Жәдігер • 23 Сәуір, 2024

Жүсіпбек ұстаған Құран кітап

196 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Жүсіпбек Аймауытұлы ұстаған Құран кітап сақтаулы тұр. Жәдігерді заманында Баянауылдағы Әбілдә хазірет өзге діни кітаптармен бірге Бұқарадан керуен тарттырып алдырған екен.

Жүсіпбек ұстаған Құран кітап

Суреттерді түсірген – автор

Жүсіпбек туған қасиетті ме­кен ежелден «Әулиелі Қы­зыл­тау» деп аталады. Ау­мақта өлкетанушыларды қызық­тырып отырған тарихи ме­кен­нің бірі – шамамен ХХ ға­сырдың басында хазірет Әбіл­дә Исабекұлы салдырып, бала оқытқан мешіт-медресе орны. Бұл діни оқу орнында заманында Жүсіпбек, жазушы, атақты сатирашы Қадыр Тайшықов сауатын ашқан. Әбілдә хазірет Бұқарадан керуен тарттырып, 10 түйемен 10 мәрте барғызып, үйіп-төгіп діни кітаптар ал­дырт­қан. Сонда түйеден тү­сіріл­ген кітаптар атырапты алып жатады екен.

см

1936 жылы большевиктер медресені талқандағанда, жұрт оның ішінде қаланып тұр­ған құран кітаптардың бар­лығын Қадырдың атасы Тай­шықтың моласына апарып үйген. Тайшық атаның кесенесі биіктеу әрі үсті ағашпен жа­был­ғандықтан, кітаптар ұзақ жылдар бойы сақталып келіп­ті. Алайда кейін төбесі жанып кетіп, кітаптар бүліне бас­таған соң жергілікті азамат­тар бүтін қалғандарын үйлеріне та­сып әкеткен. Жүсіпбек ұс­та­ған құран кітаптың бі­рін өл­кетанушы Рамазан Нұр­ға­лиев аман сақтап қалып, Баян­ауылдағы Мұса мырза мешітіне тапсырыпты. Әлгі кітаптың алғашқы бетіне белгісіз біреу латын әліпбиімен медресенің өртелген уақытын жазып қал­дырған. Ж.Аймауытұлының 135 жылдығына орай тарихи жә­ді­герді Баянауыл ауданының бас имамы Саян Қожин Бұқар жырау музейіне аманат етті.

 

Павлодар облысы