Көрме • 24 Сәуір, 2024

Майдангер суретшіге құрмет

215 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қылқаламын қаруға айырбастап, майдан даласына ат­тан­ған суретшілер аз емес. Олар сұрапыл кезеңнің картинасын көрсете отырып, соғыс жылдары ел басынан өткен ауыр халді боямасыз бейнеледі. Бұл тұрғыда майдангер, еңбек ардагері, суретші, мүсінші Қырғызбай Қаңтарбаев туралы кеңінен айтуға болады.

Майдангер суретшіге құрмет

Суреттерді түсірген – автор

Майдангер суретшінің туға­нына биыл 100 жыл толып отыр. Осыған орай Мем­ле­кет­­тік орталық музей төрінде «Са­ғы­ныш» деп аталған көрме ашылды. 80-нен астам көркем туын­ды қойылған көрмеге Қаңтар­баев­тың қолтаңбасынан шық­қан бі­ре­гей шығармалар мен ізба­сар шә­кірт­терінің ізденістері қо­йыл­ған.

Қырғызбай Қаңтарбаев қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситетін бітірген. Ұзақ жылдар бойы ұстаз­дық қызметпен және қолдан­балы өнер бұйымдарын жасау­мен айналысқан ол, ұлттық өне­ріміздің дамуына зор үлес қос­ты. Шебердің туындылары Қазақ­стан мен Ресейдің танымал музей­лерінің коллекциясына енген.

Көрме қазақтың ұлттық мә­де­ниетін, тарихы мен дәстүр­лерін паш етеді. Қаңтарбаев жасап шыққан Абай, Жамбыл, Ш.Уәлиханов, Б.Момышұлы мүсіндері – музейдегі маңызды жәдігерлердің бірі. Өнер иесі мүсін жанрында табысты еңбек ете жүріп, қазақ тарихындағы басқа да көрнекті тұлғалардың бейнелерін жасады.

сми

Әр отбасының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын өзіндік салты мен дәстүрі бар. Өнер сабақ­тастығы Қаңтарбаевтар отбасында да жалғасын тапты. Оның балалары мен немерелері де өнерден өріс тапқан. Көрмедегі Қаңтарбаевтар отбасының сәндік-қолданбалы өнер бұйым­да­ры, музыкалық аспаптары, мү­сіндері, кескіндемелері де көп­ші­л­іктің қызығушылығын тудырды.

– Майдангер суретші қазақ бей­­нелеу өнерінде өз өрнегін қал­­­дырды. Оның қолы­нан­ шық­­­­қан мүсіндер, тау тұлға­ла­­ры­мыздың бейнесін асқақ­тат­­ты. Өнер иесі тіршілігінде өзі­­нің қобызын музейге сыйға тарт­қан. Осынау айрықша бұйым музейіміздегі құнды жәді­гер­лердің бірі. Аталарының бекзат өнерін жалғаған балалары мен немерелері де бүгінгі таңда ұлт мәдениетіне еңбек етіп жүр, – дейді Мемлекеттік орталық музей директорының орынбасары Ғалия Теміртон.

Мерейтойлық көрменің ма­­ңызды бөлігі майдангер су­ретшінің шәкірттері мен­ ізбасарларына арналды. Олар, Қазақстанның танымал сурет­ші­лері — Өмірбек Жұба­­ния­зов, Ерлан Қожабаев, Жами­ля Тә­кен, Дастан Оразхан, Нұр­лан Сатаев, Қайырбай Зәкіров, Оразбек Есенбаев, Жан­ұзақ Мүса­пір, Тоққожа Қожа­ғұлов, Қанағат Коде­ков, Асқар Бейшекеев, Сер­гей По­жар­ский, Мирлан Құл­ды­баев, Марлан Нысанбаев, Бей­себек Ақанаев, Нұрдана Қырғыз­баева, Диана Мұхаммед, Болат Құса­йынов, Диас Қан­тарбаев, Марат Тұрғынбай, Камил Маму­кадзе, Нелли Бубе, Лидия Дроздова, Игорь Гущин, Жәні­бек Сүйінбеков, Ири­на Мела­мент, Григорий Голов­­ков, Жанат Сейітхамза, Мақ­сат Қаңтарбаев деп жалғаса береді. Суретшілердің өзіндік қол­таңбасы, ерекше стилі, орын­дау тә­сілі, сезімдері және қор­ша­ған әлемді қабылдауы сан алуан. Ең ғажабы, жоғарыда аты аталған белгілі суретшілердің бірқатары өздерінің бағалы картиналарын музей қорына сыйға тартты.

 

АЛМАТЫ