Құқық • 23 Сәуір, 2024

Талапты күшейту – қоғам қалауы

127 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін қам­та­­масыз ету мәселелеріне арналған заңға қол қойғаннан кейін бір­­қатар ма­ңыз­ды құжатқа тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін жауап­кер­­шілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы­ инс­­­титутын, кәме­летке толмағандардың қауіпсізді­­­гін ны­­ғай­­та­тын нормалар енгізілді. Енгізілген түзетулер қоғамда қы­зу тал­қыланып жатыр. Отба­сылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жа­заны қатаңдату ту­ралы онлайн петицияны 154 мыңнан ас­там отандасымыз қуат­тады. Енді қалың бұқара осы заң қағи­­да­­ларының орындалуын,­ қоғамда әділет орнығуын тілейді. Атал­ған заңдардың жай-жап­са­рын Әділет вице-министрі Лаура МЕРСӘЛІМОВА да жан-жақты түсін­діріп берген еді.

Талапты күшейту –  қоғам қалауы

– Лаура Қанатқызы, «Қазақ­стан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне әйел­дердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалардың қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқық бұзу­шы­лық туралы» Қазақстан Рес­пуб­лика­сы­ның кодексіне әйелдердің құ­­қық­тары мен балалардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң­дарға енгізілген өзгерістер мен то­лық­тырулар туралы кеңірек айтып өтсеңіз.

– Заңның негізгі мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік, институционалдық және ұйымдастырушылық негіз­дерін жетілдіру. Заңның жаңа ережелері әйел, бала және зорлық-зомбылыққа ұшыраған кез келген азаматтың құқықтары мен заңды мүддесін қорғау жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, зорлық-зомбылықтың барлық түрінің алдын алу, өмірлік қиын жағдайға түскен, оның ішінде зорлық-зомбылықтың құрбаны болған адамдарды әлеуметтік қолдау және қорғау, қылмыстық және әкімші­лік жауапкершілікті қатаңдату мәселелерін қамтиды.

– Заң талаптары бірнеше бағыт­ты реттейді дедіңіз. Осы бағыт­­тар­ға кеңірек тоқталсаңыз.

– Біріншіден, зорлық-зомбы­лық­­тың барлық түрінің алдын алу уәкілетті органдардың тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шара­ларын, зорлық-зомбылық, қаты­гездік, буллингке ұшыраған кәме­летке толмағандарға көмек көр­­сету бағдарламаларын жүргізу қағи­­даларын бекітуді, өмірлік қиын жағ­­дайға түскен адамдарды (отбасыларды) ертерек анықтау инс­титутын енгізуді, отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қор­ғау мәселелерінде «111» байланыс орталығының қызметін регла­мент­­теуді және арнайы әлеуметтік қыз­­меттер және жазғы сауықтыру қыз­­меттерін көрсететін ұйымдарды ли­цен­­зиялауды (балалар лагерьлері) көздейді.

Екіншіден, өмірлік қиын жағ­дайға түскен, оның ішінде зорлық-зом­былықтың құрбаны болған адам­дарды әлеуметтік қолдау және қор­ғау аясында аталған отбасылар мен адамдарға жан-жақты қол­дау көрсетуде әкімдіктерге құзы­рет беру, әкімдіктер жанынан көмек бағдарламасын іске асырумен айналысатын отбасын қолдау орталықтарын құру, тұр­мыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен білім алушылар мен тәрбиеленушілерге алғашқы психо­ло­гиялық көмек көрсету бойынша құзыретті білім ұйымдарына беру ұсынылады.

Үшінші ауқымды бағыт – қыл­мыс­тық және әкімшілік жауап­кер­шілікті қатаңдату. Атап айт­қанда, «Ұрып-соғу» және «Ден­сау­лыққа қасақана жеңіл зиян кел­тіру» баптары Қылмыстық кодекске қайтарылып, «Кәмелетке толмағандарға сексуалдық сипаттағы тиісу» және «Өзін-өзі өлтіруді насихаттау» үшін қылмыстық жауап­тылық енгізілді. Ал кәмелетке толмағанды жәбірлегені (буллинг) және қоғамдық көліктен мәжбүрлеп шығарғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Сонымен қатар «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу», «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру», «Қинау», «Кәмелетке толмағандарды зорлау, ұрлау және оларды бас бостандығынан заңсыз айыру» үшін жаза қатаңдатылмақ.

– «Ұрып-соғу» және «Денсау­лыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» баптарын Қылмыстық кодекске көшірудің себебі неде?

– Басты мақсат – ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, оның ішінде кәмелетке толмағандар мен «кінәліге мате­риал­дық немесе басқа тәуелді» адамдарға қатысты жасалған зор­лық-зомбылық әрекеттері үшін жазаны күшейту. Өз кезегінде, құқықбұзушылықтарды ауырлататын екінші бөлік пайда болды, заң әрпімен айтқанда – сараптаушы белгілермен толықтырылды. Мысалы, көрінеу кәмелетке толмаған адамның ден­сау­лығына қасақана жеңіл зиян кел­ті­рілсе, айыппұл мөл­шері 200 айлық көрсеткішке дейін емес, бір мың айлық есептік көр­сеткішке дейін болмақ. Құқық бұзу­шының тұлғасына қарай сот айып­пұл немесе түзеу жұмыстары, қоғам­дық жұмыстарға тарту, қа­мау, бас бостандығын шектеу не бас бос­т­андығынан айыруды таға­йын­дауы мүмкін. Заң зор­лық-зомбылық дең­гейін төмендету, әйелдердің құқын қор­ғауды күшейту және балалардың қауіп­­сіз­дігін арттыруда қоғамға оң әсер етеді дегені сенім мол.

– Өзіңіз атаған әр мәселе қоғам үшін аса маңызды. Соның ішін­де кәмелетке толмағандарды зорла­ға­ны үшін жазаны қатаңдату мәсе­лесі осыған дейін де бірнеше мәрте көтерілген еді...

– Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақ­­станның экономикалық бағ­дары» атты Қазақстан хал­қы­на Жол­дауында кәмелетке тол­ма­ғандарға қа­­тысты зорлық-зом­бы­лықтың кез кел­­ген нысаны үшін жазаларды одан әрі қатаңдату қажеттігіне баса назар аударды.

Егер осы уақытқа дейін балаға қатысты жасалған зорлау­ және сексуалдық сипаттағы зорлық-зом­былық әрекеттері үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе бел­гілі бір қызметпен айналысу құ­қы­ғынан өмір бойына айыра оты­рып, жиырма жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойы­на бас бостандығынан айы­руға жазаланып келсе, енді, осы құ­қық­бұзу­шылықтар үшін тек өмір бо­йы­на бас бостандығынан айыруға жаза­лау көзделеді. Бұл – Қазақ­станның әрбір баласы үшін қауіпсіз қоғамды қалып­тастыру мақсатында жасалып жат­қан қадамның бірі.

– «Он алты жасқа толмаған адамдарға жыныстық сипаттағы қорлау» және «Өзін-өзі өлтіруді насихаттау» – бұрын болмаған, жаңа құқықбұзушылықтар. Бұл баптарды енгізудің себебі неде?

– Рас, бұл баптар Қылмыстық заңнамада осыған дейін болмаған, жаңа құқықбұзушылықтар. Заң аясында көрінеу он алты жасқа тол­маған адамға қатысты жыныстық сипаттағы ұсыныстармен немесе жыныстық сипаттағы жанасулармен ұштасқан әдепсіз әрекеттер мен өз-өзіне қол жұмсауды насихаттау үшін жауаптылыққа тарту қарастырылады.

Бұл баптардың енгізілуіне қоғамда жиі тіркелетін заңсыз әрекеттер себепші болды. Қоғамдық көліктерде, көппәтерлі үйлерде балаларға, оның ішінде қыз балалар тарапына жасалатын жыныстық сипаттағы ұсыныстармен немесе жыныстық сипаттағы жанасулармен ұштасқан әдепсіз әрекеттер үшін көп жағдайда қылмыс құрамы болмауына байланысты, жауаптылыққа тарту мүмкін болмай жатады. Осы себептен, аталған әрекеттер үшін де жауаптылық енгізіліп отыр.

Сонымен қатар өздеріңіз біле­сіздер, осыдан бірнеше жыл бұрын бұл әлі сана-сезімі жетілмеген өскелең ұрпағымызды улап, өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген «Синий кит», «Тихий дом» сияқты кері насихат құралдары кең тарап кетті. Олармен күрес әлі де болса жалғасып жатыр. Осы күрес құралдарының бірі ретінде Қылмыстық кодекске өзін-өзі өлтіруді насихаттау үшін жауаптылық енгізіліп отыр.

– Қылмыстық кодекс қана емес, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс те жаңа баптармен толықтырылды, олардың мазмұнына тоқтала кетсеңіз.

– Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабымен кәмелетке толмаған баланы жәбір­леу, яғни буллинг, оның ішінде интернет желісі және телекоммуникация желілері арқылы жасалатын кибербуллинг үшін жауаптылық қарастырылады. Алғаш рет құқық­бұзушылық жасалған жағдайда ескерту беріледі немесе он айлық есептік көрсеткіш көлемінде айып­пұл салу көзделсе, бұл әрекет бір жылдың ішінде қайталанса, құқық­бұзушылық субъектісіне қарай жаза өзгереді. Атап айтқанда, егер кәмелетке толмаған адамға бул­лингті 12 жастан 16 жасқа дейінгі өз­ге кәмелетке толмаған адам бір жыл ішінде қайталап жасаса, оның ата-анасына не заңды өкіліне он ай­лық есептік көрсеткіш көлемінде айып­пұл салынады, ал егер құқық­бұзу­шылықты 16 жастан асқан адам бір жыл ішінде қайталап жасаса, оған отыз айлық есептік көрсеткіш көле­мінде айыппұл салынуы мүм­кін. Сонымен қатар ата-анасы не заң­ды өкілінсіз жүрген 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамды қо­ғамдық көліктен мәжбүрлеп шы­ға­ру бес айлық есептік көрсеткіш кө­ле­мін­де айыппұл салуға алып келеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Жомарт ОСПАН,

«Egemen Qazaqstan»