Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Мәдени мәжілістің алғашқы құттықтау сөзін Ұлттық музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева жеткізді. Сонымен қатар аталып отырған іс-шараның саяси және мәдени маңыздылығына тоқталып, түркі құндылықтарының атамекенде, яғни қазақ даласында тоғысып, түгенделуі тарихи әділеттілік екенін атап өтті.
Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу тарихы ортақ екі халықтың келешегі де бір боларына сенімін білдірді. «Түркі халықтары алып бәйтеректің бұтақтары іспетті. Бәріміз бір тамырдан нәр алып жатырмыз. Сол себепті қос мемлекеттің рухани байланысына үнемі күш салып, ортақ құндылықтарды зерттеп, зерделеу – біз үшін үлкен қуаныш. Осы орайда түрік көсемі Мұстафа Ататүріктің мына нақылы ойға оралады: «түрік баласы өзінің ата-бабасын танып-білген сайын, жаңа істерді қолға алуға күш қуат, құдірет табады». Сондықтан өткенге өкше тіреп, болашаққа бағдар жасау бауырлас мемлекеттердің басты парызы деп есептейміз», деді М.Капуджу.
Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов Оғыз мемлекетінің тарихи ескерткіштеріне тоқталып, қазақ-түрік халықтарының ортақ мұралары мен құнды жәдігерлерін сақтау маңыздылығы турасында сөз сөйледі.
Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова қос ел арасындағы Қорқыт атадан Мағжанға дейінгі әдеби-мәдени байланыс бүгінгі күннің биігінен одан сайын бекіп жатқаны көңілге зор қуаныш сыйлайтынын жеткізді.
Әрі қарай орта ғасырдағы оғыздар тарихын зерттеушісі, Докуз Эйлүл университетінің жалпы тарих кафедрасының профессоры Еркан Гөксу сөз алды. «Қазақ даласында сақтар мен ғұндардан бастап, шығыстан батысқа қоныс аударған барлық ру-тайпа мекендеген. Олардың ішінде түрік дәулетінің іргесін қалаушы оғыз халқы бар. IX-X ғасырдағы араб географтары бүгінгі Қазақстанның батыс және оңтүстік облыстарын, Үстірт және солтүстік Арал аумақтарын – оғыз түріктерінің Отаны деп жазып қалдырған. Ел астанасы Жанкент қаласынан аттанған оғыз халқы ғасырлар сынынан аман өтіп, қазір тәуелсіз Түркия Республикасы болып өз өміршеңдігін сақтап келеді. Арада қанша оқиғалар өтсе де, түрік елі атажұрты мен бауырларын ешқашан ұмытпайды», деді ол.
Орайлы тұста көрмеге қатысушы Қызылорда облысы тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлаудан Сыр өңіріндегі қазба орындары қаншалықты қорғауда екенін сұрап білдік. Оның айтуынша, оғыз қалаларының көбісі шикі кесектен салынғаннан кейін, оны қалпында сақтау қиынға соғады. Сол себепті археолог мамандар көне шаһарларға кешенді реставрация жасауды жоспарлап отыр. Бұған қоса таяу арада ашық аспан астындағы музей де ашылатынын жеткізді.
Іс-шара әрі қарай «Қазақстанның түрік-оғыз мұрасы: мәдени құндылықтар және уақыт керуені» атты халықаралық ғылыми семинарымен жалғасын тапты.