Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
БҰҰ еліміздің тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қорғайтын жаңа заңды қабылдағанын құптады. «Бұл гендерлік зорлық-зомбылықты жою жолында алға жасалған қадам», дейді БҰҰ-ның еліміздегі тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Строй. Ол адам құқығын, әсіресе балалар мен әлжуаз топтарды қорғауға арналған шаралардың тиімділігін атап өтті.
«Бұл маңызды қадам гендерлік теңдікті ілгерілетіп қана қоймай, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің өмірін қалпына келтіру үшін сот төрелігі мен қолдау қызметтеріне қол жеткізуін қамтамасыз етеді», деді Микаэла Фриберг-Строй.
Өткен аптадан бастап әлемдік баспасөз, Қазақстанның тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамасының басқа елдерден, соның ішінде дамыған елдерден айырмашылығын салыстырып жатыр. Ел ішінде ғасырлар бойы қазақтың отбасылық құндылықтарын сақтай алған ата дәстүрді жаңа заманға лайықтап бейімдеудің қажет екенін, тіпті гендерлік саясатты да өз менталитетімізге лайықтап интеграциялау қажеттігін айтып жатқандар бар. Олар мұндай пікірдің негізділігіне дәлел ретінде мына деректі алға тартады. Қазір бір көрпе жамылып, бірінің киімін бірі киіп, бір-бірін жетелеп өсірген көпбалалы отбасыларды қала түгілі ауылдан сирек кездестіреміз. Қазақ отбасының екі немесе үш баламен шектеліп қалуы қалыпты құбылысқа айналып барады. Басқаша айтқанда, екі отбасыда маңдайына жел тимеген ерке тотай қыз бен жалғыз ұлдың отбасылық өмірінде психологиялық кедергілер көп. Бір-бірінің мінезіне бейімделуге тырысу жағы да кемшін.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев «Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу туралы» арнайы баяндамасында еліміздегі тұрмыстық саладағы оқиғалардың статистикасын жариялады. Баяндамада 2018-2023 жылдар аралығында отбасылық-тұрмыстық салада 5 958 қылмыстық құқық бұзушылық жасалғаны айтылған. Ең көп көрсеткіш 2020 жылы – 1 072, ең азы 2023 жылы – 923 (13,8%-ға азайған) тіркеліпті. Сонымен қатар 2023 жылы отбасылық-тұрмыстық салада жасалған 108 кісі өлтіру дерегі тіркелген. Бұл елдегі жалпы кісі өлтіру санының 23 пайызын құрайды. Кейінгі бес жылдағы барлық кісі өлтірулердің жалпы төмендеуіне қарамастан, статистика отбасылардағы кісі өлтірулердің шамамен бірдей деңгейде екенін көрсетеді.
«Кісі өлтіру статистикасының жалпы төмендеуінің фонында бұл жағдай тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша қолданыстағы құқықтық тетіктердің тиімділігі жеткіліксіз екенін көрсетеді. Сондықтан да қоғам кейінгі кездері заңнаманы қатайту туралы өтініш жасап, отбасылық-тұрмыстық салада адам өліміне әкеп соғады деген болжамды әрбір эпизодқа резонанс жасай бастады», деп атап өтті А.Ластаев.
Естеріңізге сала кетейік, бұл заң жобасына түзетулер өткен жылдың 9 қарашасында болған Салтанат Нүкенованың қазасына дейін дайындалған болатын. Күдікті Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот ісі қоғамда үлкен наразылық тудырғаны сонша, гендерлік зорлық-зомбылықты шетелде де талқылауға себеп болды. Қоғамдық пікірдің жалпы бағыты – айыптау.
Біз еліміздің тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңнамасының басқа елдерден, соның ішінде дамыған елдерден айырмашылығын салыстырып көрдік. Сарапшылар адам денсаулығына қарсы жиі кездесетін төрт құқық бұзушылық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы мәлімет жинаған.
Аса ауыр қылмыс – қасақана кісі өлтіру – Қазақстан заңдарында көзделген жауапкершілік (8 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру) басқа ТМД және Орталық Азия елдеріндегі жазаларға жақын. Дамыған елдерде адам өмірінен айыру үшін қылмыстық жауапкершіліктің ауқымы кейбір жағдайларда төменгі бастапқы шекке ие болуы мүмкін 3-4 жыл бас бостандығынан айыру. Бір елдегі әртүрлі округтер немесе штаттар арасындағы көптеген ескертуді, ықтимал жеңілдететін мән-жайды және қылмыстық заңнамадағы айырмашылықты қарастыру маңызды. Еуропа елдерінде мұндай қылмыстарды қоғамдық айыптау деңгейінің жоғары болғаны сонша, тіпті заңдардың өзінде адам өлтірудің ауырлататын жағдайларда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына балама жоқ екендігі көрсетілген.
Елімізде қылмыстық жауапкершілікке тартылуы жоспарланған ұрып-соғу және жеңіл дене жарақаттары туралы дәл сол баптарға келсек, дамыған елдерде әйелдердің құқық қорғау ұйымдары мұндай шешімге қол жеткізіп қойған. Мәселен, Швецияда агрессор күйеуі әйелін ұрғаны үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл жағдайда әйел арыздан бас тартып, күйеуімен татуласса да, қылмыстық іс тергеліп, сотқа беріледі. Швед қоғамының көзқарасынша, отбасындағы зорлық-зомбылық – жеке емес, қоғамдық мәселе. Бұл елде осыдан 25 жыл бұрын «Әйелдердің жеке басына қол сұғылмаушылық туралы заң» қабылданған. Жазалаушы әрекеттерге тек дене жарақатын салу емес, сонымен қатар әйелге психологиялық зорлық-зомбылық көрсету және қаржылық қысым көрсету жатады. Швециядағы тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы тиімді жұмыс «Скандинавиялық парадокс» деп аталады. Бұл елді басқалардан ерекшелендіретін нәрсе шведтердің алдын алу шараларымен белсенді түрде айналысуы, деструктивті гендерлік модельдерге қарсы мектеп бағдарламаларын енгізу, агрессорларды ашуды басқару үшін психологиялық терапиядан өтуге мәжбүрлеу. Сондықтан бұл елде отбасыда әйелдерді өлтіру жағдайлары өте сирек кездеседі.
Көптеген дамыған елде зорлық-зомбылықтан аман қалған әйелдерді қолдаудың ұқсас негізгі шаралары бар. АҚШ, Германия, Франция, басқа да Еуропа елдерінде дағдарыс орталықтары мен баспаналар құрылып, жан-жақты қаржыландырылады. Қорғау ордерлері мен зорлық-зомбылық құрбандарына мемлекет тарапынан кеңінен қолдау көрсету тәжірибесі кеңінен таралған. Ерекше ықпал ету шараларының қатарына ер адам отбасында зорлық-зомбылық көрсеткен жағдайда оның ата-аналық құқықтарын шектеу немесе айыру жатады.
Франциялық құқық қорғаушылардың пікірінше, әйелін немесе балаларын ұрып-соққан күйеу жақсы әке бола алмайды. АҚШ-та қызықты тәжірибе енгізілді: олар тек тұрмыстық зорлық-зомбылық істерін қарайтын соттар үшін жеке санат құрды. Рас, АҚШ-та әзірге осындай 200-дей сот бар, бірақ бағдарлама біртіндеп көп штатқа таралып келеді.
Дамыған елдердегі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау тәжірибесін посткеңестік елдерден ерекшелендіретін тағы бір маңызды мәселе – кейбір Еуропа елдерінде соққы жеген әйелдің сотқа жүгініп, жұбайын ортақ үйден шығаруға құқығы бар. Оның үстіне мұндай өтініштер қысқа мерзімде қаралады. Осылайша, әйелге баспана іздеудің қажеті жоқ, ол таныс ортада қалады. Күйеуіне жақындауға және араласуға тыйым салынады. Бұл тәжірибе, мысалы, Германия мен Францияда қолданылады.
Кейінгі жылдардағы еліміздегі қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың статистикасы көрсеткендей, отбасылық жанжалдар бойынша арыз-шағымдар саны екі есеге өскен. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2018 жылы жәбірленушілер саны 23,9 мың болғанымен, кейінгі бір жылда осындай 47,6 мың әкімшілік іс тіркелген. Тұрмыстық зорлық-зомбылық денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру тұрғысында да өсті. 2018 жылы 15,5 мың болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 20,8 мыңға жетті. Бұл өсім міндетті түрде зорлық-зомбылық оқиғаларының көбеюін білдірмейді. Динамика әйелдердің өздерін және балаларын қорғау үшін полицияға жүгінуді батыл шеше бастағанын көрсетеді.
Ал әйелдердің жеке басына қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу (отбасылық жанжалдарды немесе жанжалдардың басқа түрлерін ажыратпай) көптеген ауыр қылмыстың санын азайтуға түрткі болды. Мәселен, өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында елімізде 135 әйел (2018 жылмен салыстырғанда 39%-ға аз) өлтірілген. Үкімет ақпаратына сілтеме жасаған сенатор Жанна Асанованың айтуынша, былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел қайтыс болған.
Таяуда қазақ қоғамында қауіпті гендерлік стереотиптердің таралуына ықпал ететін себептерге қатысты сараптамалық пікір жинақталды. «БҰҰ-әйелдер» ұйымының «Қазақстандағы гендерлік теңдік пен әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту туралы қоғамдық қабылдау» атты сараптамалық баяндамасы авторларының айтуынша, елдегі әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың тамыры тереңде жатыр. Сарапшылардың пікірінше, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық пен құрбанды кінәлау дегенге төзімділік жоғары.
Елімізде гендерлік зорлық-зомбылықтың таралуына ықпал ететін басқа факторлардың қатарында сарапшылар елде дағдарыс орталықтарының аздығын, ұрып-соққандар үшін жазаның тым жұмсақтығын және қорғаныс нұсқамаларының әзірленбеген механизмін атап өтті. «Ендігі ұстаным – бір рет қол көтерді ме, кет» деген көзқарас қана емес, «отбасын сақтап қалайық» деген қағиданы бекітуі керек. Осы қағиданың қажеттігі екі тараптың санасына жеткен кезде ғана отбасында зорлық-зомбылық болмайды.
АЛМАТЫ