Саясат • 24 Сәуір, 2024

Атқарушы органдарға ауыр жүк артылды

118 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су тасқынына қарсы іс-шаралар қаралды. Тұрғын үй құрылысы және проблемалық нысандарды аяқтау мәселесі де күн тәртібіне шықты.

Атқарушы органдарға ауыр жүк артылды

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Зардап шеккен отбасыларға тағы өтемақы төленеді

Отырыста әуелі Төтенше жағдай­лар вице-министрі Бауыр­жан Сыздықовтың, батыс өңір­лердің, сондай-ақ Солтүс­тік Қазақстан облысы әкімінің бол­ған жағдайға қатысты жасал­ған іс-амалдар туралы баяндамасы тыңдалды. Атқарылған жұмыс­тардың нәтижесі де айтылды.

Үкімет басшысы атап өт­кендей, елімізде су тасқыны жағ­дайы біртіндеп тұрақталып келеді. Ақмола, Ақтөбе, Қараған­ды, Қостанай және Павлодар облыстарында қауіптің беті қайт­қан. Өте күрделі ахуал қалып­тасқан Петропавл және Құлсары қалаларында су тартыла бастады. Жұмыс уақытында төтенше жағдай (ТЖ) аймақтарынан барлығы 119 мыңнан астам адам қауіпсіз аймаққа көшірілді. Осы уақытта Үкіметте, Төтенше жағдайлар министрлігінде, өңірлерде жедел штабтар тәу­лік бойы жұмыс істеп жатыр. Проб­лемалардың барлығы жергі­лікті жерде жедел қаралып, шұғыл шешімдер дер кезінде қабылданып жатыр.

Үкімет басшысы назарды су тасқыны кезінде зардап шеккендерге келтірілген шығындарды өтеу жұмыстарына аударды. Қазір 11 мыңға жуық отбасы 100 АЕК мөлшерінде төлем алып үлгеріпті.

«Зардап шеккендерге келтіріл­ген шығынды өтеу тәртібіне түзетулер бекітілді. Кеше мен тиісті қаулыға қой қойдым. 100 АЕК-ке қосымша тағы 150 АЕК-ке дейін өтемақы төлейтін боламыз. Оған адамдар тоңазытқыш, үстел, орындықтар, ыдыс-аяқ, киім-кешек сияқты жоғалған бірінші кезектегі қажетті заттарды сатып ала алады. Азаматтарға айтатыным, сабыр сақтаңыздар. Ешкім де көмексіз қалмайды Жағдай Президенттің және менің жеке бақылауымда. Сондықтан біз осы сынақтан аброймен өтеміз деп білемін», деген О.Бектенов кәсіпкерлердің де шығындары өтелетінін жеткізді.

Сонымен қатар кейбір өңірде су басу қаупі әлі де сейілмегенін атап өтті. Өзендерде су деңгейінің көтерілу фактілері тіркеліп жатыр. Осыған байланысты Төтенше жағ­дайлар министрлігіне әкім­дік­термен бірге су тасқынына бай­ланысты жағдайға бақылауды күшей­туді жалғастыруды, қажет бол­ған жағдайда шұғыл әрекет етіп, халықты қауіпсіз орынға көшіруд­і қамтамасыз етуді тапсырды.

«Өңір әкімдіктері су басқан үй­лерді, ғимараттар мен нысан­дарды тез арада техникалық тек­серуді аяқтасын. Су кеткен жерлерде көпке созбай, тасқыннан кейінгі тазарту, дезинфекция­лау және қалпына келтіру жұ­мыс­тарын бастау қажет», деді Премьер-министр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне тұрғын үйлерді, әлеуметтік және инженерлік инф­рақұрылымды қалпына кел­тіру бойынша жергілікті жердегі барлық жұмысты үйлестіру үшін жедел топ құру тапсырылды.

«Құрылыс және жөндеу жұмыстарының нақты жоспары қажет. Бұл жағдай бізге инфрақұрылымды жаңартуға, елді мекендерді көріктендіруге жаңаша көзқарасты қалыптас­тырады. Оның үстіне Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Таза Қазақстан» ауқымды акциясы басталды. Баршаңызға Президенттің сөзін естеріңізге салғым келеді. Бұл бірреттік акция немесе науқан емес, тұрақты жұмысқа айналуы керек. Бұл елді мекендерді көріктендіруге қатысты жаңаша көзқарас қалыптастырады», деді ол.

 

Пәтер кезегіне қою реттеледі

Премьер-министр Үкімет отырысында тұрғын үй құрылысы және проблемалық объектілерді аяқтау шаралары бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдерінің баяндамасын тыңдады. Ол Үкімет алдына биыл тұрғын үй құрылысына қатысты көптеген маңызды міндет қойылғанын айтты. Бұл – рекордтық 18 млн шаршы метр тұрғын үйді тапсыру, Мемлекет басшысының жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосу туралы тапсырмасын жүзеге асыру, сондай-ақ үлестік құрылыс пен заңсыз құрылыстың қордаланып қалған проблемаларын түпкілікті шешу.

Үкімет басшысы қазір 650 мыңнан астам адам пәтер кезе­гінде тұрғанына назар аударды. Былтыр өңір әкімдіктері тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтініш берушілердің талаптарға сәйкестігін тексеру бойынша жұмыстарын бастады. Мысалы, Ақмола облысында баспана кезегінде тұрғандардың ішінде талаптарды бұзған 16 мыңға жуық азамат, ал Шымкент қаласында 36 мыңнан астам адам анықталған. Бірақ олардың аз ғана бөлігі кезектен шығарылған.

Премьер-министр әкімдік­терге тізімдерді бірінші жар­тыжыл­дықтың соңына дейін өзектендіруді және тұрғын үй бағдарламасының іске асырылуына мониторинг жүргізуді тапсырды.

«Барлық әкімдік осы тізімдер­ді қайта қарап, жұмысты бірінші жартыжылдықтың соңына дейін аяқтауы қажет. Бәрі белгіленген ережеге сай болуға тиіс. Кезекке қабылдауды ашық әрі бәріне түсінікті етіп жасау керек. Сондай-ақ тізімге енгізілген адамдарға нақты мониторинг жүргізілуге тиіс», деді О.Бектенов.

 

Құрылыс компанияларына талап қатаңдатылады

Жаңа ипотекалық бағдарла­маны іске қосу және жылжымайтын мүлікке сұранысты ынталандыру үшін жалға берілетін тұрғын үй тетігін іске асыру жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды. Биыл Мемлекет басшысы Үкімет алдына еліміз бойынша 18 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді қамтамасыз ету міндетін қойды.

Президент алға қойған мін­деттерді орындау аясында «Отбасы банкі» биыл 1 наурыздан бастап «Отау» бағдарлама­сын іске қосты. Шарттарға сәйкес, ел тұрғындары Астана мен Алматы қалалары үшін – 30 млн, басқа өңірлер үшін 18 млн теңге көлеміндегі пәтерлерді жылдық 9%-бен және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін 7%-бен ресімдей алады.

18 сәуірдегі жағдай бойынша банк бағдарламаға қатысуға 18 729 өтінім қабылдады. Жылжымайтын мүлік бағасының өсуін тежеу үшін құрылыс салушыларды «Баспана Маркет» платформасында орналастыру кепіл құны келісілгеннен кейін ғана жүзеге асырылады.

Жаңа тұрғын үй бағдар­лама­ларын іске қосу жылжымай­тын мүлікке сұранысты арт­тыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте Өнеркәсіп және сауда ми­нистрлігіне Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, бір ай мерзімде жылжымайтын мүлік және құрылыс материалдары нарығында дүрбелеңге жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.

Үкімет басшысы назар аударған маңызды мәселе – салынып жатқан құрылыстың сапасы. Жалға берілген тұрғын үйге қоныстанғаннан кейін кездесетін мәселелерді құрылыс салушылар шешуі керек.

«Тағы бір маңызды мәселе – құрылыстың сапасы мен оның заңнамаға сәйкес болуы. Құрылыс компаниялары өздеріне алған міндеттемені толық орындауға және құрылыстың сапасын қамтамасыз етуге міндетті. Қандай да бір кемшіліктер анықталса, оларды тез арада жойып отыруы керек. Өнеркәсіп министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде заңсыз құрылыс жүргізгені үшін құрылыс компаниялары мен лауазымды тұлғаларға ықпал ету шараларын қатаңдату жөнінде заңнамалық түзетулер әзірлесін. Оларды Құрылыс кодексінің жобасына енгізу қажет», деді О.Бектенов.

 

Үйлер мерзімінде тапсырылуға тиіс

Премьер-министр ұзаққа созылған құрылыс мәселесін шешу және тұрғын үйлерді уақтылы пайдалануға беру үшін құрылыстың заңдылығына тиімді бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазіргі уақытта елімізде 39 про­блемалық нысан бар. Олар бойынша алданған үлес­керлер жылдар бойы соттасып келеді. 340-қа жуық тұрғын үй кешені заңсыз салынып жатыр және ұзақмерзімді құрылыс санатына түсу қаупі бар.

«Өнеркәсіп министрлігі өңірлермен бірлесіп, 1 маусымға дейінгі мерзімде салынып жат­қан барлық объектідегі құрылыс жұмыстарының заңдылығы мен құжатына ревизия жүргізуі қажет. Оның қорытындысы бо­йынша бір айдың ішінде осы­ған дейін қабылданған Проблема­лық объектілерді аяқтау жөнін­дегі жол картасын өзектендіру керек. Ең бастысы барлық үйді мерзімінде тапсыру үшін қатаң бақылауды қамтамасыз ету қажет», деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар өңір әкім­діктеріне коммуникация­ларды жүргізу, әлеуметтік инф­рақұрылыммен қамтама­сыз ету және басқа да ең өзекті мәселелерді тиімді шешу үшін елді мекендердің перспектива­лы дамуына талдау жүргізу тапсырылды.

Сонымен бірге, табиғатты қорғау және сейсмикалық қауіп­ті аймақтардағы құрылыс мәселесіне де ерекше назар ауда­рылды. 2023 жылғы тексеру қорытындысында Алматыда негізінен тау бөктерінде құрылыс кезінде 150-ден астам бұзушылық фактісі анықталған. Сейсмика­лық аймақтардағы құрылыс бақылауын күшейту мәселесі Үкіметтің назарында қалады.