Берденбек Еділхан – Жәйремнің тумасы. Ол 2012 жылдан бері жеке кәсіппен айналасады. Кәсібінің бағыты әр алуан. Жүк тасымалы да, мал шаруашылығы да бар. «Еңбек еткенге нәсіп мол» дейді ол. Он шақты жылдың аясында кәсібін дөңгелете білген Берденбек осыдан үш жыл бұрын кенттегі бұрынғы «балабақшаны» сатып алды. Бұл жерде балабақша сөзін тырнақшалап отырғанымыз бекер емес, өйткені, 90-жылдардың жойқын жекешелендіруі тұсында жекенің қолына өтіп, содан әбден тозған нысанның қаңқасы ғана қалған еді. Кәсіпкер сонда не үшін қызықты екен?
– Бұрынғы балабақша орнына жаңасын орнатқым келді. Сөйтіп, соған дейінгі жиған-тергенімді жұмсап, құрылыс жұмысын бастап жібердім. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген емес пе? Нысанның бір басына шағын-маркет орналасты. 2023 жылы кентімізге облыс басшысы келгенде өзімнің балабақша туралы ойымды айтып едім, ол кісі толық қолдау танытты, – дейді Б.Еділхан.
Ол балабақша атауын «Ажар» деп атады. Бұл сөзде көп мағына бар. Ең бастысы, «Ажарымыз ашық болсын» деген мақсат-мұрат жатыр атаудың астарында.
Балабақша 125 орынға арналған. 20 маман жұмыспен қамтылған мұнда 2-5 жас аралығындағы балдырғандар тәрбиеленеді. Ғимарат балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін заманауи даму аймақтарымен, STEM кабинетімен, хореография залы және емдік тұзды бөлмемен жабдықталған.
«Ажардың» тағы бір ерекшелігі, мұндағы әр топтың өз атауы бар. Айталық, «Алаш», «Абай», «Ыбырай», «Қаныш» деген тәрізді.
– Маған мұндай ақыл -кеңес берген Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ақатай. Ұлттық құндылықтарды балалардың бойына жастайынан сіңіре білу – басты мақсат. Ендеше, топ атауларын ұлттың ұлы тұлғаларының есімдерімен атап, олардың өнегелі өмір жолын балаларға неғұрлым кеңірек түсіндіре беретін болсақ, ұтарымыз болмаса ұтылысымыз бола қоймас, – деген Берденбектің сөзі оның бала тәрбиесіндегі жан-жақты ізденісін көрсетеді.
Мемлекет әрқашан кәсіпкерліктің дамуына, кең қанат жаюына мүдделілік танытып келеді. Бұл бекерден-бекер емес. Өйткені шағын және орта кәсіпкерлік дамыған сайын еліміздегі кез келген сала дами түседі. Берденбектің балабақшасы соның бір айғағы тәрізді.
Ұлытау облысы,
Жәйрем кенті