06 Қаңтар, 2015

Шырша шырылы

699 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазан ауып, қарашаға таян­ғанда, дүрілдетіп әкетіп, қаңтарда нүкте қоятын биылғы жаңа жылымыз да мәреге жетті. Неше түр­лі әшекейлермен көмкерілген үл­кенді-кішілі шыршалар көздің жауын алды. Бірақ жыл қарсаңында ба­зардың төңірегін, дүкеннің алдын бермеген жасыл шыршаға сұраныс аз болды ма, әлде халық үйіне кіргізіп, бүрін қуратып, далаға лақтырғанды құп көрмеді ме, жасанды шыршамен-ақ сәнді кіргізуге болар деді ме, әлгі табиғи  шыршалар түгел өтпей, иесіз үйіліп қала берді. Жасанды шыршалар ізім-қайым жоқ. Келер жылдың қарсаңында, олар қайта сап түзейтіні ақиқат. Әрине, кей азаматтар орманды тазарту үшін босқа қалғанша, халықтың бір күн болса да игілігіне жаратсын деп әкеп жатыр десе, екінші бір жақ орманшыларға қаржы түсіреді, әл-ауқатын арттырады деген уәжін алға тартады. Үшінші топ Ресейден жеткізіліпті дегенді тілге тиек етеді. Қалай айтсақ та, Табиғат-Ана барлық адамға ортақ. Көршімізден соққан таза ауа бізде де жетіп жатары анық. Иә, шырша – табиғаттың төл перзенті. Тектісі «тұқымнан» десе де болады. Анау бір жылдары халқы­мыз­дың қадірлі ұлы Шерхан Мұр­таза: «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын, Бас ұрып қара жерге сұлағанын... Жапырағы сарғайып, өлімсіреп, Байғұстың кім тыңдайды жылағанын?» деген Абай өлеңіне иық сүйеп «Орманды қорғамасақ, өкпесіз қаламыз. Орман кетсе, ылғал кетеді. Сусыз қаламыз. Азынаған желден, суырылған құмнан көз аша алмаспыз» деп еді. Шынында, ана табиғаттың емшегі иігенде шығатын су мәселесі қазір оңайға соғып тұрған жоқ. Бұл жайлы Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында он қатердің бірі деп атап өтті. Тынысымызды кеңітетін ауа­ның алтын тамыры ағашты қорғау әрқайсымыздың парызымыз. Ол үшін бірер күнгі жылтырақ үшін жасыл шыршаны жаудай жапырмай, жасанды шыршамен де өткізіп жатсақ құба-құп болары хақ. Соған бет бұрғандықтан шығар, биылғы қиылған шыршаның өтпей үйіліп қалып жатқаны. Алдағы жылдары осыны ескеріп, өтпей қалған шыршаның шырылын ой-санамызға түйіп, Табиғат-Ананың төл перзентіне мейірімділік танытсақ, қане! Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».