06 Қаңтар, 2015

Тағаттылық – Қазақстан саясатының негізі

300 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Қазақстан – сан түрлі тілдер мен мәдениеттер тоғысқан көпұлтты мемлекет. Тағаттылыққа негізделген ұлтаралық бірліктің бірегей қазақстандық формуласын барлық ел мойындады. Сыйластыққа, төзушілік пен қолдау көрсетуге Ислам діні де ерекше көңіл бөледі. Төзушілік осы кемел діннің негізі болып табылады деп те айтуға болады. Басқа дінді ұстанушы адамдарға жақсы қарым-қатынас жасауға Қасиетті Құран да шақырады. Ислам дінінің бірден бір ережесі түсіністік пен еріктілік қағидасын уағыздау болып табылады. «Дінде зорлық жоқ, туралық азғындықтан айқын бөлінді» (Бақара сүресі, 256). Ислам діни танымы азаттық негізіне құрылады. Жаратушы Иеміз адамға өзі шешім қабылдауы үшін ерік берді, сана мен ойлау қабілетін берді. Оның таңдаған жолы қандай болады: ақиқат дінмен жарықтанған нұрлы бола ма, әлде ол адасқандардың біріне айнала ма – тек өзі шешеді. Адамдардың жүректерін тебіренте отырып, сананы оята отырып, Ислам тек бейбітшілікке шақырады. Қасиетті Құранда дін ұстанудың еріктілігі жайында көптеген аяттар бар. «Бұл ақиқат (Құран) Раббыларыңнан де. Сонда кім қаласа сенсін...» Кәһф сүресі, 29. Өзінің хадистерінде сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мүміндерге көршілермен жақсы қарым-қатынас жасаудың, адамдарға мейірімділік танытудың, туысқандық қатынасты үзбеудің маңыздылығын ескертеді. «Шын мәнінде Алла барлық істе жұмсақтықты (ізгілікті) жақсы көреді». Алла Елшісі мұсылман еместерге өзінің өміріне бірнеше рет қауіп төндіргеніне қарамастан, әрдайым кеңпейілділік танытты. Көшеде қол жайып қайыр сұрап тұрған басқа діндегі шал туралы оқиға таңғаларлық. Шалдың мүшкіл жағдайын көрген тақуа халифалардың бірі көмектеспек болып, оны тамақтандыруды бұйырып, былай дейді: «Сен жас, қайратты кезіңде бізге салық төлемедің бе, енді біз қалайша сені дәрменсіз кезіңде қолдаусыз қалдыра аламыз». Бір өкініштісі, Ислам қазіргі әлемде соғыспен, қақтығыстармен және лаңкестікпен байланыстырылады. Ақыл-ой және санаға бағытталған бастырмалатқан шабуыл өз дегенін жасады. Исламға деген үрей бар, және біз бұны жоққа шығара алмаймыз. Алайда әрбір саналы адам діни сеніміне, мамандығы мен ұлтына қарамастан, бұл – Ислам дінінің негізгі мәнін жоятын, бұрмаланған түсінік екенін түсінері сөзсіз. Өздерін Ислам дінін ұстанушылар деп көрсеткен адамдардың зорлық-зомбылықтары, қатыгездіктері, басқа дін өкілдеріне басқыншылық қатынастары туралы мәліметтер кейбір тұрғындар қатарының Ислам және мұсылмандар туралы қате түсініктерінің қалыптасуына себеп болды. Алайда, қатыгездік, басқыншылық, төзбестік танытушылардың мақсаттары мен пиғылдарының дінге еш қатысы жоқ екенін есте сақтау қажет. Саяси мақсаттарды көздеген адамдар шоғырының идеялары жүректерді улап, қоғамда бүлік тудыруда. Ал кез келген уақтылы тоқтау салынбаған бүлік, тарихтан білетініміздей, бейберекеттіліктің басы болып табылады. Бұл туралы қысқаша, бірақ кең мағынамен, ХІХ ғасырдың өзінде 1880 жылдары өмір сүрген француз жазушы-романшысы Жозеф де Гобино былай деп айтты: «Егер діни сенімді саяси қажеттіліктен ажыратсақ, Исламнан асқан толерантты дін болмас еді». Адам табиғатына қателесу тән көрініс. Бірақ егер қате ой-пікірдің соңы басқа адамдарға және сол адамның өзіне зиян тигізетін іс-әрекетке ұласса, онда бұл қателіктің құны өте қымбат болары хақ. Біз тәуелсіз мемлекетте, ашық аспан астында өмір сүрудеміз. Барлық басқа дін өкілдерімен, өзге ұлттармен достық қатынас ұстанып келеміз. Алайда бейбітшілік – өте нәзік санат, және оған ұқыпты қарау керек. Қазақта мынадай мақал бар: «Қолда барда алтынның қадірі жоқ». Біз көбінесе қолымызда бар заттың қадірін жете түсіне бермейміз. Тек жоғалтқан жағдайда ғана, ол біз үшін қаншалықты қымбат, әрі құнды болғанын ұғамыз. Бейбітшілікті, тұрақтылық пен бірлікті сақтау – жай сөз емес. Бұл біздің ұстанып отырған, бұдан былай да ұстануымыз тиісті болып табылатын өмірлік қағидамыз. Төл тарихы, түп-тамыры жоқ халық болмайды. Халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған даналығы толеранттылықтың бізге тән нәсілдік код екендігіне куә. Мәселен, ежелгі дала тұрғындарының өздерінде әрбір қазақ кез келген қонаққа, оның ішінде басқа елдің адамына тегін ас пен жатын орын беруге міндеттелген «қонақ асы» дәстүрі болған. Бұдан бас тартқан жағдайда ас-сусыз және далада қалған жолаушы бұл туралы биге шағымдана алатын. Осындай қасиетті қонақжайлылық дәстүрін орындамаған сараң қожайындар «ат-тон айыбы» деп аталған айыппұлмен жазаланған. Қонақ асын беруден бас тартқан адам барлық айыппұлдан да ауыр болып саналған жаза - қоғамда масқараланатын. Себебі, адамның қоғамдағы орны, сыйы оған деген қатынасты ғана емес, сондай-ақ оның ұрпақтарына, тіпті тұтас бір ру өкілдеріне қарым-қатынасты анықтайтын еді. Міне, қазақстандық толеранттылық, тұрақтылық пен келісімнің түп-тамыры қайда жатыр?! Біз – көпұлтты халықпыз. Көптеген ұлыстар мен ұлт өкілдерінің өзара бейбіт және ынтымақта өмір сүруінің өз негізі бар. ХІХ-ХХ ғасырлардағы Ресейдің еуропалық бөлігінен шаруалардың жаппай көшірілуі және одан кейінгі 1937-1944 жылдардағы тұтас халықтардың – неміс, корей, поляк, еврей, кавказдық және солтүстік кавказдықтардың жер аударылуы бізді бейбіт және тату көршілік, өзара сыйластықтың дәстүрі қалыптасқан, «Сан алуандылықтағы бірлік» қағидасы бойынша өмір сүретін Жер шарының бірегей түкпіріне айналдырды. Елбасы саясатының бірден бір бағыты, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елімізде өмір сүретін сан алуан мәдениет пен этнос өкілдеріне толерантты қарым-қатынасты қалыптастырудың мақсатты және жүйелі саясаты болып табылады. Және бұл өз жемістерін берді. Халықтардың бірлігі, мүдде, тағдыр, тарих ортақтығының ажырамастығы түсінігі жетістікке алып келді. Қазақстан халқы өз басынан талай сын өткерді. Алайда, бізге сол сыннан сүрінбей, абыроймен өтуді жазған Әлемдердің Раббысы Аллаға мақтау-мадақтар болсын. Төзушілік – күштіліктің, сенімділік пен өз дініне беріктіліктің белгісі. Бұл туралы әл Бұхариден жеткендей, Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өз хадисінде: «Бір-біріңе көре алмаушылық пиғылда болмаңдар, бағаларды көтермеңдер, бір-біріңді жек көрмеңдер, бір-біріңе арқаларыңды қаратпаңдар, бірің біріңнің саудасының үстінен сауда жасамасын, бір-біріңе бауыр болыңдар. Мұсылман өз бауырымен үш күннен артық араз болмасын» – деп анық түсіндіреді. Қазіргі таңда әлем мұсылмандар туралы теріс пікірде. Теріс пиғылды адамдар ислам атын жамылып өз ойларын жүзеге асыруда. Ислам – таза және ізгі дін. Біз осыны өз мысалымызбен, өмірімізбен және өз бірлігімізбен дәлелдеп, барлығына көрсетуіміз керек. Қанат ҚЫДЫРМИН, Ақмола облысы бойынша өкіл имам, «Науан Хазрет» орталық мешітінің бас имамы.