Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Еліміздегі қазақтардың жалпы саны алғаш рет 14 миллион адамнан асып, 2024 жылдың басында 14 220 000 адамға жетті. Осылайша, тәуелсіздік жылдарында еліміздегі қазақтар саны екі еседей өсті. Бұл ретте 1989 жылғы Кеңес одағындағы соңғы халық санағының дерегі бойынша қазақтардың үлесі 39,7% болғанын айта кеткен жөн.
Ұлттық статистика бюросының жақында жариялаған мәліметінде ел өңірлеріндегі этностардың үлесі де көрсетілген. Мәселен, 5 өңірде қазақтардың үлесі 80%-дан асады: Астана – 81,63%, Ақтөбе облысында – 85,5%, Маңғыстау облысында – 91,46%, Атырау облысында – 93%, Қызылорда облысында – 96,2%. Тағы 8 өңірде қазақтардың саны елдегі орташа көрсеткіштен көп. Жалпы, орыстар басым этнос болып келетін Солтүстік Қазақстан облысынан басқа барлық өңірде қазақтардың саны көпшілікті құрайды.
Статистикада еліміздегі екінші көп этнос орыстар болып отыр. Олардың саны – 2 983 317 адам. Осы орайда орыс этносының үлесі бір жылда 15,18%-дан 14,89%-ға дейін қысқарғаны байқалды. Еліміздегі басқа славян этностарымен қатар орыстардың саны да азайып келеді.
Үшінші ірі этностық топ – өзбектер. Олардың саны – 660 564 адам. Бұл – жалпы халықтың 3,3% үлесі. Осы көрсеткіш бір жылда 3,25%-дан өсті.
Саны бойынша төртінші орындағы украиндар 375,9 мың адамды құрайды. Олардың үлесі өткен жылдың басындағы 1,92%-дан 2024 жылдың басында 1,88%-ға дейін қысқарды.
Этностық құрамда бесінші орындағы ұйғырлардың саны 301,6 мыңға жетті. Ал басқа этностардың үлесіне келсек, немістер – 1,12%, татарлар – 1,11%, әзербайжандар – 0,76%, корейлер – 0,60%, түріктер – 0,45%, дүнгендер – 0,42%.