Инфляция • 23 Сәуір, 2024

Жылдық инфляция баяулады

111 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Наурыз айында елде жылдық инфляция баяулап, 9,1%-ды (ақпанда – 9,3%) құрады. Ұлттық банктің хабарлауынша, жылдық инфляция 14 өңірде бәсеңдеді. 5 облыста қарқын алып, 1 өңірде өзгеріссіз қалды.

Жылдық инфляция баяулады

Жылдық инфляцияның ең жоғарғы мәні Қарағанды мен Маңғыстау облыстарында тіркелген. Наурызда азық-түлік тауарларының бағасы жылдық  6,9%-ға дейін баяулаған (ақпанда – 7,4%). Осы топтағы тауарлардың бағасы Ұлытау облысында (10,5%) барынша қарқынды, ал Алматы облысында (4,3%) мейлінше баяу өсіпті.

«Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны 8,2%-ға дейін бәсеңдеді (ақпанда – 8,5%). Ең жоғарғы мән Маңғыстау облысында (13,2%), ең төменгі мән Жетісу облысында (6,5%) тіркелді. Наурызда ақылы көрсетілетін қызмет бағасы 13,2%-ға дейін жеделдеді (ақпанда – 12,8%). Сонымен қатар Павлодар облысында баға жалпы республикалық деңгейден біршама тез (18,2%), Ұлытау облысында (8,6%) айтарлықтай баяу өсті», делінген ҰБ хабарламасында.

Наурызда ел бойынша айлық инфляция 0,7%-ға шарықтады. Бұл – тарихи орташа мәннен жоғары (2017-2021 жылдардағы наурызда – 0,6%).

Еске салайық, бірнеше күн бұрын ҰБ базалық мөлшерлемені 14,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Шешім қабылдау кезінде инфляцияның динамикасы мен тәуекелдер балансы ескерілген. Базалық мөл­шерлеменің деңгейін өзгер­туде байыптылық қажет деп есептейді бас банк басшылығы.