Волонтер • 24 Сәуір, 2024

Еріктілер күш біріктірді

162 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Республикалық волонтерлер штабының алаңында жастар ұйымдарының жетекшілері бас қосты. Бүгінде мыңдаған волонтер еліміздің барлық аймағында су тасқынынан зардап шеккен адамдарға қол ұшын созып жүр. Волонтерлер тұрғындарды эвакуациялау, гуманитарлық көмек жинау және үлестіру, құтқарушыларға жәрдемдесу жұмысына жұмылдырылды, деп жазады Egemen.kz.

Еріктілер күш біріктірді

«AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек су тасқыны басталғалы бері партиялықтар мен «Жастар Рухының» белсенділері зардап шеккен адамдарға көмек көрсету жұмысына бірден қосылғанын айтты.

«Мемлекет басшысы әр азаматтың шынайы отаншылдығы нақты іс жүзінде байқалып жатқанын айтқан еді. Президенттің үндеуімен, еліміздің түкпір-түкпіріндегі волонтерлер су басқан қалалар мен ауылдарға аттанды. Өйткені – өзгенің қайғысы деген ұғым жоқ. Олар гуманитарлық көмек жеткізіп, жағалауларды нығайтып, бөгет тұрғызып, құтқарушыларға ас-ауқат ұйымдастырып жатыр. Бүгінде волонтерлер қозғалысы қуатты қоғамдық күшке айналды», деді ол.

«AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы партияның ел аумағындағы филиалдары жанынан гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашылғанын айтты. Бір айға жетер-жетпес уақытта 4000 тоннаға жуық азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық керек-жарақтар, құрылыс материалдары және өзге де қажетті заттар жиналды. Ал Атырауда партияның бастамасымен ұзындығы 22 шақырымды құрайтын бөгет құрылысы аяқталып жатыр. Оған 1,3 мың жұмысшы, 120 бірлік техника жұмылдырылды. Бөгетті 6 метрге дейін биіктету жұмысы басталды.

7 сәуірде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің бастамасымен су тасқынына қарсы күрес жұмысы аясында Республикалық волонтерлер штабы құрылды. Оған еліміздегі ірі республикалық жастар ұйымдары мен қоғамдық қорлары қосылды. Бұл жұмысты «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты үйлестіреді.

«Бүгінде осы ұйымдардың 50 мыңға жуық мүшесі мен волонтері зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын созып жүр. Құтқарушылармен тең дәрежеде көмек көрсетіп, алғы шепте жүрген жастар саны үнемі артып келеді. Жергілікті органдар мен волонтерлер тығыз жұмыс істеуде. Басты міндет – зардап шеккен барлық адамға барынша жедел көмек көрсету», деді «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова.

Өз кезегінде, заңгер Ақерке Күнғазықызы зардап шеккен адамдардың жоғалған құжаттарын рәсімдеуге және олардың өтемақы алу үшін өтініш беруіне көмек көрсетуді ұсынды. Айта кетейік, дәл осы мақсатта партияның «Құқықтық көмек» жобасын жүзеге асыру жұмысы жалғасуда. «AMANAT»-тың өңірлік қоғамдық қабылдау бөлмелері Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы эвакуациялау пункттерінде 10 рет көшпелі қабылдау өткізді. Соның аясында 1160 адам консультативтік-құқықтық көмек алды.

Осы орайда «Қазақстан Жастар Конгресінің» атқарушы директоры Бақдәулет Жанділдаев ТЖ кезіндегі волонтерлер мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимыл алгоритмін әзірлеу туралы бастама көтерді.

Қазақстан студенттері Альянсының төрағасы Ұлан Наукен студенттік қоғамдастық Атырау қаласының маңындағы жағалауды нығайту жұмысына белсенді атсалысып жатқанын айтты. Оның айтуынша, табиғи апат аяқталғаннан кейін волонтерлерді құм салынған қаптардан тұрғызылған уақытша бөгеттерді алып тастау жұмысына жұмылдыру қажет.

Сондай-ақ іс-шараға «Медицина жастарының» төрағасы Абылайхан Әбдіраш, «Ассамблея жастарының» төрағасы Тимур Жұмырбаев, Ұлттық волонтерлік желі басшысының орынбасары Айбек Досымбетов, «Dauletten qory» қайырымдылық қорының директоры Жасұлан Қуандық, «Ауыл» ХДПП «Ауыл жастары» жастар қанатының төрағасы Дәурен Рахымбек, ҚРКФ жанындағы «КЕЛЕШЕК» республикалық жастар кеңесінің төрағасы Аян Сәлімгіреев, «Biz Birgemiz» қорының төрағасы Перизат Қайрат қатысты.