Фото: uralskweek.kz
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда су саласы мамандарын даярлау желісін кеңейту жоспарланып жатыр. Бүгінгі таңда бұл бағытта еліміздің төрт макроөңірі таңдалды. Онда экономика салалары бойынша, оның ішінде су саласының болашақ мамандарын даярлайтын тірек колледждер құрылады.
2024-2025 жылдары «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану», «Гидротехникалық мелиорация» және «Гидротехникалық құрылыс» және т. б. мамандықтар бойынша техникалық және кәсіптік білім беруде мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту жоспарланып отыр.
Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов осы мәселеге қатысты жасаған мәлімдемесінде: «Оңтүстік макроөңірдегі техникалық және кәсіптік білім берудің бас тірек ұйымы ретінде Шымкент қаласындағы Манап Өтебаев атындағы жаңа технологиялар жоғары колледжі таңдалды. Мұнда «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану» мамандығы бойынша кадрлар даярланады. Студенттерге өндірістік практикадан өту мүмкіндігі беріледі, ал арнайы пәндер педагогтері мен өндірістік оқыту шеберлері үшін біліктілікті арттыру курстарын өткізу жоспарланған. Сондай-ақ өндірістен мамандар тартуды жоспарлап отырмыз», деді.
Қазір негізінен еліміздегі бес колледж су саласының мамандарын даярлайды. И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі, Мақтаарал аграрлық колледжі, Түлкібас агробизнес және туризм колледжі, Үшқоңыр су шаруашылығы колледжі және Манап Өтебаев атындағы жаңа технологиялар жоғары колледжінде гидрогеология саласының 300-ге жуық болашақ маманы оқиды және олардың 90%-ы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алады.