатын болады.

Бұдан басқа, банктер мен МҚҰ-ның барлық кредиттері үшін мөлшері Ұлттық Банк пен Агенттіктің актілерінде айқындалатын ЖТСМ-нің шекті мәнін сақтау жөніндегі талаптарды белгілеу жолымен банктердің және МҚҰ-ның кредиттері  бойынша сыйақы мөлшерлемелерін азайту бойынша бірыңғай тәсіл енгізіледі», – делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жариялаған ақпаратта.

Онлайн кредит беруге талап күшейеді

Қазіргі уақытта онлайн несие рәсімдеу кеңінен белең алды. Сондықтан 45 күнге дейінгі мерзімге берілетін 50 АЕК-ке дейінгі микрокредиттің ерекше түрінің күшін жою, сондай-ақ барлық микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін белгілеу ұсынылады.

Қарыз алушыны төлем мерзімінің өтіп кетуі туралы хабардар ету мерзімі күнтізбелік 20 күннен 10 күнге дейін қысқартылады. Сондай-ақ банк омбудсманының азаматтардың барлық несиесі бойынша дауларды қарау жөніндегі өкілеттігін кеңейту және микроқаржы омбудсманын құру көзделген. Омбудсмандардың шешімдері банктер, МҚҰ және коллекторлық ұйымдар үшін міндетті болады.

Кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларды және мүгедектігі бар адамдарды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салу қарастырылған. Сондай-ақ қарыз алушының банктік шотында сақталатын ақша сомасын ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1-ден 2 еселенген мөлшеріне дейін (87 мың теңге) ұлғайтуға мүмкіндік берілмек. Банктерге белгілі бір әлеуметтік санаты бар бұрынғы меншік иелеріне балансқа өткен үйді жалға беру құқығы беріледі.

Заң жобасында азаматтардың банкроттық рәсіміне қол жеткізуін жеңілдету үшін борышкердің мерзімі өткен берешекті реттеуді, сондай-ақ реттеу және өндіріп алу рәсімін өткізу мерзімін 18 айдан 12 айға дейін қысқартуды растайтын құжатты беруі жөніндегі талап алып тасталынады. 

Қазіргі уақытта алаяқтық жолмен несие рәсімдеу белең алып кетті. Соған байланысты биометриялық сәйкестендіру жүргізілмей, онлайн шағын несие мен банк қарызын беруге тыйым салынбақ. Мұндай даулы кредиттердің ресімделуіне жол бермеу үшін банктер мен МҚҰ-ның осындай өтінімдер бойынша мәліметтерді белгілі бір уақытта кредиттік бюроға ұсынуға тиіс болмақ. Заң жобасында тергеу іс-шараларын жүргізу кезеңінде сыйақы есептеуді және наразылық-талап қою жұмысын тоқтата тұру қарастырылған. Бұл ретте қарызды алаяқтық тәсілмен ресімдеу фактісі белгіленгені туралы заңды күшіне енген сот шешімі болған жағдайда тұтынушыға қойылатын талаптар тоқтатылады.