Теннис • 22 Сәуір, 2024

Штутгарттағы ерекше жеңіс

25 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Германияның Штут­­гарт қала­сында өткен жүлде қоры 802 237 доллар­ды құра­ған WTA турнирі Қа­зақстанның ең үздік тен­нис­шісі Елена Ры­ба­кинаның ай­қын жеңісімен аяқталды.

Штутгарттағы ерекше жеңіс

Бастапқы бәсекелерде ресейлік Ве­роника Кудерметова мен ита­лиялық Ясмине Паолини­ден басым түскен жерлесіміз жартылай финалда Ига Швентекпен шеберлік байқасты. Бү­гінгі таңда әлемнің бірінші ракеткасы атанып отырған 22 жастағы Польшаның мақта­нышы соңғы үш-төрт жыл аралығында толағай табыстарға қол жеткізді. Ол Ролан Гарросты үш мәрте ұтып, US Оpen додасында дараланды. Аустралияның ашық біріншілігінде үздік төрттіктің қатарына қо­сылып, WTA турнир­лерінде 19 рет теңдессіз деп танылды. Бірақ бұл жағдайлардың ешбірі Рыбакинаға әсер еткен жоқ. Үш сеттік сайыс 6:3, 4:6, 6:3 есебімен қазақстандық ойыншының пайдасына шешілді.

Финалда Елена әлемдік рейтингте 27-орынға тұрақтаған Марта Костюкпен күш сынасты. Биыл Аустралияның ашық біріншілігінің ширек фи­налына дейін жеткен Украина теннис­шісі Штутгардта ТОП-ондықтың қатарын­дағы қытайлық Чжэн Циньвэнь (7-орын), амери­калық Кори Гауфф (3-орын) және чехия­лық Маркета Вондроушова (8-орын) сынды мықты теннишілерді тізе бүктіріп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Алайда ақтық сында Костюк отандасымызға жарытып қарсылық көрсете алмады. Есеп – 6:2, 6:2.

Сөйтіп, биыл Елена Рыбакина өзінің үшінші титулына қол жеткізді. Бұған дейін ол Брисбен мен Әбу-Дабиде ұйымдастырылған дүбірлі дода­ларда алдына жан салмады. Жасыл құр­лық­тағы жарыстың шешуші тұсында Елена беларусьтік Арина Соболенкоға сан соқтырса, Парсы шығанағында ресейлік Дарья Касат­кинаны қапы қалдырды. Сондай-ақ жерлесіміз Доха мен Майамидегі турнирлердің финалында ойнады.