Балалар • 24 Сәуір, 2024

Балалардың жазғы демалысын білім басқармаларының басшылары ұйымдастырады

174 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Оқу-ағарту министрлігінің аппараттық кеңесінде өңірлік білім басқармалары, ведомстволық бағынысты ұйымдар мен әдістемелік кабинет басшыларының қатысуымен балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Балалардың жазғы демалысын білім басқармаларының басшылары ұйымдастырады

Фото: gov.kz

Оқу-ағарту министрлігі ІІМ, ДСМ, ТЖМ, МАМ, ТСМ, ҒЖБМ, ЕХӘҚМ және ЭТРМ-мен бірлесіп заңнамалық нормаларды, бағдарламаларды, сондай-ақ мониторинг пен бақылауды қамтитын іс-шаралар жоспарын қабылдады. Биыл бірінші рет лагерьлер үшін бірыңғай талаптар әзірленді, қосымша білім беру саласындағы еріктілер мен педагогтер жұмысқа тартылды, лагерьлерді қабылдау мен нұсқама өткізудің республикалық мониторингі құрылды. Сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдары бекіткен балаларды сауықтыру орталықтарының тізілімі жолданды.

«Балалардың қауіпсіздігін басты назарға ала отырып, жазғы демалысты өткізу мәдениетін қалыптастыру қажет. Сондықтан әріптестер, балаларды қорғау шараларын қатаң бақылауға алып, жұмысты күшейту керек. Сіздерге тиісті әдістемелік құралдар мен алгоритмдер жолданды. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда білім басқармаларының басшыларына жеке жауапкершілік жүктеймін», деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Биылғы барлығы 3,1 млн баланы, яғни оқушылардың 88,2%-ын демалыспен қамту жоспарланып отыр. Олар үшін 10 630 демалыс орталығы әзірленді.