Қысылтаяңда елдің белсенді, жанашыр, қалталы азаматтары үй-жайы су астында қалған ағайынға көмекке асықты. Еріктілер құтқарушыларға ілесіп, тасқынның алдын алу жұмыстарына араласты. Қала, аудан, ауылдардан жылу жөнелтілді. Сәуірдің басында Қырғызстан министрлер кабинетінің басшысы Ақылбек Жапаров Қырғызстан төтенше жағдайлар министрлігінің бүгін-ертең Қазақстанға гуманитарлық көмек жөнелтетінін хабарлаған. Айтса айтқандай-ақ көп ұзамай Қырғызстанның Төтенше жағдай министрлігі жөнелткен 15 жүк көлігі мен жол талғамайтын бір көлік ел шекарасынан өтті. 300 тоннаға жетағабыл жүкте су, күріш, қарақұмық жармасы, шай, қант, тағысын-тағы азық-түлік қоры болған.
Жылытқыш, кереует, шатыр және басқа да керек-жарақ тиелген. Осы мезгілде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан халқына көрсеткен көмегі үшін алғыс айтып, Түркия, Тәжікстанның мемлекет басшыларымен телефон арқылы сөйлесті.
Су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі ахуалға байланысты қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты. Бауырлас елдер су тасқынына байланысты қажетінше көмек көрсетуге дайын екенін де мәлімдеді. Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі бауырлас елдегі жағдайға алаңдаулы екенін хабарлады. Бауырлас елдер қиын-қыстау күндерде қазақстандықтармен ниеттес екенін байқатты.
Ал жақын беріде Тәжікстаннан су басқан аймақ тұрғындарына 56 вагон және 15 жүк көлігімен гуманитарлық көмек жетті. Вагонда азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауарлар, құрылыс материалдары бар. Тауардың жалпы көлемі 3 500 тоннадан асады. Тәжікстан делегациясын бастап келген қонақтарды Түркістан облысының жұртшылығы «Сарыағаш» теміржол стансасынан күтіп алып, тәжік халқына алғыс айтты. Тәжікстан тарапы Қазақстандағы ахуалға бейжай қарамай, көмек керуенін жөнелтуге асығыпты. Содан құрылыс материалдары мен азық-түлік тиелген гуманитарлық керуен әрі қарай су басқан аймақтарға жөнелтілді.
Осыған дейін Өзбекстаннан елге 15 жүк көлігімен гуманитарлық көмек жетті. Түркістан облысындағы Қонысбаев кеден бекетінен өткен көмек керуенін бастап келген делегацияны облыс басшылығы күтіп алып, көрші елдің ілтипатына алғыс айтты. Жүк көліктеріне тұрмысқа қажетті заттар мен құрылыс материалдары, төсектер, киім-кешек секілді басқа да заттар тиелген. Өзбекстаннан келген делегацияның қатарындағы Шерзодхон Қудиратходжа бауырлас елдердің ынтымақ-бірлігі ажырамасын деп қазақ халқына тілектес екенін білдірді.
– Қазір қазақ бауырларымыз табиғи апаттан зардап шегіп жатқанда біз қалай көмек көрсете аламыз, басқа түскен ауыртпалықты қалай жеңілдетеміз деп өзара ақылдастық. Қазір 300 тоннадан аса ең керекті заттарды жинап әкелдік. Мұнда азық-түліктен бастап аса қажетті құрал-жабдықтар бар. Бауырлас елдердің ынтымақ-бірлігі ажырамасын. Апаттардан аман болайық. Біз сіздермен қашанда біргеміз, – деп ізгі тілегін жеткізді делегация өкілі.
Осыдан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесіп, елдегі табиғи апатта тілеулестік танытып, көмек көрсеткені үшін Президенттің өзіне және бауырлас Өзбекстан халқына алғыс айтты.
Қысылтаяң уақытта ізгі ниетті, қамқор жандар су басқан өлкелерге қолдан келген көмегін аянып қалмады. Қалталы азаматтар бір жағына шығысып, қолдау көрсетті. Көрші елдерден де тонналап көмек керуені жетті. Әрине, апат аймақтарына мемлекет көлемінде көмек көрсетіліп жатқан соң, үй-күйсіз қалған азаматтар тасада қалмайтыны түсінікті ғой. Дегенмен қазақ халқымен ықылас-ниеті бір, достық қарым-қатынасы берік елдердің көрсеткен қолдауының жөні бөлек болады екен. Елдегі ахуалға алаңдап, көмек көрсетуге асыққан мемлекеттерге Қазақстан халқының алғысы зор.