Жуырда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басшылығы оқу маусымының аяқталу кезінде бір топ студенттерді үлкен қуанышқа бөледі. Яғни, осы оқу орнында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан шыққан, оқу үлгерімі үздік деп танылған студенттерге тегін білім беру гранттары мен арнайы стипендиялар тапсырды.
Өз студенттеріне әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету мақсатында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті көптеген ірі компаниялармен, кәсіпорындармен өзара әріптестік орната отырып, үздік оқитын студенттерге арнайы грант бөлу сияқты сауабы мол, өзгелерге үлгі боларлық іс-шараны өткізді.
Еліміздің ірі кәсіпорындары мен ұйымдары бөлген тегін білім беру гранттары Еуразия ұлттық университетінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан, оқу үлгерімі үздік, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын, өз қатарының алды болып жүрген 50 студентке берілді. Сондай-ақ 20 студентке Ақтөбе облысының әкімі тағайындаған білім беру гранттары тапсырылды. Мұндай игі бастамаға Ақтөбе облысының әкімдігі, Еуразия ұлттық университеті мен “Нұр Отан” ХДП қолға алған арнайы жоба аясында жүзеге асып отырған жұмыстар мұрындық болып отыр.
Гранттарды табыс ету салтанаты аяқталғаннан кейін студенттерге жолығып, олардың лебіздерін тыңдаған едік. “Мұндай бақытқа кенелгенімізге өте қуаныштымыз. Біздің тегін оқуға қол жеткізгенімізді естіп ата-аналарымыз, бауыр-туыстарымыз қуанып отыр. Мұны, әрине, еліміздің бізге сеніп тапсырған үкілі үміті деп қабылдаймыз. Мемлекет тарапынан халыққа, соның ішінде студенттерге ерекше жағдайлар жасалынып жатыр. Бізге мемлекет өзінің берерін берді, ендігі кезек, біз елімізге, мемлекетімізге, халқымызға не береміз деген сұрақ төңірегінде ойланып, осы бағытта ерінбей еңбек етіп, ел болашағына өз үлестерімізді қосуымыз шарт. Бұл – адамдық та, азаматтық борышымыз” – деді ІІ курс студенті Данара Оспанова.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.