Дәстүр • 25 Сәуір, 2024

Салбурын

163 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Салбурын – саятшылық және аң аулау кәсібінің бір түрі. Аңшылық маусымы кезінде аңшылар топталып, аңы мол жерлерге сапар шегеді. Сартабан, сарытұғыр қырандар мен арқалы құр ат, түзу мылтық түгел сайланады. Аңкөс жандар, бапкер құсбегілер, саңлақ саятшылар, құралайды көзінен ататын мергендер, тәжірибелі қағушылар, елгезек атшы-қосшылар бәрі болады.

Салбурын

Бүркіттің күйі мен ба­бы салбурында аңға салғанда айқында­ла­ды. Сондықтан кәнігі құсбегі­лер ұядан алған қолбала құ­сын күн сайын үзбей аңға жібе­ріп, оның ұшып баруын, аңға түсуін, күйін қадағалап, қа­лай баптау керек екенін мөл­шер­лейді.

Бұлардың ішінде әнші, күйші, жыршылар да жүреді. Бір топта он-он бес бүркіт, жиыр­ма-отыз адам болуы да мүм­кін. Олар ел-жұрттан ау­лақ иенге шығып, қос тігіп, айлап, кейде бірнеше айлап (әдет­те қарашадан ақпанның аяғына дейін) жатып, аң аулай­ды. Күндіз жан-жаққа бытырап, аң аулауға кетеді де, кеш­кі­­лік қосқа жиналады. Бір жа­ғын­да ауланған түлкі, қарсақ, қас­қырдың терісіне шөп, сабан ты­ғылып жатса, екінші жақта қо­ңыр аңдар (бұғы, марал, ар­қар) сойылып, табақ-табақ қа­ра қуыр­дақ, ет тартылып жа­­тады. Құрт, сүзбе қа­тық қо­сыл­ған қар­сақ жон сорпаны аяқ-аяғы­мен сіміріседі. Ат-көлік отқа қо­­йылады, бүркіт бап­талады.

Бүркітті қалай күтімге алып, аңға салу керектігі жастарға үйретіледі. Сал­бу­­рынға шығушылар әңгіме-дү­кен құрып, әзіл-сықақ айтысып, бір-бірімен құсбегілік тәжірибелерімен бөліседі. Қоңыр аңның етін жеп, қымбат терілерін алып, шипалы дәрі-дәрмек, шөп-шаламын артып, әрі саяхат, әрі сау­да жасау – өзінше бір ғанибет.

Ілгеріде салбурынға аң қ­ағу­шы­лармен бірге ізші, мергендер, тіптен әнші-күй­ші, кө­ңіл кө­теретін ақын, сал-сері қатарлы серуендеп демал­ғысы келетін, құсбегілікті қызық­тай­тын адамдар бірге ат­та­натын болған. Жалғыз-жарым аңшы­лық­тан гөрі ру-тайпа, ауыл-ай­мақ болып са­­хараға аңға шы­ғып, байтақ алқап­ты қаумаласа сүзетін дәс­түр қалыптасқан.

Мұндай жойқын аңшы­лықтың сорабы – Үстірт­тегі «құ­пия сызық» аталып жүр­­­ген әйгілі қалта ауыз ұра қаз­бала­ры. Не­месе кезінде Ш.Уә­­лиханов тамсана жаз­ған, ізі күні бүгін сайрап жатқан Іле мен Тарбағатай арасындағы үлкен ұра ұлы аңшылық сал­бурынның ізі деуге саяды. Ер­­теректе салбурынға қыстық соғымға ет да­йындау үшін, ал соғыс пен ашаршылық кез­дерінде тамақ қорын қам­дау мақсатында шық­қан. Сал­бурында ауланған аңды қа­тыс­қан адамдар тең бөліп ала­ды. Ал ауылға кел­генде «аң­шы­дан сыралғы, батырдан ол­жа» дәмету салты бар.